Астанада Қазақстан жастары конгресінің ұйымдастыруымен «Конституциялық реформа: жастар үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға жастар ұйымдарының өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талқылау барысында конституциялық реформаның негізгі ережелері, оның жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы, азаматтық белсенділікті дамыту, сондай-ақ жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мәселелері қарастырылды.
Іс-шараны ашқан Қазақстан жастарының конгресі Атқарушы директоры Бақдаулет Жанділдаев Қазақстан үшін қазіргі кезеңнің тарихи маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, елде конституциялық реформа жүзеге асырылып, Конституцияның жаңартылған мәтіні кең қоғамдық талқылауға ұсынылған. Жаңа редакциядағы Негізгі заң әлеуметтік мемлекет қағидаттарын күшейтіп, барлық азаматтарға, соның ішінде жастарға да, білім алу, еңбек ету және өзін-өзі дамыту салаларында тең мүмкіндіктер беруге бағытталғаны айтылды.
Дөңгелек үстелде Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтайының мүшесі Зұлфұхар Ғаипов, «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Нұрасыл Бекматов, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі Арайлым Сапарали, сондай-ақ саясаттанушы, «Бизнес, қоғам және мемлекет арасындағы байланыстар қауымдастығы» ЗТБ басшысы Аяжан Утеуова сөз сөйледі.
Зұлфұхар Ғаипов жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды кешенді талдау, ашық қоғамдық талқылау және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау нәтижесінде дайындалған.
«Соңғы жылдары елімізде “Әділетті Қазақстан” идеясын іске асыру мақсатында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Бұл өзгерістердің негізгі өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей әрі мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету», – деді ол.
Өз сөзінде Нұрасыл Бекматов конституциялық өзгерістердің тек құқықтық жүйені жетілдіруге ғана емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға да бағытталғанын атап өтті. Ол жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытудың маңыздылығына тоқталып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының ерекше мәнге ие екенін айтты.
«Экологиялық мәдениет тек заң арқылы ғана емес, ең алдымен сана мен тәрбие арқылы қалыптасады. Жастар “Таза Қазақстан” сияқты бастамаларға қатысу арқылы қоршаған ортаны қорғауға және туған жерге жанашырлықпен қарауға нақты үлес қоса алады», – деді спикер.
Дөңгелек үстел аясында жаңа Конституция жобасының идеологиялық негіздеріне де ерекше назар аударылды. Бақдаулет Жанділдаев өз сөзінде преамбуланың маңыздылығын атап өтіп, дәл осы бөлім Негізгі заңның құндылықтық және мазмұндық бағытын айқындайтынын айтты. Оның пікірінше, жаңартылған Конституцияның преамбуласында тарихи жолын терең түсінетін, болашаққа нық қадам басқан, кемел әрі жауапты Қазақстанның бейнесі айқын көрініс табады. Бұл өзгерістер формалды редакциялық түзету емес, қоғам сұранысы мен заман талабынан туындаған саналы тарихи таңдау екені атап өтілді.
Сондай-ақ «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бөлімінің жетекшісі Сапарали Арайлым сөз сөйлеп, Конституцияның мемлекет пен қоғам дамуының берік іргетасы екенін атап өтті:
«Конституция – еліміздің негізі. Қоғам дамыған сайын заң да заман талабына сай жаңаруы тиіс. Ұсынылып отырған реформа әділдікке, заң үстемдігіне және ашық мемлекет құруға бағытталған. Референдум – халықтың, соның ішінде жастардың да, өз таңдауын жасау мүмкіндігі.
Конституциялық реформа саяси мәдениеттің өсуіне, азаматтық жауапкершіліктің артуына жол ашады. Жастар бейжай қалмай, белсенділік танытып, бұл үдерістерге жауапкершілікпен қарауы қажет».
Дөңгелек үстел барысында «сұрақ–жауап» форматында ашық пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар өзекті құқықтық және әлеуметтік бастамаларды талқылап, конституциялық өзгерістер жағдайында жастар саясатын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны қоғамдық талқылау демократиялық институттарды нығайтуға, азаматтық белсенділіктің артуына және жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін күшейтуге ықпал ететіні жөнінде ортақ пікірге келді.
Аталған дөңгелек үстел пікір алмасуға, ұсыныстар қалыптастыруға және жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тартуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.