Ешбір ақын өзіне-өзі «маған ақындық қалай қонды?» деп сұрақ қоймаған болар. Бірақ іштей өз ішіндегі басқа бір әлемді сезініп жүретіні анық. Тіпті бәлен кітаптың авторы болғаннан кейін де ақын деген атаудың өзіне қарата айтылатынына бой үйрете алмай жүретін кездері де болады. Тек «Аялда, өкпелетсем, кешір, өлең//Ала кет, не болса да көшіңе ерем» деп қана айта алады. Тәуекел етеді. Өйткені ақындық оқып-оқып, жүгіріп-жүгіріп диплом алып шығатын мамандық емес. «Ғайыптан Аллам берген несібем ең, Сенен қап тірлік кешем несіне мен?» деп қана жорамал мәндес тұжырым жасалады. Содан болар, нағыз ақын көп жағдайда өзін-өзі ақын деп жарияламайды, оны өзгелер айтады. Поэзиясы айтады.
Алғаш өлең жазған күнінен бастап, бүгінге дейінгі жазған жыр жолдары айтады. Біз де Жанат Әскербекқызының уақыт сынынан өткен жырларын оқып отырып, «ғайыптан Алла берген несібесінің» нағыз ақындық болып шыққанына да, «Ала кет, не болса да көшіңе ерем» дегенінен ерген көшінің көлікті болғанына да сүйсіне қарап қаламыз.
Жанат Әскербекқызымен алғаш рет поэзиясы арқылы таныс болдым. «Жас Алаштан» ба екен, «Өксіді аспан... өксідім мен...» деген өлеңіндегі:
Қыл көпірде қырық түрлі ой,
Құбылады үмітті үрлей.
...Қайда бастап бара жатыр,
Жұмағында құлып тұр ғой, – деген жолдарды оқығанда, жастау кезіміз ғой, ең алдымен жұмақтың есігіндегі құлып тура мағынасында елестей қалды, әрине. Жұмағына құлып салып қоятындай бұл Жаратқан Иемізге не көрінді деп ойлай жаздап, сәлден кейін қайтадан оқысам, мәселе басқада екен. Бұл жолдардың ұшы мен қиыры кең ұғымнан елес берді. Тірі пенденің бәрі сол құлыптың ашарын іздеп кетердей екенбіз. Тіпті кінәліні іздегіміз келетіндей. Ал дұрысында – бұл тұста мәселе жұмақта емес еді. Тіпті мұнда жұмақ туралы әңгіме жоқ. Мұндағы құлып концепциясы – қоғамдағы аласапыран, қым-қиғаш қателіктер мен озбырлықтар кешені болар, бәлкім. Жұмақты іздеу – өзіңді тану жолы шығар. Мүмкін, жұмақ әркімнің қол жеткізуі мүмкін емес кеңістік, әлде жай ғана сезіне білу ме екен? Қалай болғанда да жұмақтың есігіндегі құлып – тың ой түйіндеріне жол бастайтын өзіндік генеративті модель екен. Біздің жай тіршілік иесі ретіндегі ұғымымызда жұмақ ешкімге уәде етілмейді, сыйға тартылмайды. Ал ақынның нұсқауындағы жұмақ адамдық формуласымен ұштасып жатқан шексіздік болса керек.
