XXI ғасыр еңбек нарығының түбегейлі өзгерістер кезеңі болып отыр. Дәстүрлі «офисте тұрақты жұмыс» моделі біртіндеп кеңістіктен шығып, оның орнына еркін жұмыс істейтін, тәуелсіз мамандар – фрилансерлер белсенді болып келеді. Қазіргі еңбек нарығында жиі қолданылатын «фрилансер» ұғымының тарихы тереңде жатыр. Энциклопедиялық деректерге сүйенсек, бұл термин алғаш рет әлемге әйгілі жазушы Вальтер Скоттың «Айвенго» романында қолданылған. Шығармада орта ғасырлардағы жалдамалы жауынгерлер «фрилансерлер» деп аталған. Уақыт өте келе бұл ұғымның мағынасы өзгеріп, бүгінгі күнде мүлде басқа сипатқа ие болды. Ол қандай сипат?
Қазіргі еңбек нарығы жұмыс іздеушілерге еңбек етудің түрлі жолдарын, небір шарттарын ұсынады. «Фриланс» деген ұғым штаттан тыс жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді. Фрилансер бір уақытта бірнеше жобамен айналысып, бірнеше компаниямен жұмыс істеуі мүмкін. Кейбір адамдар үшін фриланс болып жұмыс істеу мүмкіндігі еркіндікпен тең ұғым. Мәселен, таң бозынан оянбайсың, кеңсеге асықпайсың, жұмысыңды бақылап отыратын бастығың жоқ, автобусқа отырып, кептелісте тұрмайсың – себебі фриланс үйде отырып немесе қашықтан жұмыс істейді.
Дәстүрлі жұмыс орындарының парадигмасы COVID-19 пандемиясының арқасында сейсмикалық өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде, қашықтан жұмыс істеу басым тренд ретінде пайда болды. 2023 жылы 12,7 пайыз қызметкерлер толық күн үйде еңбек етсе, ал 28,2 пайызы гибридті модельде жұмыс істеген. Қашықтан еңбек етудің тұрақты өсуіне қарамастан, жұмыс күшінің көпшілігі (59,1 пайыз) әлі де кеңседе қызмет атқарады. Бұл қашықтан атқаратын жұмыс күшінің көбейгенімен, кеңседегі дәстүрлі жұмыс ескірмейтінін көрсетеді. Дегенмен келер шаққа болжам жасасақ, қашықтан жұмыс істеу артады. Мәселен, 2023 жылы IT-мамандары қашықтан жұмыс істеушілердің алдыңғы легінде болған. Дегенмен басқа салалар да артта қалған жоқ. Маркетинг, бухгалтерлік есеп және қаржы және жобаларды басқару мамандары жұмыс үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық құралдар мен платформаларды пайдалана отырып қашықтан жұмыс істеуді қабылдады. Медицина және денсаулық сақтау саласы, ең алдымен, телемедициналық қызметтердің өсуіне және денсаулық сақтау жазбаларын цифрландыруға байланысты қашықтан жұмысқа ауысуды жөн көрді. Тіпті дәстүрлі түрде қызметін нақты кеңселерде атқаратын HR, рекрутинг және тұтынушыларға қызмет көрсету орындары қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтарын сезініп келеді. Виртуалды әлем бұл салаларға орналасқан жеріне қарамастан тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
Қазақстандағы фриланс нарығы
Қазақстан 2026 жылды жаңартылған Салық кодексімен қарсы алды. 2025 жылдың жазында қабылданған жаңа құжаттың басты мақсаты – бизнес үшін салықты барынша қарапайым, түсінікті және болжамды ету. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұрынғы көпнұсқалы жүйенің орнына үш негізгі арнайы салық режимі (АСР) ғана сақталады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеңілдетілген декларация бойынша, сосын шаруа қожалықтарына арналған АСР. Бұл өзгеріс салық жүйесін жүйелеуге және кәсіпкерлер үшін таңдауды жеңілдетуге бағытталған. Фриланс нарығы үшін ең маңызды мәселе – жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимінің сақталуы. Себебі Қазақстандағы шағын бизнес пен фрилансерлердің елеулі бөлігі дәл осы режимде жұмыс істеп келеді.
