«Нәресте бесікте болған»: Алматы облысында бір отбасының төрт мүшесі көз жұмды

Бүгін, 20:14 / Өтей Торғайұлы
коллаж: turkystan.kz

Алматы облысында Сарыбастау ауылы маңындағы шалғай қыстақтардың бірінде қайғылы жағдай орын алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиғаның ықтимал себебі — улы газдан (ыс) улану болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми органдар тарапынан расталмаған. Қаза тапқандардың арасында 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел және бір жарым жасар сәби бар.

Жақын туыстары олардан бірнеше күн хабар ала алмаған соң, қыстаққа арнайы барып, үй ішінен отбасы мүшелерінің мүрделерін тапқан. Бұл жайт туралы дереу аудандық полицияға хабарланған.

Ауыл тұрғыны Ерқанат Ақылдосовтың айтуынша, марқұмдар қыстақта мал бағып, оңаша тұрған.

«Біздің бауырымыз сол жақтағы қорада мал ұстайтын. Соңғы рет 30 қаңтарда ауылға келіп, көлігіне бензин құйып кеткен екен. 31-і күні туған күні болған. Кешке от жағып жатқанда көмірдің ұсақ болғаны себепті пеш дұрыс тартпай, ыс үйге тараған сияқты. Кеше барған жігіттер үйге кіргенде ыс иісі қатты болғанын айтты», – дейді Ерқанат Ақылдосов.

Қазіргі таңда қайтыс болғандардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Мамандар оқиғаға қатысты тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құзырлы органдар нақты себептер тергеу нәтижесінде анықталатынын хабарлады.

Тэгтер:

Алматы облысы Отбасы малшы