Манасшы

Бүгін, 14:45 / Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Жаңа жылдың қарсаңында Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ақын, жазушы, әйгілі манасшы Баянғали Әлімжановтың «Айкөлдің жолы. Манас жырына салым» атты кітабының таныстырылымы өтті. Оның алдында қырғыз елінде де дүркіреп өткенін әлеуметтік желіден қарап отырдық. Айыр  қалпақты ағайынды дүр сілкіндірген кітаптың ерекшелігі неде? Біз осы жөнінде автормен әңгімелескен едік. 

– Баянғали аға, кітабыңыз құтты бол­сын! Алатаудың ар жағындағы ағайын да  бөркін аспанға атып қуанып жатыр екен. Сіздің кітаптың өзгешелігі неде?

– Бұл туралы әңгімеге түспестен бұрын өткен тарихқа үңілейік. Менің  «Манасты» жыр­лап келе жатқаныма 40 жылдан асты. 1995 жылы Қырғызстанда Манастың 1000 жыл­дығы болды. Соған байланысты ма­нас­шылардың халықаралық байқауы  өтті. Со­ған қатыстым. Қырғыздарға: «Сендердің кон­курстарыңды халықаралық етіп тұрған мен ғой...» деп күлдім. Расында да, сырттан мен ғана бардым. Бұған атақты манас­шы­лар­дың бәрі түгел дерлік келді. Ата-бабалары ма­насшы болған Шабай Азизовтің өзі бір төбе! Шабай – манасшы Азиздің, Азиз – ма­нас­шы Өмірдің баласы. Ал Азиздің ағасы Чою­ке Өмірұлы – даңқты манасшы. Атақты Саяқ­бай Қаралаевтың өзі: «Чоюке – шынар, мен – шырпық, Чоюке –  қыран,  мен – шым­шық!» дейді екен. Шырпығыңыз – шыбық. 500 мың жолдан астам  «Манас» жырын жа­зып қалдырған Саяқбай Қаралаев солай десе, Чоюкенің қандай дарын иесі болғанын өзің бағамдай бер. Қаба Атабеков, семетейші Сейдана ана, Сапарбек Қасмамбетов, Қырғыз Республикасының халық әртісі Ұрқаш Мәм­бетәлиев, Назарқұл Сейдрахманов, Базар­бай Сөлпиев, Асанхан Жұманалиев секілді дүр­лер­ді көрдім. Шабай Азизов: «Әй, қазағым, жа­райсың! Азамат!» деп арқамнан қағып қоя­ды. Әулие сынды Жүсіп Мамайды көр­ге­нім – бір хикая. Ақ сақалды, жүзінен нұр тө­гіл­ген келісті қария екен. Сәлем бердім. «Қай жерденсің?». «Көкшетаудан». «Көк­ше­тауда «Көкмоншақ» деген ел бар ма?». «Жоқ». Әңгімеміз осылай өрбіді. Абылай заманында келген қырғыздар бар екенін айттым. «Айна­лайын, «Манасты» ұмытпай айта бер!», – деді риза болып. Батасын бергені ғой. 
Біз ол кезде 4 томдық «Манас» жырын ай­татынбыз. Мәтіннен ауытқу деген бол­майтын. Сол байқауда Базарбай Сөлпиев, Асанхан Жұманәлиев секілді манасшылар­мен арқа-жарқа әңгіме айттық. Олар менің қа­зақ бола тұра «Манасты» айтатыныма таң­ғалды, қырғызға қатысым бар-жоғын тәп­тіштеді. Сосын: «Манасшылар жырды тек жат­тап қана айтпайды, өз жанынан шығ­а­рып, өз нұсқасын жасайды. Әр манасшы жыр­ға өз салымын қосады. Сен – қазақсың, сон­дықтан қазақ жағын – «Ер Көкшені» кө­бірек жырлап берсең, жақсы болар еді» деді. Салым – үлес деген мағынада. 
