"Студент оқытушыны пышақтаған": депутат білім беру мекемелеріне қауіпсіздік стандарты қажет екенін айтты

Бүгін, 11:27 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты Премьер-Министр орынбасары Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, бұл тақырып Парламентте бірнеше рет көтерілгенімен, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай отыр және шұғыл әрі жүйелі шешімді талап етеді. Себебі мәселе балалардың, студенттердің және педагогтердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты.

Самат Нұртаза отандық білім беру ұйымдарындағы, әсіресе балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы алаңдаушылық тудыратынын атап өтті. Оның сөзінше, көптеген мекемелерде күзет формальды түрде ғана ұйымдастырылған, ал іс жүзінде бұл міндетті көбіне жасы келген адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай, депутаттың пікірінше, күзет қызметіне бөлінетін жалақының төмен болуымен байланысты, соның салдарынан білікті мамандарды тарту қиынға соғып отыр.

Сауалда білім беру мекемелеріне кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілінің жоқтығы да атап өтілді. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді. Сонымен қатар көптеген мектептер мен балабақшаларда тыйым салынған заттарды анықтайтын техникалық тексеру құралдарының, соның ішінде металл детекторлардың жоқ екені айтылды.

Депутат жақында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде болған оқиғаны мысалға келтіріп, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесінің әлсіздігі ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұдан бөлек, биыл білім беру мекемелеріне қатысты «шабуыл жасалады» деген мазмұндағы жалған ақпараттар мен қауесеттердің бірнеше рет тарауы қоғамда, әсіресе ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызғанын айтты.

Самат Нұртазаның пікірінше, мұндай жағдайлар қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қағаз жүзінде емес, нақты түрде күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті бірыңғай қауіпсіздік стандартын әзірлеп, енгізу қажет деп санайды. Сондай-ақ балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лицензиясы бар күзет ұйымдарымен ғана шарт жасасуды ұсынды.

Бұдан бөлек, еліміздегі барлық білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда да техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу және білім беру ұйымдары орналасқан аумақтарда патрульдеуді күшейту мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.

Депутат сауалға заңнамада белгіленген мерзімдерде жазбаша жауап беруді сұрады.

Тэгтер:

депутат білім беру қауіпсіздік