Саясаттанушы Марат Шибутов: Ата Заңның жобасы бүкілхалықтық референдумға шығаруға дайын деп санаймын

Бүгін, 17:08 / Дана Ізтілеуова

Саясаттанушы Марат Шибұтов болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайды тарату мүмкіндігі туралы конституциялық норманы неғұрлым егжей-тегжейлі тұжырымдауды ұсынды. Ол өз пікірін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Марат Шибұтов Құрылтай бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауды келісуге құқылы екенін айтты. Олардың қатарында Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі бар. Яғни, қазіргіден әлдеқайда көп.

Марат Шибұтов Парламентті тарату тетіктерін неғұрлым икемді және ымыраға келуге мүмкіндік беретіндей етуді ұсынды.

«Таратады» деген сөздің орнына мен үзілді-кесілділікті алып тастап, келісімге келу мүмкіндігін қалдырып, «таратуға құқылы» дегенді қолдануды ұсынамын. Бұл «Президент» бөліміндегі 46-баптың 2, 4, 8-тармақтарына және «Құрылтай» бөліміндегі 62-баптың 1, 2-тармақтарына қатысты. Осылайша, біз саяси жүйені икемді және ымыраға келуге бейім етеміз. Құрметті Комиссия, менің ұсынысымды қолдауды сұраймын», – деді ол.

Саясаттанушы сондай-ақ ҚР жаңа Конституциясына ұсынылған әрбір тұжырым Конституциялық комиссияда қызу талқылаудан өтіп, ашық қоғамдық бағалаумен сүйемелденгенін атап өтті.

«Бұл күрделі, кейде ыңғайсыз, бірақ адал үдеріс болды. Нәтижесінде, қазіргі кезеңде бізде түрлі сала сарапшыларының бірлескен еңбегі мен әртүрлі ұстаным, тәжірибе мен дүниетанымының нәтижесі болып табылатын жоба бар. Сондықтан да Ата заң жобасы жалпыхалықтық дауыс беруге шығаруға дайын деп санаймын», – деп қорытындылады Марат Шибұтов.