Заңсыз өнім көлемі артып келеді – депутат шара қабылдауды сұрады

Бүгін, 11:44 / Ербұлан Қайрат
сурет: parlam.kz

Қазақстанда контрафакт және заңсыз әкелінген өнім көлемі артып келеді, бұл жағдай елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттардың айтуынша, контрафактілік тауарлар мәселесі бүгінде тек экономикалық шығынмен шектелмей, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жүйелі проблемаға айналған. Заңды өндірушілер мен ресми дистрибьюторлар азық-түлік өнімдерінен бастап тұрмыстық химияға дейінгі тауарлардың көлеңкелі айналымының бақылаусыз ұлғайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде.

Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы тәркіленген контрафактілік өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. Алайда депутаттар бұл көрсеткіш көлеңкелі айналымның нақты ауқымын толық қамтымайтынын, ал заңсыз нарықтың шынайы көлемі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сауалда контрафактілік өнімдердің шекара қауіпсіздігімен тығыз байланысты екені де айтылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, жылдың алғашқы айында шекара кеңістігінде 3 026 құқықбұзушылық тіркелген. Депутаттардың пікірінше, мұндай жағдайлар елдің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне жүйелі түрде нұқсан келтіруде.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында заңсыз әкелінген «Колгейт-Палмолив» (Colgate-Palmolive) маркалы контрафактілік тіс пастасын сату фактілері анықталған. Өнімдер сыртқы тұрпаты жағынан түпнұсқаны қайталағанымен, қаптамасы мен таңбалануы ресми талаптарға сәйкес келмеген. Алматы және Шымкент қалаларындағы базарларда «Бондюэль» (Bonduelle) маркасымен сатылған консервіленген көкөністер арасында да жалған өнімдер тіркелген.

Депутаттар сондай-ақ құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері мен құрғақ ашытқылар бойынша да контрафактілік фактілердің бар екенін атап өтті. Аталған өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларсыз таратылып, азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.

Сауалда контрафактілік өнімдердің едәуір бөлігі «сұр» схемалар арқылы, кедендік және салықтық бақылауды айналып өтіп, әсіресе Ресей мен Қытаймен шекаралас учаскелер арқылы, соның ішінде «Қорғас» бағытымен елге әкелінетіні көрсетілген. Бұл жағдай заңды бизнестің бәсекелік мүмкіндіктерін шектеп, инвестициялық ахуалға кері әсер етуде.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары контрафактілік пен «сұр» импортқа қарсы жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, соңғы бес жылдағы заңсыз өнім айналымына қатысты кешенді талдау жүргізу, тауардың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін цифрлық платформа әзірлеу, бірқатар тауар санаттарын тек ресми дистрибьюторлар арқылы өткізу тетігін енгізу және контрафактілік өнімдер үшін жауапкершілікті қатаңдату ұсынылды.

Тэгтер:

контрафакт заңсыз өнім