Өскеменде қоқыс толған пәтер өртеніп кетті (ВИДЕО)

Бүгін, 15:52 / Інжу Әлихан
ТЖМ

Өскеменде Төтенше жағдайлар қызметінің күштерімен 60 шаршы метр аумақтағы өрт сөндірілді. Өрттің шығуына қоқыстың тұтануы себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үш бөлмелі пәтер түрлі тұрмыстық заттармен және қажетсіз үйінділермен толықтай бітеліп қалған. Өрт сөндірушілерге өрт ошағына жету үшін жиналып қалған қоқыстарды аршып, тазалауға тура келді. Өрт шыққан аумаққа үйдің ішкі кіреберісі арқылы, сондай-ақ арнайы автосатының көмегімен сыртқы жағынан да қол жеткізілді.

Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде оттың көрші пәтерлерге таралуына жол берілген жоқ. Зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және өрттің шығуына әкеп соғуы мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.