Шағын мектептер жабылмасын десек...

Шағын мектептер жабылмасын десек...

Шағын мектептер жабылмасын десек...
ашық дереккөзі
Павлодар қаласында ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыс басшылығы мен аймақ активі қатысты деп хабарлады 24.kz арнасы. Шараны ашқан комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білім жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойғанын атап өтті. Мақалада ұсынылған идеялар, оның ішінде ерекше орын алатын «білімнің салтанат құруы» идеясы еліміздің мектептерінің келбетін өзгертуге тиіс. Б.Әйтімова жиналғандардың назарын Мемлекет басшысының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деген сөзіне аударды. Сенат депутаттары алдында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев баяндама жасады. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері де аймақты аралаған екі күннен кейінгі өздерінің көрген-түйгендерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, депутат Владимир Редкокашин көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан шағын мектептердің проблемаларын шешу қажеттігін атап өтті. «Мектептерді оңтайландыру - өте жағымсыз құбылыс, тіпті шалғайда жатқан елді мекендерде де мектептердің жабылуына жол бермей сақтап қалу қажет», - деді сенатор В.Редкокашин. Депутаттар Әли Бектаев пен Нұрлан Қылышбаев мұндай мектептерді мамандармен және қаржылай қамтып, бірнеше пәндерді үйлестіре оқытып жүрген мұғалімдерге еңбекақы төлеудің қағидаларын қайта қарауға шақырды. Сапар барысында депутаттар 40-тан астам қала және ауыл мектептерінің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.