Көңіліме қонғанымен, бірден кірісіп ке­те алмадым. «Манас» секілді әлем әдебие­ті­нің жауһарына мен не қоспақпын? Оған ха­қым бар ма? Арада біраз жыл өтті. Бірақ әлгі сөз көкейімнен кетпей қойды. Сосын Ер Көк­ше мен Несқараның әңгімесін жаздым. «Ма­настың» классикалық нұсқасында ол жоқ. Несқара – Манжудың ханы. Ол Ер Көк­шеге келіп: «Сен қырғыздармен бірге болма. Кері­сінше оны  бірге шабайық. Мол олжаға ке­не­лесің!» деп арбайды. Сонда Ер Көкше: «Жоқ, мен достарымды сатпаймын. Сат­қын­дық біздің халқымыздың салтында жоқ!» деп, қарсы болады. «Онда сен тым болмаса, оған көмектеспе. Біз шапқанда бейтарап қал!», – дейді Несқара. Ер Көкше қазақ-қыр­ғыздың бір туғандығын айтып, оған да көн­бейді. Жақсылықпен кетуін талап етеді. Енді Нес­қара екі елдің арасына от жаға бастайды. Бір- біріне айдап салады. Екі жақтан да әпер­бақандар табылады. «Үретұғын айға да, үре­тұғын сайға да, иттер көп қой қайда да» деп Ер Көкше басу айтады. Қырғыздарды атақты Бақай қария сабасына түсіреді: 
«Бір болатқа бір болат, 
Қайрап салып жүрмесін, 
Бір бауырға бір бауыр, 
Айдап салып жүрмесін. 
Соларға еріп тағы да, 
Қазақ-қырғыз сорымыз, 
Қайнап қалып жүрмесін!» – деп, ақылгөй қария Бақай Ер Көкшемен жүздесіп, екі елдің арасындағы алауыздықты басады. 
Сонымен, «Ер Көкше мен Несқара» та­рауы жазылды. Шоқан жазып алған нұс­қада жа­лаңаш қатынның түйенің бұй­дасын шешетіні туралы  сюжет бар. Ораңқы деген торғауыттың ханы – өзі балуан, батыр әйел тыр жалаңаш келіп, шешіп алады. Мен осыны таратып жаздым. Оның бір себебі бар. Манастың 1000 жылдығына мен мемлекеттік делегацияның құрамындағы он адамның бірі болып бардым. Таласқа ұшқанда Әбіш Ке­кілбайұлы екеуміз қатар отырдық. ЯК-40-тың іші тар. Алып Әбекең сыймайды. Бір кез­де: «Әй, Баянғали, мен қолымды иығыңа қойып отырсам бола ма?» дегені. «Аға-ау, жұрт сіздің қолтығыңызға қалай кірерін біл­мей жүрген жоқ па? Маған өзіңіз ағалық құ­шағыңызды жайып жатсаңыз, қалай бас тар­тайын?» деп едім, кеңкілдей күлді. Ұшақ­тан түсе бергенде, қырғыздың журналисі жү­гіріп келіп: «Ал Баянқалы, Таласта тұрып, «Ма­насты» айтпасаңыз болмайды!» деп қол­қа салды. Мен қысылып, ағаларыма қарадым. Олар: «Айт, айт» десті. Сонымен, Әбіш ағам мен Шерхан ағам екі қолтығымнан демеп тұ­рып, «Манасты» жырладым. «Манастың» күм­безіне барғанда Құранды да маған оқыт­ты. Былай шыға бергенде Қал-ағаң – Қалтай Мұха­меджанов: «Әй, мына Баянғали бізді екі рет қатырды-ау!» деді күліп. Ағаларым қос­тай күлді. Сол жолы Шерхан аға Шоқан нұс­­қасындағы жоғарыда айтылған сюжетті есіне алып, соны жырлашы деді. «Жалаңаш қатын мен түйе» деген тарау солай жазылды. Әр жерде айтып жүрдім. Арада жиырма жыл­дай уақыт өтті. 2019 жылы сол кездегі Түрік академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі мені Қырғызстанға алып барды. «Манасты» жыр­ладым. Қырғыздар: «Сізге Қырғыз Рес­пуб­ликасының халық әртісі атағын береміз», «Манас» орденін береміз» деп күмпілдесіп жатты. Кейін белігілі қырғыз жазушысы, қыр­ғыз мемлекетінің қазіргі Мемлекеттік хат­шысы Арслан Қойчиев келіп, қонақүйдің фойесінде отырып, «Манасты» жырладық. Сол жерде жалбыр шаш біреулер жүрді. Олар да маған құлақ түре қалыпты. Кейін білсек, әлгі­лер Америкадан аң аулауға келген байлар екен. «Бізде үндістер де осылай жырлайды. Ға­жап, не деген ұқсастық!» деп олар таң­ға­лып­ты. Мені құшақтап  бірдеңе айтып жат­қан, сол екен. 
Сол сапардан кейін «Манас» есімнен кет­пей қойды. Ағыл-тегіл жыр түйдек-түй­дек келіп жатыр. Тоқтай алар емеспін. Әлде­қай­дан ішіме мол қуаттың құйылғанын тү­сін­дім. Сонда: «Манасты» қайта жырлап шық­сам ба екен?!» деген ой келді. Жыр басын жаз­дым. Төгіліп түсті. Түйдек-түйдек  түскені сондай, жазып үлгере алмай жаттым. Сосын са­ба­ма түстім. «Қой, әуелі «Манасты» қазақ ті­ліне қайта аударайын» деген ой келді. 1984 жы­лы «Қазақстан» телеарнасында «Манас – қазақ жерінде» деген хабар түсірдім. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Ал маған мұн­дай ой бірінші рет келіп отыр. 
1952 жылы «Манас» жырының басына қара бұлт үйіріліп, сол кездегі қырғыз аста­на­сы Фрунзеде өткен үлкен жиында оны Мұх­тар Әуезов қорғап қалғаны мәлім. Сонда ұлы жазушының уәжі мынадай болыпты: «Әри­не, жырға әр заманның ықпалы болады. Сон­дықтан «артық тұстарын» алып тастап, халықтық нұсқасын жасау керек!». Соның ар­қасында жыр аман қалды. Қырғыздар мил­лиондаған жол «Манасты» ықшамдап, төрт томдық классикалық нұсқасын жасады. Сол төрт томдықты іле-шала, 1961 жылдан бас­тап, қазақ тіліне аударып шығарған. Жал­пы, редакциясын Мұхтар Әуезов басқарған ау­дарма ісіне Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәу­ленов, Хамит Ерғалиев, Әбділдә Тәжібаев, Ға­ли Орманов, Тұманбай Молдағалиев секіл­ді  қазақтың кіл мықты ақындары тартылған. Со­ның бірінші кітабы 47 мың, екінші, үшін­ші, төртінші кітабы 31 мың данамен күллі қазақ даласына тараған. 
Әу баста «Манасты» аудару туралы ой ме­нің миыма да кірмеуі содан. Ал енді ондай ой бүгін  неге келді? Соны түсіндіре кетейін. Бая­ғы басылып, таратылған кітаптың қазір кө­бі жоғалды, бары әбден ескірді. Қайта ба­сылған жоқ. Сосын оны қаламгер қауым  бол­маса, көпшілік жаппай оқи қоймайды. Өйт­кені тым ұзақ, 100 мың жол өлеңді оқуға бү­гінгі оқырманның  қолы тие бермейді. Со­сын мен қазіргі оқырманның талғамына сай етіп аударуға бел будым. 

– Сонда қалай аудардыңыз? Бұрын­ғы аударылған дүниені қайта жүйелеп шықт­ыңыз ба?

– «Манас» жалпы үш бөлімнен тұрады – «Манас», «Семетей», «Сейтек». Манастан Се­метей, Семетейден Сейтек туады. Алғашқы бө­лім – «Манасты» аударуға 67 күн кетті. Әу бас­та аударылған дүние бар ғой, мен оны дәл сол күйінде ала салған жоқпын. Әртүрлі нұс­­­­қаларды салыстыра отырып, төрт том­дық классикалық нұсқаға кірмей қалған оқи­ғаларды да қамтыдым. Арасында қыс­қар­тып, қара сөзбен баяндап отырдым. Сөй­тіп, қазіргі оқырманның талғамына лайық­та­дым.  Сосын Дархан Қыдырәліге хабар­ла­сып ем, ол қатты қуанып, шығарып беретінін айт­ты. Сонымен бірінші кітапты Түрік ака­де­миясы шығарды. «Егемен Қазақстанға» үл­кен мақала жарияланып, қырғыз елінде кітап­тың таныстырылымы өтті. Қырғыз Рес­публикасының Президенті Садыр Жа­па­ров 2021 жылы Қазақстанға келген са­па­рын­да  кеудеме «Достық» орденін тақты. Содан кейін «Семетей» мен «Сейтекті» 43 күнде аяқ­тап, оны өз қаржыма кітап етіп шығарып, Қа­зақстан мен Қырғыз Респуб­ли­ка­ларының 30 жылдық мерейтойына тарту ет­тім. 
Айтпақшы, осы жобаға кірісер алдында көп адамнан «Манастың» оқиғасын толық біле­сің бе?» деп сұрап көрдім. 95 пайызы біл­мейтін болып шықты. Көбі бала күнінде оқы­ған, ұмытып қалған. Міне, біздің қалың оқыр­ман былай тұрсын, зиялы қауымның көп­шілігі «Илиада», «Одиссея», «Шахнаме» сияқ­ты ұлы шығармалардың қатарында тұр­ған жыр жауһарын білмейтін болып шық­ты.  
  Қырғыздар маған: «Әлемдегі  8 миллиард адам­ның ішінде қырғыздан басқа «Манасты» жыр­лайтын жалғыз адамсыз. Оның үстіне, «Ма­нас», «Семетей», «Сейтекті» түгел аударып, бір кітап етіп шығарған дара тұлғасыз» деп баға беріп отыр.  ТҮРКСОЙ-дың басшысы, бел­гілі жазушы  Сұлтан Раев: «Қазақта «Ма­нас­қа» еңбек сіңірген төрт адам бар, олар –  Шо­қан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Мар­ғұлан, Баянғали Әлімжанов»   деп жүр. Одан артық қандай баға керек?!
Сонымен «Манасты» түйіндегендей бол­ғанмын. Бірақ түйдек-түйдек жыр ке­леді де тұрады. Қырғыз ғалымдарымен ақыл­дасып ем, олар: «Байеке, сізге керек бол­мағанымен болашақ ұрпақ үшін қажет. Қа­ғазға түсіре бергеніңіз дұрыс!» деді. Сосын бір жылдай отырып, «Манастың» 26 тақы­ры­бын қазақша қайта жырлап шықтым. 10 мың жол­дан асатын өлең қағазға түсті. Бұл – әйгілі жырға қазақ ақынының қосқан салымы!
Осы жырды аяқтап қалған кезімде Се­нат­тан хабарласты. Сенат спикері Мәулен Әшім­баев Қырғыз Республикасына ісса­пар­мен барады екен. Мені шақырды. Қуана ке­лістім. Ұшақта жаңалығымды айттым. Әдет­те, әлі бітпеген дүние туралы ләм демеуші едім, бұл жолы үлкен жолдың үстінде айт­қым келді. Мәулен Сағатханұлы қатты қуан­ды. Форумның үстінде хабарлап,  айыр қал­пақты ағайындарды бір дүрілдетіп қой­ды. Қайтып келе жатқанда кітапты шығару мә­селесін өз мойнына алатынын айтты. Сө­зінде тұрып, демеушілердің көмегімен «Ай­көлдің жолын» шығарып берді. 

– Қырғыздар қатты қуаныпты...