Жанат ақынды алғаш рет осылай танып, кейін өзімен бір университетте қызметтес болып, жақын таныстық. Бұл таныстығыма да академик ұстазым Рымғали Нұрғали себепші болды. Тағы бір себепші болған адам – профессор Алма Қыраубаева. Алма апай менің кандидаттық диссертацияма жетекші ретінде тағайындалған күні оңаша шақырып алып, ғылым жолының мәнін, тереңірек барғандағы мағынасын түсіндірді. Сосын айтқаны «филологиядағы Жанатты білесің ғой. Талантты ақын және өте білімді қыз. Ғылымның жолы саған да қиын бола қоймас» деді. Профессордың осы бірауыз сөзінің өзі менен әлдеқайда жас болса да, ғылымға бұрынырақ келген Жанат Әскербекқызының ғалымдық портретін жеткізіп тұрды. Бұл күнде ол «Ғарыш билер ғұмырымды» (1999), «Қаракөз бұлақ» (2001), «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001), «Көктүріктер әуені» (2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр» (2007), «Миф-о-поэзия» (2022) жыр жинақтарының, «Миф дүниесі және көркемдік әлем» (2004), «Көркемдік өріс» (2008), «Мифтің поэтикадағы қызметі» (2010) атты ғылыми-зерттеу еңбектерінің авторы.
Ақындық пен ғалымдық бір адамның бойындағы екі бағыт сияқты болғанымен, тереңірек бағамдасақ, екеуінің түп негізі бір тамырдан тарайтынына көз жеткізер едік. Және бұл екеуінің бір адамның бойынан табылуы – ғылымға да, поэзияға да ерекше құбылыс береді. Поэзияға тереңдік береді, ғылымға көркемдік береді. Осы қиырынан келсек, Жанаттың бойындағы табиғи таланты екі ұлы арнадан ой суырады. Ғалымдығы дәлдікке ұмтылса, ақындығы оны сезіммен көркемдеп, қазіргі заманның жасанды интеллектісі сияқты эффектілермен көркемдейді. Ғалымдығы өлшейді, ақындығы меңзейді. Ғалымдығы салмақ береді, ақындығы сағынышты саз береді. Ғалымдығы – теориялық-философиялық формулалар парадында салтанат құратынында, ақындығы – метафораның тылсымдарында өрнек салып жүретінінде. Екеуіндегі ұлы мақсат – болмыстың шындығын іздеу, болжап айту. «Қоңыраулы намыс қаруы болған еркін ел//Тынысыменен жерұйық болып жер түлер.//Бабалар жолы қазына болған даламда,//Қазақтық қана Азаттық сәнін келтірер! – деп, «қазақтық» деген бір ауыз сөздің мән-мағынасын адамзаттық арманның айқындауышы деңгейіне дейін кеңейтіп алып шығады.
Метафора демекші, метафорасыз поэзия бола ма?!
Сіз – ғұмырлық шер болдыңыз,
Күлкі, мұңға тел болдыңыз.
Көз жасымнан көл жасағам –
Қайық болып тербелдіңіз! – дейді ақын. Көз алдыңызда не пайда болды? Әрине, қара сөзбен түсіндіруге көнбейтін алыс көкжиекке қарай кетіп бара жатқандай күй кештіреді. Автор – ішкі толқынысты табиғат көрінісіне айналдырудың шебері. Әдеби зерттеудің тілімен айтсақ, бұл – гиперболалық метафора. Сырттай қарағандағы бір адамның басындағы жағдайды кең мағыналы көрініске айналдырудың өзіндік тәсілі. Интеллектуалдық ішкі мән қолдан жасалмайды. Ол – табиғи нәрсе. Ол хаостан мағына жасай алады. Сөздің де экологиясын сақтап, байытып тұратын күшке ие етеді. Ақиқатты бөлшектеп танытады, деректер арасындағы жасырын заңдылықтарды аңғартады:
Жайлау-жаным құлазыр ел көшкендей,
Өтірікке ешбір жан сенбес мендей.
Теңселемін тірліктің толқынында,
Жалғандықты тек жалғыз мен кешкендей, – деп жалғандықтың тіршілікпен жарыса жүрер табиғатына ой ұшқынын жібереді.
Поэзияға тумысынан цифрлылық тән ғой. Әрине, ол бір, екі, үш деген емес екені түсінікті. Цифрлылық деген – сансыз қиылыстар мен құйылыстардың әлемі. «Көкіректі тырнаған шер, Көз жұмады ұлып-ұлып» деп те көрінбейтінді көрінетін етеді.