Қазақстанда фрилансерлер саны да өсіп келеді. Ел ішінде фрилансердің орташа саны 255,8 мың адамды құрады, әрі олардың басым бөлігі білім беру мен сауда саласында еңбек етеді. 2021 жылы 1 миллионнан астам адам фрилансер ретінде еңбек еткен және олардың 78 пайызы фриланспен тұрақты жұмысты бірге жүргізген. Орташа айлық табыс шамамен 124 мың теңге, медианалық табыс 65 мың теңге деңгейінде болды. Елімізде IT фрилансерлер кейінгі жылдары айтарлықтай табыс тапты – 1 350 маман 10 млн АҚШ долларына жуық табыс әкелген.
Осы саланы зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕРДО) акционерлік қоғамының 2021 жылғы сараптамасын шолып шыққан едік. Бұл ұйым – әлеуметтік-еңбек саласындағы талдамалық және IT орталығы. Онда пандемиядан кейінгі кезде елімізде қандай өзгерістер болуы мүмкіндігі қамтылған екен.
Мысалы, бүкіл әлем бойынша бес қызметкердің бірі 2020 жылы үйде жұмыс істеуге мәжбүр болды, ал ЕО елдерінде қызметкерлердің 33-40 пайызы тележұмысқа көшкен. Пандемия аяқталғаннан кейін дамыған елдердегі жұмысшылардың 20-25 пайызы (Франция, Германия, Жапония, Испания, Ұлыбритания және АҚШ) және дамушы елдердегі 10 пайызы (Қытай мен Үндістан) үйде аптасына 3-тен 5 күнге дейін жұмыс істей бастаған. Біздің аймақ туралы айтатын болсақ, BCG талдауына сәйкес, сандық және білімге негізделген секторларда қашықтан жұмыс істейтін жұмысшылардың үлесі Қазақстанда пандемияға дейін 41 пайызды құраса, ал COVID-19 кезінде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін өскен екен.
Ресми статистика деректері бойынша 2021 жылдың 1 тоқсанында 73,7 мың адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 0,8 пайызы ресми түрде жұмыс орнынан тыс жерде жұмыс істеген, олардың 86 пайызы жеке коммуникация құралдарын қолданған екен. Оның 70 пайызы әйелдер болса, 69 пайызы қала тұрғындары. Сараптамалық бағалауға сәйкес Қазақстанда 2,2 млн жуық жұмыспен қамтылғандар немесе білім беру (саладағы қызметкерлердің 80 пайызына дейін), қаржы және сақтандыру (62 пайыз), мемлекеттік басқару (58 пайыз), кәсіби және ғылыми қызмет (50 пайыз), сондай-ақ ақпарат және байланыс (45 пайыз) сияқты салаларда әрбір төртінші қызметкер қашықтан жұмыс істей алады.
Былтыр Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтін мамандарға сұраныс артқан. hh.kz платформасының мәліметінше, қашықтан жұмысқа арналған вакансиялар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар – сату менеджері, бағдарламашы, мұғалім, SMM-менеджер және дизайнерлер. Бұл мамандарға ұсынылатын айлық мөлшері 146 мың теңгеден басталып 501 мың теңгеге дейін.
