Мысық жүнінің химиялық құрамы шөпқоректі жануарлардікіне жақын болатынын көрсетті. Бұл күтпеген қорытынды Вена университетінің микробиология және экожүйелік ғылымдар департаментінің ғалымдары жүргізген изотоптық талдау барысында анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мысықтар – облигатты жыртқыштар. Яғни, олар етсіз өмір сүре алмайды, себебі ағзасы бірқатар өмірлік маңызды заттарды өсімдік тектес тағамнан ала алмайды. Сол себепті жануардың тағамдық тізбектегі орнын оның тіндерінің химиялық құрамына қарап анықтауға болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда мысықтарға қатысты бұл әдіс басқаша нәтиже берген.
Зерттеушілер үй мысықтарының жүндері мен мұрттарындағы тұрақты азот изотоптарының – ¹⁵N және ¹⁴N – мөлшерін өлшеп, оларды коммерциялық мысық азықтарының құрамымен салыстырған. Сонымен қатар алынған деректер әртүрлі тағамдық үлгіні ұстанатын 653 адамның (вегандардан бастап аралас тамақтанатындарға дейін) шашындағы изотоптық көрсеткіштермен салыстырылды. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Ecology and Evolution журналында жарияланды.
Азот изотоптарының арақатынасы δ¹⁵N көрсеткіші арқылы бағаланады. Әдетте жануар тағамдық тізбекте неғұрлым жоғары тұрса, бұл көрсеткіш соғұрлым жоғары болады. Көпшілік жануарларда тағам мен тіндер арасындағы айырмашылық – трофикалық дискриминация коэффициенті шамамен 3-5 промилле. Ал мысықтарда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болып шыққан.
Мысық жүндері мен мұрттарындағы орташа δ¹⁵N шамасы 6,5-6,6‰ болған. Бұл мән адамдар-вегандарға жақын және аралас тамақтанатын адамдардан едәуір төмен. Ал мысық азықтарының өзінде δ¹⁵N шамамен 5‰ деңгейінде болған. Соның нәтижесінде мысықтардағы трофикалық дискриминация коэффициенті небәрі 1,6‰ құраса, аралас тамақтанатын адамдарда ол орта есеппен 4,7‰ болған.
Формалды түрде алғанда, изотоптық көрініс бойынша мысықтар өсімдік тектес тағам тұтынатын жануарларға ұқсап кетеді. Алайда мәселе олардың рационында емес, зат алмасу ерекшелігінде. Мысықтар ет ақуызын өте тиімді пайдаланады: оның аминқышқылдық құрамы олардың ағзасының қажеттіліктеріне барынша сәйкес келеді. Сондықтан тағамнан түскен аминқышқылдары жүннің кератиніне күрделі биохимиялық өзгерістерсіз енеді. Ал дәл осы өзгерістер әдетте ауыр азот изотопының жиналуына әкеледі. Адамдар мен басқа жануарларда ақуыз өңделуі күрделірек болғандықтан, тіндердің изотоптық құрамы айқынырақ «ығысады».
Бұл дерек δ¹⁵N көрсеткішінің төмен болуы әрдайым өсімдікке негізделген диетаны білдірмейтінін көрсетеді. Кей жағдайда ол зат алмасудың тиімділігі мен рациондағы ақуыз сапасын аңғартады. Экология үшін бұл маңызды тұжырым, себебі түрдің физиологиясын ескермей жүргізілген изотоптық талдау қате қорытындыларға алып келуі мүмкін.
Зерттеу авторлары мысықтардағы трофикалық байытудың неге соншалық төмен болатыны әлі толық түсіндірілмегенін атап өтеді. Сонымен қатар жұмыс тек жүн мен мұртты қамтыған, бұл құбылыс қан, бұлшық ет немесе сүйек тіндерінде де байқала ма – ол әзірге белгісіз.