Атырау облысы Қызылқоға ауданында жұмбақ жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыптының немерелері мемлекет қамқорлығына алынды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін бүтін бір отбасының (ерлі-зайыпты және ересек ұл-қызы) жоғалып кеткені хабарланған. Кейін ерлі-зайыптының мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылды.
Қазір отбасының ересек ұл-қыздарынан әлі күнге дейін хабар жоқ. Үйдің кенже қызы мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке іздеу жарияланған.
Ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдік күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке түсті. Оның кәмелетке толмаған 3 баласы бейімдеу орталығына, ал 3 және 1 жастағы екі сәбиі балалар үйіне уақытша орналастырылды.
«Махамбет ауданының кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия үш баланы Атырау облысы білім басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал 3 және 1 жастағы екі сәбиді мамандандырылған балалар үйіне уақытша орналастырды», – деп хабарлады Атырау облысының білім басқармасы.