Алматы қаласының перинаталдық орталығында 39 жастағы қала тұрғыны үшем өмірге әкеліп, алты баланың анасы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz
Бұған дейін отбасында үш бала болған. Жүктілік табиғи жолмен, қосалқы репродуктивті технологиясыз жүзеге асты.
Әйел 32 апта және 2 күн ішінде шұғыл түрде кесарь тілігі арқылы босанды. Түнде акушер-гинекологтар, анестезиологтар мен неонатологтар тобы жедел жұмылдырылды.
Екі ұл мен қыз дүниеге келді: 1840 г (42 см), 1680 г (43 см) және 1620 г (40 см). Нәрестелерге Заңғар, Айбар және Әсел деген есім қойылды.
Нәрестелер шала туылғандықтан алғашқы минуттан бастап қарқынды бақылауға алынды, арнаулы ем көрсетіліп, дұрыс тыныс алуға жағдай жасалған. Үшемге жеке күтім бекеті бөлінген, балалардың жағдайы тұрақты, салмақ қосып келеді, алдағы уақытта ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр.