Заңгер Айман Омарова жаңа Конституцияның преамбуласын жоғары бағалады

Бүгін, 17:30 / Дана Ізтілеуова
Видеодан скриншот

Жаңа Конституцияның преамбуласында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы көрініс тапқан. Бұл жөнінде белгілі заңгер, Конституциялық комиссияның мүшесі Айман Омарова Instagram-да жаңа Ата заңымызды талқылауға арналған тікелей эфирде мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырым – өте салмақты норма. Менің ойымша, преамбула сәтті және саяси тұрғыдан аса мағыналы шыққан», - деп атап өтті Айман Омарова.

Оның айтуынша, кіріспенің жаңа редакциясының күші – қазақ мемлекеттілігінің тарихи үздіксіздігіне баса назар аударуда.

«Бұл норманың мәні – біз мыңжылдық тарихтың сабақтастығы туралы ашық айтып отырмыз. Қазақ хандығы мен Қазақ мемлекеттілігі ХХ ғасыр оқиғаларынан әлдеқайда бұрын болғандығын еске салады», - деп толықтырды Конституциялық комиссияның мүшесі.

Жаңа Конституцияның жобасы преамбуладан, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтыды. Түзетулер 77 бапқа енгізілді, бұл Конституцияның жалпы мәтінінің 84 %-ын құрайды. Жаңа Ата заңның мәтінімен Конституциялық соттың сайтында танысуға болады.

Тэгтер:

Айман Омарова Конституцияның преамбуласы