Жаңа Конституцияның жобасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ кеңсесінде таныстырылды

Бүгін, 17:00 / Дана Ізтілеуова

ҚР ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына қарасты Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының директоры Мария Телалианның шақыруымен Сайлауды байқау жөніндегі үйлестірушілер жиынының жұмысына қатысты. Варшава қаласындағы ЕҚЫҰ ДИАҚБ бас кеңсесінде өтіп жатқан жоғары деңгейдегі форумға Еуропаның 33 елінен, АҚШ, Канаданың өкілдері жиналды. Делегациялардың құрамында орталық сайлау органдарының, сыртқы саяси ведомстволардың, сараптамалық қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күн тәртібінде сайлауды байқау миссияларын қалыптастыру, оларды даярлау, қызметін ұйымдастыру және ресми органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қойылды.

Іссапар бағдарламасы аясында Мұхтар Ерман ЕҚЫҰ ДИАҚБ директоры Мария Телалианмен кездесті. Мүдделі әрі мазмұнды диалог барысында Ортсайлауком төрағасының орынбасары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформа аясында елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы өзекті ақпаратты ұсынды. Сұхбаттасушыға саяси трансформацияның негізгі аспектілері таныстырылды. Өкілдік билік органдарындағы алдағы өзгерістерге, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы, оның депутаттарының партиялық тізімдер бойынша сайлануы, вице-президент лауазымының енгізілуі, сондай-ақ заң шығарушылық бастама құқығына ие Халық кеңесінің құрылуына арнайы назар аударылды. Мария Телалиан маңызды ақпарат үшін алғысын білдіріп, алдағы жалпыұлттық референдумға ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқау миссиясын жіберу мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді.

ҚР Конституциясы жобасының мазмұны ағылшын тіліндегі материалдар мен инфографика түрінде де кеңес қатысушыларының назарына жеткізілді. Бірқатар делегация өкілдері әртүрлі халықаралық байқау миссияларының құрамында қатысуға қызығушылық білдірді.

Мұхтар Ерман ҚР Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұзақ мерзімді (АҚШ сайлаулары) және қысқа мерзімді (Әзербайжан, Молдова) сайлауды байқау миссияларының құрамында тәжірибе қорын арттырып жатқандығын атап өтті. 

Кездесу соңында Мария Телалианға ҚР Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен сайлау тақырыбында жарық көрген кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы сыйға тартылды.

Варшавадағы іссапар бағдарламасы аясында Мұхтар Ерман Польша Республикасының Ұлттық сайлау бюросының басшысы Пафаль Ткачпен кездесті. Сұхбаттасушылар сайлау органдарының қазіргі қызметі туралы ақпаратпен бөлісті, ынтымақтастық перспективаларын талқылады, оның ішінде жастардың белсенділігін арттыру және сайлау комиссиялары мүшелерін жүйелі оқыту мәселелері бойынша бірқатар басымдықтардың ұқсастығын атап өтті. Сайлауда цифрлық технологияларды пайдалану мәселесі жекелей қаралды. Польшалық әріптестер киберқауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі мен сайлаушылардың жеке деректерін қорғау басты мәселе екенін ерекше атап өтті, сондай-ақ жалған ақпараттың заңсыз таралуының күшею үрдісіне назар аударды.

Бүгінде Польшада дауыс беру қағаз бюллетендері арқылы жүргізіліп, азаматтардың ерік білдіруінің қорытындылары қолмен есептеледі.

ҚР ОСК басшысының орынбасары Польша Ұлттық сайлау бюросының басшылығына Қазақстандағы алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттарын таныстырып, жоспарланған референдумға ауызша алдын ала шақыруды жеткізді. Тараптар өзара кәсіби байланыстарды жалғастыру туралы келісті. 

Тэгтер:

Жаңа Конституцияның жобасы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы