Жаңа Конституция жобасында ғылым мен білімге басымдық берілгені қай тұрғыдан да маңызды – Қанат Әуесбай

Бүгін, 20:55 / Дана Ізтілеуова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай ғылым мен білімнің рөлін Конституция деңгейінде мойындау ел дамуының шешуші факторы екенін баса айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Байқасақ, Ата заң жобасында білім мен ғылым, сондай-ақ, мәдениет пен инновация саласы басым бағыт ретінде қарастырылған екен. Мәселен, жобаның мәтінін қарайық. «Конституциялық құрылыстың негізі» аталатын 1-ші бөлімнің 3-ші бабының 2-ші тармағы былай дейді: «...адам капиталының, білімнің, ғылымның, инновацияның дамуын мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды». Яғни, осы арқылы мемлекет тұңғыш рет білім мен ғылымға «стратегиялық» деп астын сызып, зор мән беріп отыр. Бұл еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін өте құптарлық өзгеріс деп білдім.

Бұрын қалай еді? Шынын айтса, бұл саланың стратегиялық маңызы жоқ болатын. Нақты статистика келтірсек, еліміздің бұл салаға жұмсайтын ішкі жалпы өнімі небәрі 0,16% екен. Яғни, бір пайызға да жетпейді. Бәрі де салыстырмалы түрде ғой. Әлемде ғылым саласына ішкі жалпы өнімінің ең жоғары бөлігін бөлетін мелекет Израиль – 5,56 %. Жер аумағы құрқылтайдың ұясындай ғана Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімінің бақандай 4,93 % бөледі екен. Сондықтан еліміздің ғылым саласына конституция аясында стратегиялық маңыз беруі ел әлеуметтік-экономикалық дамуындағы аса маңызды белес деп білдім. Бұл әрі-беріден соң мемлекет саясатындағы бетбұрысты кезең десем де артық айтқандық емес», – дейді маман.

Қанат Әуесбайдың пікірінше, ғылым саласына Конституция деңгейінде маңыз берілуі ел болашағы – қазба байлығында емес, адами капитал, һәм білім мен ғылымда, азаматтардың зияткерлік жетістігінде дегенін меңзеп тұр.

«Сол арқылы да Конституция жобасы «мемлекет не үшін керек, кім үшін керек?» деген өміршең сұраққа жауап беріп тұрғандай.

Расын айтса, күні бүгінге дейін ел экономикасы табиғи ресурсқа ғана сүйеніп те сеніп те келді. Дегенмен, табиғи байлық — таусылатын ресурс екені қаперімізге кіріп те шықпады. Ал сарқылмайтын байлық, әрі мемлекеттің ең басты байлығы – адами капитал екенін енді ғана түсініп келеміз. Жаңа Конституцияда ғылым мен білімге басымдық берілгені қай тұрғыдан да маңызды болатыны сондықтан. Елдің зияткерлік әлеуеті – үздіксіз жаңаратын және дұрыс инвестиция салынатын болса, қарыштап дамитын жалғыз ресурс.

Яки, Конституция жобасының 1-бабына 3-тармақтың енгізілуі — мемлекетіміздің ендігі кезекте «мұнай өндіруші» емес, «білім өндіруші» елге айналуды мақсат тұтқанын көрсетеді.

Осы орайда Конституция жобасы қабылданса, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің деңгейіне жеткізу, академиялық еркіндік беру, стартаптар мен технологиялық парктерге салықтық жеңілдік беру, креативті индустрияны экономиканың драйверіне айналдыру мәселелері бұрынғыдан да ұтымды шешіледі деп білемін», – дейді Қ.Әуесбай.