«BIR TOLQYNDA»: жас көшбасшылар жаңа Конституция жобасын талқылады

Бүгін, 10:09 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Amanat париясынан

Астанада «AMANAT» партиясының «BIR TOLQYNDA» диалог алаңының «Конституциялық реформалар және жастар диалогы» тақырыбындағы отырысы өтті. Жиын барысында жаңа Конституция жобасы талқыланып, еліміздегі ауқымды реформалардың мәні мен маңызына назар аударылды.

Іргелі іс-шараға Мәжіліс депутаттары, партия қызметкерлері, еліміздің 20 өңірінен келген «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағалары, Астана қаласының белсенді жастары мен студенттері қатысты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасының ең маңызды тұстарына арнайы тоқталып,  нақты міндеттемелерге назар аударды.

«Білім, ғылым және инновацияны қолдау бойынша жаңа әрі нақты міндеттеме енгізіліп отыр. Адами капиталды дамыту ең басты орынға шықты. Бұл маңызды ұстаным қабылданса, Қаржы министрлігінің ғылым мен білімге бюджетті қысқарту туралы кез-келген уәжі енді жай ғана мемлекеттік бағдарламаға қарсы емес, тікелей Конституцияға қарсы шыққан болып табылады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Халық қалаулысы жоғарыда аталған барлық қағидаларды біріктіретін бір үлкен ортақ идея бар екеніне, ол – Әділетті Қазақстан және заң мен тәртіп қағидаты екеніне тоқталды

«Әділеттілік болмаса, тұрақты дамыған қоғам болмайды. Заң мен тәртіпсіз әділеттілік орнамайды», – деп түйіндеді депутат.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мадина Нұрғалиева жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарына мән берді.

«Жаңа Конституция жобасында адами капиталға және азаматтардың жетістіктеріне ерекше назар аударылып отыр. Бұған қоса, білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияға баса мән беріліп, жаңа құжаттың басты идеясы ретінде айқындалуда. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуы жағдайында дербес деректерді, азаматтардың құқығын қорғау бағытында атқарылып жақтан ауқымды жұмыс күшейтіледі. Жаңа стартаптарды қолға алып, инновацияларды енгізуге, креативті шешімдер ойлап табуға да мән берілуде», – деді Мадина Нұрғалиева.

Осы орайда, танымал тележүргізуші, «ORDA FM» радиосының директоры Айкерім Есенәлі елімізде заңмен негізделген тұрақтылыққа қадам жасалып жатқанын атап өтті.

«Мемлекетіміздің айналасындағы геосаяси құбылыстарды, әлемдегі жалпы ахуалды, жаһандану кезеңінде адамдардың идеологиялық бірізділігі жоғалғанын, бәсекелестіктің артып тұрғанын ескеретін болсақ, жаңа Конституция жобасын әзірлей отырып, біз қазір заңмен негізделген тұрақтылыққа қадам жасап жатырмыз. Бұл – үлкен саяси трансформация. Экономикалық, ғылыми және әлеуметтік тұрақтылыққа осы жаңа Конституция жобасы негіз болатыны анық. Сондықтан жаңа құжатты жан-жақты талқылап, ой елегінен өткізу – аса маңызды», – деді Айкерім Есенәлі. 

Бұл ретте, «Жастар Рухы» қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, осындай форматтағы талқылау жұмысы ел аумағында белсенді жүргізілуде.

«Жаңа реформалар мемлекеттің саяси архитектурасын жаңартуға, билік институттарының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Жақында ғана Қарағандыда, Павлодарда  өткізілген диалог алаңдарында жаңа Конституция жобасы, оған енгізілетін өзгерістер және аймақтағы күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды. «Жастар Рухы» үшін елде және қоғамда болып жатқан өзгерістерге жастардың белсенді араласуы, өз көзқарасын еркін білдіруі – негізгі басымдықтардың бірі», – деді Ақерке Искандерова.

Сондай-ақ басқосу барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов және жиынға қатысушылар жастармен ашық пікір алмасып, конституциялық реформалардың маңызы жөнінде ой бөлісті. Диалог алаңында жастар қауымы өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, толыққанды жауап алды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасын қоғамда кеңінен талқылаудың және жастар арасында түсіндіру жұмысын жалғастырудың маңызын атап өтті.