Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай «шығыс» және «қытай медицинасы» атауымен жұмыс істейтін бірқатар орталықтардың лицензиясыз, талапқа сай қызмет көрсетпейтінін айтып, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутат аталған орталықтар азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Менің атыма Астана қаласынан және басқа да өңірлерден «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардың шағымдары келіп түсуде.
Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазивті рәсімдердің санитариялық талаптарды сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі. Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекен-жайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар
да кездеседі.Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.
Қазақстанда «дәстүрлі қытай медицинасы» атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі мазмұны жағынан медициналық қызметке жатады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауды қажет етеді. Алайда шағымдар көптеген нысандарда бұл талаптардың іс жүзінде орындалмайтынын көрсетуде: қызметтің құқықтық мәртебесі көмескі, мамандардың құзыреті мен жауапкершілігі айқын емес, ал кей жағдайларда клиникалық практикаға жіберілу тәртібі толық расталмаған шетел азаматтарының «ем жүргізуі» туралы деректер бар», - деді Мәжіліс депутаты.
Ол пациент қауіпсіздігіне төнген қатерлерге байланысты орталықтарды құқықтық тұрғыдан нақтылап, инвазивті рәсімдерге, шетелдік мамандарға және онлайн-жарнамаға бақылауды күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
«Негізгі қауіп – пациент қауіпсіздігі: антисанитария, стерильділік стандарттарының бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау және инвазивті рәсімдерді қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізу туралы сигналдар.
Сонымен бірге «препарат/дәрумен/қоспа» ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы күмән тудырады, ал онлайн-жарнамада ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беру фактілері пациентті жаңылыстыру тәуекелін күшейтеді. Кей нысандардың «тез ашылып - қысқа мерзімде жұмыс істеп - жабылып/көшіп кетуі» жоспарлы тексерудің шектеулерін көрсетіп, тәуекелге негізделген бақылауды және ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажеттігін айқындайды.
Осыған байланысты мынадай нақты ұсыныстарға назар аударуыңызды сұраймын:
1. Бұл қызмет түрлерін құқықтық тұрғыдан нақты жіктеп, ресми түсіндірме жариялауды;
2. Инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейтуге;
3. Шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуге;
4. Тіркелмеген препараттар мен онлайн-жарнаманы ведомствоаралық бақылауды күшейтуге;
5. Азаматтарға лицензияны және дәрілік заттардың заңдылығын тексеру бойынша нысаналы ақпараттық жұмыс жүргізуді жолға қоюға.
Осы депутаттық сауалды бақылауға алып, көрсетілген сұрақтар бойынша толық әрі нақты жауап беруіңізді, қажет болған жағдайда өңірлік департаменттер мен құзырлы органдар қатысуымен кешенді тексеру жүргізуді сұраймын», - деді А. Әлтай.