Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кеңес барысында Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы ретінде Мұхтар Қожаев таныстырылды. Ол бұған дейін ІІМ Тергеу департаментін басқарған.
Министр мегаполистегі криминогендік жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту және полиция қатарындағы тәртіпті нығайту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Қызметтік тексеру нәтижесінде бірқатар басшылар қызметтерінен босатылды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы мен оның бөлім басшыларының бірі атқарып отырған лауазымдарынан шеттетілді.
– Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді, – деп атап өтті Ержан Саденов.
Министр резонансты қылмыстық істердің, соның ішінде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істің тергеуі ерекше бақылауда екенін атап өтіп, тергеу-жедел бөлімшелерге жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, сталкингке қарсы іс-қимыл, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және полиция қызметіне цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу мәселелері көтерілді.
Министрдің тапсырмасымен Шымкент қалалық полиция бөліністерінде ІІМ-нің кешенді инспекторлық тексерісі басталды.