– Иә, қуанатынын сезгем. Бірақ дәл мы­на­дай бөркін аспанға атып шаттанады деп күт­кем жоқ. «Манас» театрының директоры, өзі де манасшы Нұрбек Талантбеков: «Баянға­ли аға, мынау – тарихи жаңалық қой! Өзге ел­дің ақынының «Манасқа» салым салуы бұ­рын-соңды болмаған жағдай! Анада пре­зидентіміздің қолынан «Достық» орденін ал­дыңыз ғой, енді сізді «Қырғыз Респуб­ли­ка­с­ының халық әртісі» атағына ұсынамыз!» дей­ді шаттанып. Алып-ұшып, қуанып тұр. Сол ойын әлеуметтік желіге жазып жіберіпті. Кі­тап шыққасын салып жібердім.
4 желтоқсан – Қырғыз Республикасында «Ма­нас» күні! Жылда атап өтіледі. Былтыр қыр­ғыз ағайын «Айкөлдің жолының» таныс­тырылымын жасаймыз деп шақыртты. Әуелі 3-желтоқсан күні «Манас» академиясы өт­кізген ғылыми-практикалық конфе­рен­ция­да әлемнің түпкір-түпкірінен келген ғалым­дар­дың алдында ауызша баяндама жасадым. Олар ерекше ықыласпен тыңдады. 
Сол күні түстен кейін «Манас» ұлттық театрында кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл – қырғыз президенті Садыр Жапаровтың ті­келей басшылығымен  ашылған театр. Қыр­ғыздың манасшылары, төкпе ақындары, жыр­шы-қобызшылары әр жерде шашылмай,  сол ғимаратта отыр. Театрдың жанына өз ре­зиденциясын салды. 
Міне, сол театрда кітаптың таныс­тыры­лымы өтті. Қырғыздың ығай-сы­ғайы түгел келді. Президент көмекшісі Марат Иманқұлов, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Қайрат Иманәлиев, атақты Тү­гелбай Қазақовтар кітапқа өте жоғары ба­ға берді. Мен де еркін көсілдім. Сол жерде қыр­ғыз кәсіпкері, меценат  Нұрғали Аса­на­лиев шығып сөйлеп, манасшыларға үй сый­ла­ды. Кенет: «Келесі жылғы «Қағанат» сый­лы­ғын мен Баянқалы ағама ұсынамын!» деді. «Е, көп сыйлықтың бірі шығар...» деп ойла­дым да қойдым. Сол кезде кешті жүргізіп отырған Нұрбек Талантбеков: «Баянғали аға, пә­теріңіз құтты болсын!» десін. Сөйтсем, Біш­кек қаласынан екі бөлмелі үй берілген екен. Биылғы «Манас» күнінде тапсырылатын көрінеді. 
Ертеңіне гала-концертте екі жас ма­нас­шымен қатар отырып «Манасты» жырладым. Айыр қалпақты ағайынның қошеметі тіпті бө­лек болды. 
Ал енді кітапқа келейік. Неге «Айкөлдің жолы?». «Айкөл» – кеңдікті білдіретін ұғым. «Ай­көлдің жолы» – қырғыз халқының азаттығы жолында күресіп өткен батырдың жо­лы. Әдетте, «Манасты» жырлаушылар сю­жеттік желіні, тарихи оқиғаларды сақтайды да, өз бетінше жырлайды. Мен де сақтадым. «Шоң қазақ» тарауында Көкетайдың асында Қоңырбай қырғыздардың бәйгесін тартып алып кетеді. Онымен қоймай, еліне барғасын қырғызды шауып алуға дайындалады. Манас соның алдын алып, қырғыз, қазақ, өзбек, яғ­ни, түгел түркінің басын қосып, Шет Бей­жіңге аттанады. Міне, негізгі желіде көп ба­тырдың аты аталады да, жеке ерліктері көр­сетілмейді. Мен соны «Ер Көкшенің ер­лігі», «Ер Төстіктің ерлігі», «Мұзбұршақ пен Үр­бінің ерлігі», «Боқмұрынның ерлігі» деген сы­қылды тарау-тарау етіп, жеке-жеке көр­сет­тім. Манас пен Қоңырбайдың жекпе-же­гін ақ пен қараның соғысы етіп шығардым. Ма­нас – ақ, Қоңырбай – қара. 
Кітапты «Айкөлдің ақырғы оғы мен ауыр ойлары» деген тараумен аяқта­дым. Аңыз бойынша Манас туғанда бір диуа­на келіп анасы Шиырдыға бір оқ беріпті: «Бұл – қасиетті оқ, батырдың жағасына тігіп қойың­дар, әбден жаны қиналған кезде ғана алсын!» депті. Кейін әйелі Қанікей батырдың ақ сауытының жағасына тігіп береді. 
Қаңғаймен шайқаста қазақ-қырғыздың  ба­тырларын түгел атып өлтірген  Шып­шай­дар мерген енді Манастың өзін аңди бас­тай­ды. Айкөлдің қапысын таба алмай, астын­да­ғы аты, Аққұла тұлпарды оққа ұшырады. Ма­нас жағасындағы оқты алудың сәті енді кел­генін ұғады. Ақкелте мылтығын қолға алып, оқтайды. «Қырғызды тас-талқан етіп жең­дік» деп масайрап бір сапта тұрған сегіз дұш­панның басын қарауылға алып, тартып жі­береді. Жалғыз қалған Әлеукенің Қоңыр­байы зар жылайды. 
Осы тарауда Манастың ауыр ойларына ке­зек бердім. Айкөлдің жолы – қырғыздың жо­лы. Алтайдан Алатауға дейінгі жолда қыр­ғыз көрген зұлматтың бәрі, елдің елдігі, ердің ер­лігі сол жолда бар. «Жалаңаш жүрген шы­ғайға, торқа шапан кигізген, жаяу жүрген шы­ғайды, тұлпар атқа мінгізген, бойдақ жүр­ген шораға, қыз сұлуын сүйгізген», «әділ­дік үшін айқасқан, адалдық үшін шайқасқан» Ма­нас аманатын Аллаға тапсырар алдында тол­ғанады. Еткен ерлігін еске алады. Соның бәрі кім үшін?  Әрине, туған ел, қасиетті кін­дік қаны тамған жер үшін!