Жаныма да ие бол, жүрекке де,
Мен боп жалған дүниеге бір өкпеле.
Мен боп кейде егіліп болмашыға,
Мен боп кейде сұмдыққа дір етпе де! – дейді. Ғылыми зерттеуде аналогия деген ұғым бар. Яғни, кейбір таныс емес тұжырымдарды танытудың амалы. Қаланың асфальт жолынан жалыққан көңіл кейде даланың қара жолымен жүргісі келетіні сияқты, аналогиялар мәннің астарын іздеудің ләззатын сыйлайды. Тіпті кеңірек айтсақ – әлем аналогия арқылы өзін таниды. Сол тұрғыдан келгенде Жанаттың жырлары ақындықтың болмысына сілтеме іспеттес. Поэзия мәселені тікелей айтатын ережелердің аумағына сыймайтынымен көркем. «Мен боп кейде егіліп болмашыға//Мен боп кейде сұмдыққа дір етпе де!» деп ақын басқаны меңзеп тұрып өзін айтып немесе өзін айтып тұрып, басқаны меңзеуі поэзиядағы тереңдіктің мәнін ұғындырар еді.
Ал, сен болсаң, мүлде есіңнен шығардың,
Мен туралы ойламайтын, Өткенім, – деп, айта берсе таусылмай, эмоциясы асып-төгілер өткен шақ та адам кейпіне айналып, «Өткенім» болып, бір ғана сөзге сыйып тұр. Поэзияның көп сөйлемейтіні – оның ішкі психологиялық ұстанымы. Өлеңді сөз басып қалса, ол өзінің ішкі-сыртқы қуатынан айырылады. Ақын әңгімелемейді, тек сендіреді және сездіреді. Табысу мен айырылысуды жеке-жеке бөліп айтпайды, оны өткен шақтың образына айналдырып жеткізеді. Осы қиырдан көз салсақ, аналогия да, метафора да өлеңді төзімді ету үшін керек. Сөздің түбірлері де өзіндік бәсекелестіктің ешқашан бітпейтін ішкі майданында екені метафоралардан байқалады. Бұл да бір ғажайып аттракцион сияқты көріністер. Ақынның шеберлігі дегеніміз де сол. Жанаттың поэзиясында жиі кездесетін риторикалық сұрақтардың да орны бөлек. Сұрағында жауабы тұратын ерекше құрылым.
...Ал, өзің ше, санаңда шөгіп қалған,
Жалқы сәтпен қауышып көріп пе едің?! – десе, оған жауап іздеп кетпейтінің түсінікті. Бірақ:
Сұрғылт дүние... Менің жаным үйлескен...
Мен ғана ма дәл осындай күй кешкен?! – десе, оған «иә!» деп жауап бергің келеді. Өйткені саған соншалықты жақын әрі толғандыратын сұрақ-жауап.
Сыңар құстай сырт жүрген бір-бірінен,
Біздің жазмыш өзгеден неге бөлек?!
Өміріңе неге ендім – өзімде мін,
Өміріме неге ендің өзің менің?!
Есіндегі естелік есін алған,
Жүген-құрық сала алар сезімге кім?! – десе, белгілі нәрселерді бейнелеп айтудың әсеріне елти жөнеліп, келесі өлеңдегі:
Қарасу бойын жағалар жаным,
Не деймін енді саған, ардағым?.
Түс көрем әлі өңге бергісіз,
Сол түстің бәрін саған арнадым, – десе, біреуге арнап түс көру дегенді тек ақын ғана айта алатынын мойындайсың.
…Бабам тіккен алты қанат үй қайда?
Мен сол үйдің үзігі ем, – десе ше?