Кейінгі бір жылда еңбек нарығында бұл мамандықтардың сұранысы айтарлықтай өсім көрсетсе, кейбіреулері керісінше төмендеді. Мысалы, сатушы-кеңесші, сатушы-кассирлерге сұраныс 60,5 пайыз артқан. Сол сияқты мейрамхана қызметкерлерін іздегендер көбейген – 295 пайыз, ал аспаздар, наубайшы мен кондитерлер үшін бос жұмыс орындары былтырмен салыстырғанда 359 пайыз өскен. Әкімші вакансиясына 169,7 пайыз, дәрігерлерге арналған бос жұмыс орны 72,4 пайыз артқан. Алайда кейбір мамандықтарға сұраныс өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Мысалы, жеткізушілерге арналған бос жұмыс орындар 49,9 пайыз, педагогтер үшін 41,3 пайыз, SMM және контент-менеджерлерді іздегендер 32,8 пайыз азайған. Ал менеджерлер мен жүргізушілерге сұраныс 14,4 пайыз және 10 пайыз төмендеген.
Қазір Қазақстанда 9 миллионнан астам еңбекке қабілетті халық бар. Соның шамамен 80 пайызы жалдамалы жұмыс істейді, ал 24 пайызға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Мамандар гибридті және қашықтан жұмыс форматтарын жиі таңдай бастады, әрі бұл үрдіс алдағы жылдары одан әрі арта түседі деп болжанып отыр.
Фрилансерлер саны артпақ
Фрилансерлер клиенттерін және бизнес-әріптестерін өздері таңдайды. Осыған байланысты оларды жиі one-man firm, яғни «бір адамдық компания» деп те атайды. Мұндай мамандар үшін еркіндік пен икемділік маңызды рөл атқарады. Олар қандай да бір мекемемен ұзақмерзімді келісімшартқа отырмай-ақ, белгілі бір жұмыс көлеміне қарай қызмет көрсете береді.
Бүгінде фрилансерлерді түрлі салалардан кездестіруге болады. Олар психология, заң, бизнес, маркетинг, риэлторлық қызмет, өнер, журналистика, дизайн, тіпті даяшы қызметі секілді бағыттарда да еңбек етіп жүр. Мамандардың пікірінше, фрилансерлермен жұмыс істеу кәсіпкерлер үшін де тиімді. Себебі жұмыс беруші тұрақты қызметкерге қатысты әлеуметтік және құқықтық жауапкершілікті өз мойнына алмайды әрі уақытқа емес, атқарылған жұмыстың сапасына қарай ақы төлейді.
2025 жылы әлем бойынша фрилансерлер саны шамамен 1,57 миллиард адамға жетті, бұл жалпы жұмыс істейтін халықтың шамамен 46-47 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш әлемдегі еңбек нарығының жартысына жуық бөлігінің «еркін еңбек» форматын таңдағанын көрсетеді. АҚШ-та фрилансерлер саны 76,4 миллион адамды құрап, елдегі еңбек күшінің маңызды бөлігін алып отыр. Үндістан мен Бразилияда да үлкен фрилансер қауымдастығы қалыптасқан. Демографиялық талдау көрсеткендей, фрилансерлердің басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл жастардың икемділікке және кәсіби тәуелсіздікке жоғары баға беретініне дәлел. Фрилансерлер экономикаға елеулі үлес қосады. Мысалы: 2024 жылы фрилансерлердің ортақ табысы әлем бойынша $1,5 трлн шамасында болды, бұл олардың экономикалық әсерінің айтарлықтай екенін көрсетеді.
Жаһандық компаниялардың 40 пайызы жұмыстағы фрилансерлер санын арттыруды, ал компаниялардың 25 пайызы қызметкерлердің 30 пайызына дейін фрилансерлермен алмастыруды жоспарлап отыр.