– Сіздің Көкшетауда туып, «Манасқа» қы­зығуыңыз, манасшы атануыңыз – ерекше оқиға. Әдетте, қазақ жыр­шы­лары өзіне жырдың қонғанын айтады. Түсіне кіріп: «Өлең аласың ба, көген ала­сың ба?  –  депті»  дегенді естіп өстік. Қыр­ғызда қалай екен?

– Атам Әлімжан қиссашы болыпты. Әкем «Қобыланды», «Алпамыс» жырын оқыт­ты. Шешем «Қалқаман-Мамырды» жатқа бі­летін. Бала күнімнен қазақ жырларымен қа­тар «Манасты» сүйіп өстім. Үлкендер «қыр­ғыз бізге ең жақын халық» деп құлағымызға құйып отыратын.  Бірақ «Манасты» айтатын адамды көрген жоқпын. Бірде радиодан Саяқ­байдың «Ер Сырғақты» айтқанын естіп қал­дым. «Манастың» қазақша нұсқасын оқы­дым. Алматыға келген соң Әлкей Мар­ғұлан­ның «Шоқан және Манас» атты кітабына  шұқ­шидым. «Көкетайдың ертегісінің» Шо­қан жазған нұсқасын ежіктедім. Өзімше конс­пектілеп, жазып алып жүрдім.
Сол кезде қырғыз теледидарынан «Ыр ке­се» дейтін бағдарлама берілетін. Сол ха­бардан «Манасты» жырлағандарды көрдім. Ыр­ғағы, айту мәнері  ұнайтын. Бір күні «Бу­кинистен» 4 томдық қырғыз тілінде шыққан кітап­тың алғашқы екі томын таптым. Алма­тыда 1 миллион адам бар, соның ішінен әлгі кі­тап менің қолыма түсіп тұр ғой, бұл кез­дейсоқтық па, кім білсін. Ашқан сәтімде-ақ,  әуен­ге қосып айта жөнелдім. Қаламгерлердің ара­сындағы  жиын-тойларда біреу өлең оқып, біреу ән айтып жатқанда мен «Ма­нас­ты» айтатын болдым. Бәрі құлап түседі. 
Енді аян жөніндегі сұрағыңа келейік. 1984 жылы түсіме аппақ бұлт секілді кісі кірді. Айналасының бәрі аппақ. «Әуенін дұрыстап айт» дейді маған. Оқыған адаммын ғой, «Манас манасшылардың түсіне кіріп, аян береді екен» дегенді естігенмін. Бір жа­ғынан қуанып, екінші жағынан қорықтым. Сөйтсем, қырғызда «Аян болмай, баян бол­мас» деген сөз бар екен. Манастың өзі, немесе оның батырларының бірі,  әйтпесе, ай­на­ласында жүрген бір адам аян бермесе, жыр­шы­ның қанша жатқа білсе де, манасшы ата­­нуға хақысы жоқ екен.  
Сол түсімді жиырма-отыз жыл бойы еш­кімге айтпадым. Кейін: «Сен осы «Манасты» айтуға рұқсат алдың ба?» деген сұрақ қойы­латын болған соң айтып жүрмін. Манастың мың жылдығы тойланып жатқанда тағы да түсіме кірді. Манастың күмбезінің жанында Құран оқып отыр екенмін деймін. Бір кезде Ай­көл қалың қосынын ертіп, жанымнан өтіп бара жатыр екен. Құдды кітаптағы  бей­несі.  Оянған соң: «Е, аруағы разы болған екен ғой» деп түйдім. 
Бірде көкпеңбек Ыстықкөлдің толқыны тол­қып тұр екен деймін. Сол толқынның үс­тінде Саяқбай атамыз «Манасты» жырлап тұр. Таңертең Бішкектен хабарласты: «Сізді үл­кен жиынға шақырамыз». Ауырып, бара ал­май қалдым. Сөйтсем, маған Саяқбай Қара­балаев атындағы медаль беріпті. 
Манастың құдіретін осы кітапты жаз­ғанда да сездім. Аяқ астынан жыр төгіліп ке­леді. Кейде ұстай алмай қаламын. Көбінесе ком­пьютерге жазамын, қағазға да түртіп қоя­мын. Телефонға да диктовка жасап,  жа­зып аламын. Бұл –  ұмытып қалмас үшін жа­саған сақтығым. 

