Бүгін елордада «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырысқа «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері, Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиында жаңа Конституцияның жобасы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу нысандарымен қамту, оқу бағдарламалары мен жұмыс оқу жоспарларын бейімдеу мәселелері, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті білім беруді дамыту шаралары талқыланды.
Жиында сөз алған «AMANAT» партиясының хатшысы, Әйелдер қанатының төрайымы Шолпан Каринова жаңа Конституция жобасының маңызына кеңінен тоқталды.
«Баршамыз Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеу секілді ауқымды тарихи оқиғаның куәсі әрі қатысушысы болдық. Бұл жұмыс ашық әрі жария түрде, кең қоғамдық қатысу қағидатына негізделе отырып жүргізілді.
Өздеріңіз білетіндей, еліміздің барлық өңірлерінен мыңдаған ұсыныстар келіп түсті, ал пікірлер мен ұсыныстарды жинау үдерісі бүгінгі күні де жалғасуда. Мұндай белсенді талқылаудың себебі түсінікті, себебі Конституция – бүкіл ел өмір сүретін негізгі ережелер жиынтығы.
Бүгін әрбір азаматтың Қазақстанның болашағына өз үлесін қосуға белсенді азаматтық ұстанымын ұсыныстар мен саналы қатысу арқылы білдіруге толық мүмкіндігі бар. Ата заң жобасы қоғамда жүзеге асырылып жатқан жүйелі саяси және экономикалық өзгерістерді көрсетіп, ел дамуының жаңа бағдарларын, оның ішінде білім, ғылым және инновациялар саласындағы басымдықтарды айқындайды.
Жаңа Конституция жобасы Мәжілісте «AMANAT» партиясы Фракциясының отырысында талқыланып, қолдау тапты. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеу Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құруға бағытталған ауқымды реформаларының қисынды жалғасы екенін атап өтті», - деді Ш. Каринова.
Келесі сөз кезегін алған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Ерлан Әбдиев отырыста екі негізгі мәселеге тоқталды.
«Қазір ұлттық деңгейде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа Заң әзірленіп жатқанын білесіздер. Ол осыған дейін жасалған жұмыстардың жүйелі жалғасы. Құжат Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы, сондай-ақ Сенат депутаттарының бастамасы негізінде дайындалуда.
Әзірленіп жатқан заң жобасы балалардың медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың сапалы білім алуымен қатар, қоғамда табысты әлеуметтенуі үшін де аса маңызды.
Осыған орай, бүгінгі отырыстың күн тәртібіне екі негізгі мәселе шығарылып отыр: біріншісі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамту, оқу бағдарламалары мен жұмыс жоспарларын бейімдеу.
Ал екінші мәселе – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инклюзивті оқытуды дамыту», - деді депутат.
Аталған екі мәселе бойынша Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова әрбір нормалардың негізгі мақсаттарын жіктеп қарастырды.
«Оқу-ағарту министрлігі жаңа Конституцияның жобасындағы әрбір нормалардың негізгі мақсаттарын жіктеп қарастырды. Педагогтер қауымының қолдап отырғаны – ең біріншіден адами капиталды әрі қарай дамыту, білім, ғылым, инновация мен мәдентиетті ұштастыру.
Ерекше білім беруді қажет ететін әр баланы тек оқумен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен қолжетімді орта құрастыру – негізігі міндеттердің бірі. Елімізде 237 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның ішінде мектепке дейінгі жаста – 71 мың бала, мектеп жасында – 166 мың бала.
Қазір инклюзивті білім беру жағдайында балабақшаларда 49 200 бала, мектептерде 138 700 бала білім алып жатыр.
Елімізде қазір 124 инклюзивті және арнайы педагогика ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс істеп тұр. 2026 жылы тағы 8 ИНПК ашылу жоспарланып отыр. Түркістан облысында 3, Алматы облысында 2, Алматы қаласында 2, Жамбыл облысында 1 орталық ашылады», - деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтері әр мектепте құрылған. Олардың құрамында арнайы педагогтер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, педагог-асистенттер бар. Білім беру ұйымдарында 11 мыңнан аса арнайы педагог қолдау көрсетеді.
«Білімін жетілдіру мақсатында жыл сайын 7 мыңға жуық педагог «Өрлеу» орталығында арнайы курстан өтеді. Курстардың мазмұны практикаға бағытталған. Оқу-әдістемелік сүйемелдеу бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы, қолжетімді білім алуын, қамтамасыз ету аясында соңғы 6 жылда 360 арнайы оқу бағдарламасы және 300-ден аса оқулық, оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, қолданысқа ұсынылды», - деді вице министр.