Бүгінде Dice, Fiverr, Freelancer, Pchel, HireMyMom және Mediabistro сияқты фрилансерлерге арналған американдық және ресейлік интернет-ресурстар бар. Олардың басты артықшылықтарына сала немесе санат бойынша мамандандыруды, бір қызметті сату емес, жобаны орындау үшін команда қалыптастыруды, алдыңғы жұмыстарды қарау мүмкіндігін және фрилансерлерді қызмет көрсету сапасы бойынша саралауды жатқызуға болады. Қазақстанда, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) фрилансерлерге арнап олардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту үшін жұмыс іздеу сервисін іске қосу жоспарлануда. Сондықтан қазірдің өзінде жұмыс берушілер қашықтан және кеңселік жұмыспен қамтуды үйлестіретін жұмыс форматының «гибридті» моделін енгізу туралы ойлана бастады. Жұмыс берушілер мұндай жұмыс форматының – әкімшілік шығындарды азайту – жалдау ақысын төлеудің, электр қуаты, кеңседегі ауыз суы, қағаз, кеңсе тауарлары үшін ақы төлеудің қажеті жоқ және т.б. сияқты пайдасын түсінді. Жұмысшылар үшін де жақсы артықшылықтар бар – жолға уақытты үнемдеу, түскі асқа, киім-кешекке шығындарды азайту және т.б.
«Жалқау қыз» деген кімдер?
Адамдар бұрын жұмысты тек нәпақа табу көзі деп санады. Бүгінгі ұрпақ түсінігінде жұмыс тек табыс көзі ғана болмауы керек, өміріңнің бір бөлігі болғандықтан, сүйікті ісің де болуы қажет деген ойда. Иә, қазіргі заманда «екі қолыңа бір күрек» табылмаса жарқын өмірдің ауылы алыс деген сөз. Жаңа киім, жақсы ас мәзірі, қызықты сапарлар, баспана мен көлік – барлығы жалақыңның көлеміне байланысты. Дегенмен бүгінгі ұрпақтың көпшілігі таңнан кешке дейін кеңседе отырып, өмірінің біраз бөлігін төрт қабырға ішінде өткізуге бейілсіз. Олар екі қолына бірнеше «күректі» ұстаса да еркін графикті жұмыс істеп, қалған уақытын өздерінің сүйікті істеріне арнағысы келетіні байқалады. Сонымен қатар жас ұрпақ кеңседе отырса да жауапкершілігі мен ауыртпашылығы аз, жүйкеге салмақ салмайтын жұмыстарды таңдауға бейім.
Кейінгі уақытта TikTok желісінде «жалқау қыздың жұмысы» (#lazygirljob) деп аталатын тренд танымал болып тұр. Бұл тренд адамдарды мансап сатысымен көтерілуді емес, стрессіз жұмыс іздеуге шақырады. Осындай хэштегпен біршама адамдар ноутбук немесе компьютер алдында кофелерін ұрттап, еркін графиктегі жұмыстарын желіге жүктеген. Сарапшылар егер 2010-2020 жылдар кеңседе немесе кәсіпте бастық болғысы келетіндердің онжылдығы болса, 2020-2030 жылдар анти-жұмыс онжылдығы болуы мүмкін дегенді айтады. 2020 жылы ғаламдық пандемия басталғаннан бері бұл үрдіс қатты байқалған. Бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам бірнеше айдың ішінде еңбек келісімшарттарын өзгертіп, өздеріне лайықты кестеде жұмыс істеуді қалаған. Яғни, жұмыстың адам өміріндегі рөлі басқаша сипат алды деген сөз. TikTok әлеуметтік желісінде #жалқауқызжұмысы хэштегімен жиналған көптеген бейнеролик бар. Соңғысы платформада миллиондаған көрініске ие, бұл тұжырымдаманың өскелең ұрпақ арасында танымалдылығын көрсетеді. Мысалы #lazygirljob хэштегі өткен жылдың өзінде 12 миллионнан астам қаралым жинаған. Оның ішінде өзін «жалқау қыздар» деп атайтын бейнелер жұмыстағы өмірдің қаншалықты оңай екені туралы баяндайды. Ол