Шымкент қалалық №2 ауруханасының перзентханасында бір отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
1995 жылы туған Өтемісқызы Гүлбағира 31 апта жүктілікте дәрігерлердің көмегімен үшемді аман-есен өмірге әкелді. Мерзімінен бұрын туғандықтан, алғашқы үш тәулік бойы сәбилер жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Балалар тыныс алу қолдауын алып, өмір үшін күресті. Кейін олар жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылып, ем-дом мен күтім жалғастырылды.
Үшемдерді үйінде 4 бауыры күтуде. Анасы декреттік демалыста болса, әкесі құрылыс саласында еңбек етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 6 қаңтарда Шымкентте Хабиба, Халима және Хамида есімді үшем дүниеге келген болатын. Сәбилер салмақ қосып, 2 300 грамға дейін жетті. Қазір нәрестелер мен ананың жағдайы тұрақты. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде үшемдер өмірге сәтті бейімделіп, қалыпты дамуда.