Мемлекет басшысының пәкістандық The News International басылымына берген сұхбаты жарияланды

Бүгін, 15:12 / Ербұлан Қайрат
сурет: The News International

Мемлекет басшысының пәкістандық The News International басылымына берген сұхбаты жарияланды. Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейінде бағалап, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, Пәкістанға жасалған алғашқы мемлекеттік сапар нәтижесінде көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтитын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы өңірлік байланыстылық мәселесіне де тоқталып, Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан дәлізін дамыту Оңтүстік Азия нарықтарына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Бұл бағыттағы жобалар транзиттік және көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, аймақаралық байланысты дамыту –  күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Біздің ойымызша, бұл жобаның өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызы зор. Пәкістанның осы стратегиялық бағытта елімізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады. Мүдделі тараптар көлік-транзит жобаларын табысты жүзеге асыруға белсенді атсалысып, ортақ іске жұмыла кіріседі деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

АҚШ-тағы ішкі саяси үдерістерге қатысты пікір білдірген Президент Дональд Трампты ұлттық мүддені бірінші орынға қоятын, болашақты бағдарлай білетін көшбасшы ретінде сипаттады. Ол «ақылға қонымды саясатқа» және заң мен тәртіпті нығайтуға басымдық берудің маңызын атап өтті.

Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасының жоғары көрсеткіштерінен, сондай-ақ қазіргі кезде ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады. Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын. Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады. Менің ойымша, азаматтар заңды және құқық қорғау органдарының талаптарын мүлтіксіз сақтап, оларды құрметтеуге тиіс, – деді Президент. 

Сондай-ақ сұхбатта Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу себептері түсіндірілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімнің бейбітшілік, халықаралық диалог және өңірлік тұрақтылық қағидаттарына негізделгенін, сондай-ақ инвестиция мен озық технология тартуға жол ашатынын айтты.

Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз. Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімдері, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама. Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақ мерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал. Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз. Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісімдеріне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенемін. Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты Мемлекет басшысы Қазақстанның тек саяси-дипломатиялық шешімді қолдайтынын жеткізді. Қазақстан келіссөздер үшін бейтарап алаң ұсынуға дайын, алайда тікелей делдал болуды мақсат етпейді. Сонымен қатар Президент елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларға тоқталып, суперпрезиденттік жүйеден теңгерімді президенттік республикаға көшу жүзеге асқанын айтты. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сұхбат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашақ даму бағытын атап өтіп, әділетті, қауіпсіз, цифрлық және бәсекеге қабілетті мемлекет құруды көздейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика мәртебесін сақтап отыр, ал негізгі мақсат – азаматтардың өмір сапасын жақсарту.

Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру. Бұл ретте біз «Заң және тәртіп» қағидатын бәрінен жоғары қоямыз. Ал халқымыздың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті. Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді. Бұдан бөлек, еліміздің энергетика саласын жаппай жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды іске асыра бастадық. Бұл қадамның бәрі таңдаған жолымыздың қандай екенін көрсетеді. Мақсатымыз – әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан озық әрі әлемдік деңгейдегі бәсеке төтеп бере алатын экономика құру, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Тэгтер:

Президент The News International