бейнелерде «Менің жұмысым – электрондық поштадағы хаттарға жауап беріп, күніне 3-4 қоңырау шалу, үзіліс жасау және жақсы жалақы алу» деген секілді атаулар бар. Мұндай бейнелердің астындағы пікірлерде «жалқау қыздың жұмысын» қалай табуға болатыны туралы кеңестер сұрайтын адамдар көп. Мәселен, ағылшындық Габриэль есімді қыздың жүктеген видеосында көп күш жұмсамай-ақ, жылына 60-80 мың доллар табуға болатынын айтады. Көптеген адам мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін көп уақыт пен күш қажет деп ойлайды, бірақ Габриэльдің айтуынша, мұндай кірісті ең аз жұмыс көлемімен қамтамасыз ететін лауазымдар бар. «Бұл ақша табудың және өзіңізге ұнайтын сүйікті ісіңізді жасауға уақыт табудың құралы» дейді ол. Бір қарағанда, қыздар өздерінен аз күш-қуат жұмсалатын жұмыс істегендерін мақтан тұтады, тіпті осы салада біраз тәжірибесі бар екенін айтады. «Мен өз жұмысымды жалқау қыз ретінде жақсы көремін. Маған адамдармен сөйлесудің қажеті жоқ, кеңсеге аптасына екі рет қана барамын. Сөзбе-сөз сандарды теріңіз, кәмпит жеңіз, әріптестеріңізбен сөйлесіңіз және лайықты жалақы алыңыз», деп түсіндіреді TikTok қолданушыларының бірі.
Бұл тенденцияның TikTok-та кең етек алғаны таңғаларлық емес, өйткені Z буыны «жұмысқа қарсы ұрпақ» ретінде белгілі. Статистика бойынша Ұлыбританияның Z ұрпақтарының 49 пайызы жұмыс олардың өмірінің маңызды бір бөлігі емес екенін мәлімдеген. Мұның да себебі бар. Ұлыбри-танияда 1997 жылдан кейін туғандар үй бағасының рекордтық өсуін байқаған және экономикалық дағдарыс кезеңін бастан кешіріп келеді. Яғни, бүгінгі жас ұрпақтың ойынша егер атқарған жұмысың өз үмітіңді ақтамайтын болса, жеке бас қажеттілік-теріңді өтемейтін болса кеңседе күн ұзақ отырып, өміріңнің көп бөлігін өткізу тиімсіз. Яғни, тынымсыз еңбектен түк шықпайтын болса, олай еңбектенудің қажеті жоқ деп санап, «біз өз денсаулығымыз бен бақыты-мызды мансап пайдасына айырбастамай-мыз», дегенді айтады.
Түйін:
Технологиялардың жылдам ілгерілеуі экономика үшін келешекті ашып қана қоймай, еңбек саласында жаңа сын-тегеуріндердің туындауына алып келді. Фрилансерлер қазіргі еңбек нарығының маңызды бөлігін құрайды. Олар экономиканың түрлі секторларында – IT, дизайн, маркетинг, білім беру және тағы басқа салаларда белсенді еңбек етеді. Дүниежүзілік статистика көрсеткендей, фрилансерлер еңбек нарығының жартысына жуық бөлігін алып отыр, ал олардың экономикалық үлесі күн сайын өсуде. Осылайша, жақын болашақта 85 млн-нан астам жұмыс орны еңбек нарығынан ығыстырылуы мүмкін. Ал адамдар, машиналар мен алгоритмдер арасында еңбекті бөлуге неғұрлым бейімделген 97 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар əәлемнің 8 ірі экономикасының соңғы зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай орта есеппен 100 миллион жұмысшы немесе шамамен әр 16-шы адам қызмет түрін өзгертуге мәжбүр болады. Өз кезегінде, ЭЫДҰ бағалауына сәйкес, таяудағы 15-20 жылда қолданыстағы жұмыс орындарының 14 пайызы автоматтандыру нәтижесінде жоғалып кетуі мүмкін, ал тағы 32 пайызы жеке міндеттерді автоматтандыру шамасына қарай өзгеруі мүмкін. Ендеше, алдағы еңбек нарығында бәсекелестік көбейеді деген сөз.
Наурызбек САРША