– Осымен «Манасты» жазып біттіңіз ғой?

– Жоқ, «Манас» – мұхит қой. Мен 26 та­рауын ғана жаздым. Мен «қырғыз балам» деп атай­тын Нұрбек Талантбеков: «Аға, тоқта­маңыз, жалғасын жазыңыз. Оны біз өзіміз шы­ғарып береміз!» – деп хабарласты. Соны­мен, қалған тарауларын жазып жатырмын. Болашақта менің дүниемді оқыған адам, бұйырса,  «Манасты» толық таразылап шық­қандай болады.

– Жалпы, «Манастың» қанша нұсқа­сы бар делінеді?

– «Манастың нұсқалары баршылық. Бір­ақ Сағымбай Оразбақов пен Саяқбай Қара­лаев­тың мұралары – ең ірі, классикалық нұс­­­қалар болып есептеледі. Сағымбай Ораз­ба­­­қовтан 180 мың, Саяқбай Қаралаевтан 503 мың жол «Манас» жазылып алынған. Саяқ­бай Қаралаев­тың «Манастан» гөрі «Семетейі» көп. Мәмбет Чокморовтың 400 мың жолдық нұс­қасы бар. Оның ар жағында аңызға ай­нал­ған Келдібек манасшы, Балық ауыз ма­нас­шы, Тыныбек манасшы деген алапат өнер ие­лері өткен.  Шоқан Уәлиханов 1856 жылы Ыстықкөлде «Манасты» жазып алған ғой. Оған жолыққан Назар манасшы болуы мүм­кін делінеді. Өте көркем дүние. Оған дейін де неше дүр өткен. Кейбірінің нұсқасы жазы­лып алынбай қалған. 

– «Манасты» жырлаудың ерекше әдіс­тері бар ма?

– Манасшы әдетте:  «Чоғылтып айтайын ба, жайылтып айтайын ба?» деп сұрайды. «Чо­ғылтып айту» – ықшамдап, жинақтап айту деген сөз. Ал «жайылтып айтқанда»,  ма­нас­шы еркін көсіледі. 

– Қазір қанша манасшы бар?

– Нұрбек Талантбековтің айтуынша, бү­гін­де қырғыз елінде талантымен танылған 15 шоң манасшы бар. Жас жағынан ең үлкені – Назарқұл Сейдрахманов ағамыз. Одан кейін­гі үлкені – менмін. Біз де ақсақалға ай­нал­дық. Осы 15 манасшының ішінен қыр­ғыздар тағы «Жаратман манасшы» деп бө­леді. Ол – өз нұсқасы бар, жырды жаратқан, яғни өзіндік нұсқасын шығарған өнер ие­лері. Олар көп емес. Бірақ қазірше еш­қай­сы­ның кітабы шыққан жоқ. Нұрбектің айтуын­ша, мен де сол «жаратман манасшының» қа­та­рындамын. Мен бұған қуанамын, шү­кір­шілік қыламын!  

– Бүгінгі әңгімеміз «Манас» тақыры­бы­на арналды ғой. Бірақ сіздің басқа да тақырыпта көп дүние жазғаныңызды білеміз. 

– Мен қазақ және орыс тілінде жазатын қаламгермін. 90-нан аса кітаптың, 31 томдық шығармалар жинағының иесімін. 5 көркем, 6 деректі фильмнің авторымын. Осы күнге дейін шығармаларым 20 тілге аударылыпты. Шүкір. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен – 
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Тэгтер:

Манас манасшы Баянғали Әлімжанов