Дені сау адамдардың қан қысымына кофе айтарлықтай әсер етпейді, ал ауыр гипертония кезінде белгілі бір қауіптерді күшейтуі мүмкін. Кофе адам өміріне шамамен 600 жыл бұрын енген. Қазір әлемде бір адамға шаққандағы орташа тұтыну жылына 2 келіге жуықтайды. Кофе қан қысымын қысқа мерзімге көтеруі мүмкін, бірақ бұл жоғары қысымы бар адамдарға одан толықтай бас тарту керек деген сөз емес. Ең бастысы – шамадан аспау, деп хабарлайды turkystan.kz pubmed.ncbi.nlm.nih.gov-ке сілтеме жасап.
Қан қысымы – қанның тамыр қабырғасына түсіретін күші. Ол екі көрсеткішпен өлшенеді: систолалық (жүрек жиырылған сәтте) және диастолалық (жүрек босаңсығанда). Қалыпты деңгей – 120/80 мм сын. бағ.-нан төмен. Ал 140/90 және одан жоғары көрсеткіштер гипертонияны білдіреді. Қиындығы – жоғары қан қысымының көбіне белгісіз өтуі. Бірақ ол инфаркт, инсульт және бүйрек ауруларының қаупін күрт арттырады. Бағалауларға сүйенсек, ересектердің шамамен 31 пайызы гипертониямен өмір сүреді, олардың жартысына жуығы бұл туралы білмейді.
Кофеин – кофенің негізгі белсенді заты стимулятор ретінде әсер етеді. Ол жүрек соғысын жиілетіп, адреналиннің бөлінуіне әкелуі мүмкін, соның салдарынан қан тамырлары уақытша тарылып, қысым көтеріледі. Кофеиннің қандағы ең жоғары концентрациясы бір шыны ішкеннен кейін 30 минуттан 2 сағатқа дейінгі аралықта байқалады. Оның жартылай ыдырау кезеңі 3–6 сағат, бірақ бұл көрсеткіш адамға қарай қатты өзгереді. Жас адамдарда, белгілі бір ген тасымалдаушыларында және кофені тұрақты ішетіндерде кофеин тезірек ыдырайды.
Зерттеулерге жасалған шолуларға сәйкес, кофе ішкеннен кейін систолалық қысым 3-15 мм сын. бағ.-қа, ал диастолалық қысым 4-13 мм сын. бағ.-қа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл әсер сирек кофе ішетіндерде және жүрек-қантамыр аурулары бар адамдарда айқынырақ байқалады. Сонымен қатар кофенің құрамында жүздеген биологиялық белсенді қосылыс бар. Мысалы, меланоидиндер ағзадағы сұйықтық көлемін және қысыммен байланысты ферменттердің белсенділігін реттеуге қатысады. Ал хин қышқылы қан тамырларының ішкі қабатының жағдайын жақсартып, олардың жүктемеге дұрыс жауап беруіне көмектеседі.
315 мыңнан астам адамды қамтыған 13 зерттеуге жасалған ірі шолу тұрақты түрде кофе ішу гипертонияның даму қаупімен байланысты емес екенін көрсетті. Бұл деректер медициналық ғылыми журналдарда жарияланып, клиникалық ұсынымдарда қолданылады.
Алайда маңызды бір ерекшелік бар. Осака университеті қатысқан жапондық ұзақмерзімді зерттеуде 18 мыңнан астам адам 19 жылға жуық бақыланған. Қан қысымы өте жоғары – 160/100 мм сын. бағ.-тан асатын адамдарда күніне екі және одан көп шыны кофе ішкен жағдайда жүрек-қантамыр ауруларынан өлім қаупі екі есе жоғары болған.
Ал қан қысымы қалыпты немесе жеңіл гипертониясы (I дәрежесі: систолалық 140-159 немесе диастолалық 90-99) бар адамдарда кофе ішу мен жүрек-қантамыр өлімі арасында байланыс анықталмаған. Көпшілік үшін кофе гипертонияның тікелей себебі емес.
Практикалық кеңес қарапайым: қан қысымының көрсеткіштерін біліп жүру, өлшеу алдында кофе ішпеу, түстен кейінгі уақытта сусынды шамадан тыс тұтынбау және тәулігіне төрт шыныдан асырмау. Ал қысым 160/100-ден жоғары болса, кофені бір шыныға дейін азайтып, бұл мәселені дәрігермен талқылаған дұрыс.