Жаңа Конституция жобасы жай ғана күрделі құқықтық құжат емес – Сергей Теренченко

Бүгін, 17:38 / Дана Ізтілеуова
видеодан скриншот

Павлодар облысының мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Теренченко Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Конституциялық комиссияның ашық әрі жауапты жұмысы мемлекет басшысы жариялаған саяси бағыттың заңды жалғасы болғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жобаны талқылау және дайындау үдерісі шамамен жарты жылға созылып, сапалы әрі мазмұнды жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Қоғамдық талқылау тек жұмыс топтарының аясымен шектелмей, e-Otinish және eGov платформалары арқылы, «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы да ұсыныстар қабылданды. Павлодар облысында мәслихат бес партиядан құралған. Көппартиялы мәслихат тарапынан аталған платформалар арқылы жиырмадан астам ұсыныс жолданып, олардың басым бөлігі Конституция жобасында қолдау тауып, ескерілді», – деді Сергей Теренченко.

Депутат Павлодар облысындағы депутаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар, кәсіподақтар, ардагерлер кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және жастар өкілдерімен Конституциялық реформа бойынша кездесулер өткізгенін атап өтті.

«Павлодар облысы атынан комиссия жұмысына толық қолдау білдірілді. Барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен партияның өңірлік филиалдары халықпен белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныстар комиссияға қарау үшін жолданып отыр.

Білім, ғылым, мәдениет және инновациялар мемлекеттік саясаттың жай бағыттары ғана емес, ел дамуының берік негізі ретінде бекітіледі. Цифрлық құқықтарға ерекше назар аударылуы қазіргі ақпараттық кеңістікте жеке тұлғаны қорғаудың маңызын көрсетеді. Саяси жүйені жаңғырту, бұл ретте мемлекеттің негізгі қағидаттары егемендік, унитарлық және аумақтық тұтастық өзгеріссіз қалады. Дайындалған жаңа Конституция жобасы жай ғана күрделі құқықтық құжат емес. Ол мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар және қоғам сұранысына, заман талаптарына толық жауап береді», – деді ол.