Байкал көлінен беймәлім 47 вирус анықталды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Байкал көлінен беймәлім 47 вирус анықталды. Олардың ешқайсысының халықаралық дерекқорларда дәл баламасы жоқ. Ғалымдардың айтуынша, бұл вирустар адамға қауіп төндірмейді, деп хабарлайды turkystan.kz Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Лимнология институтының (Иркутск) ғалымдарына сілтеме жасап.

Зерттеу барысында көл экожүйесіндегі вирустар гендердің бұрын кездеспеген комбинациясын тасымалдаушы болып шыққан.

Ғылыми топ бір тізбекті, сақиналы геномы бар 47 жаңа вирус түрін тіркеген. Алдын ала бағалау бойынша, олардың 12-сі толыққанды CRESS-ДНҚ вирустарына жатады. Мұндай вирустар табиғатта кең таралғанымен, Байкалдан табылған нұсқалар белгілі түрлерден айтарлықтай ерекшеленеді.

Институт хабарламасында олардың геномдары әлемдік дерекқорларда тіркелген тізбектермен 77,2%-дан жоғары ұқсастық көрсетпегені айтылған. Мамандар бұл вирустардың адам үшін қауіпті еместігін нақтылайды. Ғалымдардың пікірінше, анықталған популяциялар көлдің ластануының салдары емес, оның табиғи экожүйесінің бір бөлігі.

Зерттеу барысында байкалдық вирустардың жеке эволюциялық кластерлер түзетіні де анықталған. Бұл олардың көлдің бірегей флорасы мен фаунасымен бірге, миллиондаған жылдар бойы оқшау жағдайда дамығанын көрсетуі мүмкін.

Тэгтер:

Вирус Байкал