Алты қанат үйдің үзігі деген ұғымды киіз үйде өскендер біледі. Жанат киіз үйде өсті ме, өспеді ме – білмеймін, бірақ мен – өстім. Содан болар, мына жолдардағы философияны автордың өзінен де терең түсіне аламын. Үзік – уық пен туырлықты бастыра жабылатын, киіз үйдің керегелерін неше қанат болса да қапсыра құшақтап тұратын жабдықтарының ішіндегі ең үлкені. Поэтикалық көзбен қарасақ, киіз үй формуласы – бірінсіз бірі толымды болмайтын алгоритм. «Бабалар тіккен алты қанат үй» – ұлттың өшпейтін дерекқоры. Автор үзікті сол дерекқордың коды қызметінде қарап, тұтастанудың арғы бірлігін іздейтініне сілтеме жасаған екен.
Алтайдың асуын асқан кім?
Ертістің кешуін кешкен кім?
Балқан тау шалғынын басқан кім?
Құрлықты айналып көшкен кім? – деген риторикалық сұрақпен басталатын жырдағы тарихтың көші қоңырауын қағып көз алдыңда өте бастайды. Сұраққа жауап іздеу керек сияқты. Осынау тарихи асулардан кімдер асуы мүмкін өзі? Алтай асып, Ертіс кешудің азапты жолы эмоционалды шиеленісті тудырып, тыңдаушыға тікелей жүгініп, шығарманың диалогтік сипатын көрсетеді. Бірақ жауап күтіп тұрмағаны анық. Демек, халықтың қаһармандық жады мен ұлылығын растау үшін баяндау мен сұрақ жарыса шығып, есте қалмағанды еске түсірудің динамикасын арттыру процесін көреміз.
Тақымын ер қажап,
Дидарын жел қажап,
Жүрегін шер қажап
Еркіндік іздеген ер – қазақ! – дейді. Иә, жауабы осы екенін жобалағанбыз. «Ердің», «желдің», «шердің» заттық күйінен шығып, бірін-бірі кимелей, қазақ деген халықтың анықтамалығының қызметін атқарып кетуінің көркем көрінісі. Бұл өлең оқылады дегеннен гөрі, естіліп тұрады деуге келіңкірейді.
Поэзия – кейде белгісіздікке саяхат сияқты. Ақын бұл жолда тәуекелге барады, сәттілігін тілейді. Риторикалық сұрақтарға жүгінеді. Қарапайым адам барды бар деп, жоқты жоқ деп түсінсе, ақын ол екеуінің арасынан ұқсастық тауып жүреді. Кейде саясат туралы болып басталған өлеңі махаббат туралы болып шығуы мүмкін. «Сонда ақынның ақын еместен айырмашылығы неде?» деген сияқты риторикалыққа жуық сұрақ қойып қалсаңыз, ол былай: мына сіздің көз алдыңызда тұрған адам – оның дәл өзі емес. Бұл – оның қарапайым пенде ретінде көпшілікпен араласып-құраласатын, кәдімгі алас-күлес тіршілік ортасындағы сыртқы бейнесі ғана. Ал нағыз өзі – поэзиясында. Оның шынайы өмірі соның ішінде. Кумирі – сөз, бірақ жұртқа ақыл айтып, жамырап жүрген жай сөз емес. Ол мінезге де байланысты болар, бәлкім. Жалпы, ақынның мінез-құлқы жайында жазайын десең, оны бір ізге түсіре алмайсың. Құбылмалылығынан емес. Ақындық мінездің полюстері шартараптан естіліп тұратынынан. Басқалар Жаңа жыл келді деп у-ду боп жатқанда, ол көне дәуірде жүреді. Артта қалғанынан емес. Болмыстың ежелгі мәнін келіп жатқан Жаңа жылмен салыстырудың сапарында жүретінінен шығар. Не болмаса, болашақты болжамақ болып, сен үшін де, мен үшін де сан түрлі сұраққа жауап іздеумен әлек болады.
Оңайгүл ТҰРЖАН