Тұрақты дене белсенділігі мидың биологиялық жасын төмендетуі мүмкін. Мұндай қорытындыға америкалық ғалымдар жүргізген жаңа клиникалық зерттеу барысында келді. Зерттеу Journal of Sport and Health Science (JSHS) ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар 26 мен 58 жас аралығындағы 130 дені сау ересек адамды бақылаған. Қатысушылар екі топқа бөлінді. Бірінші топ бір жыл бойы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған режимді ұстанып, аптасына шамамен 150 минут орташа немесе қарқынды аэробты жаттығумен айналысқан. Екінші топ өмір салтын өзгертпей, әдеттегі белсенділік деңгейін сақтаған.
Зерттеу соңында мамандар МРТ деректері мен биомаркерлерге сүйене отырып, мидың «биологиялық жасын» бағалады. Бұл көрсеткіш жүйке тінінің қаншалықты тозғанын көрсетеді және тек паспорттағы жаспен өлшенбейді.
Нәтижесінде, бір жыл бойы тұрақты түрде қозғалыста болған адамдардың миы орта есеппен өз хронологиялық жасынан 0,6 жылға «жас» көрінген. Ал бақылау тобында керісінше нәтиже тіркелді: олардың миы паспорттағы жасынан шамамен 0,35 жылға «кәрі» болған. Жалпы алғанда, екі топ арасындағы айырмашылық бір жылға жуықтаған.
Зерттеушілер биологиялық қартаю дегеніміз тек уақыттың өтуі емес, ағзада микрозақымдар мен функционалдық өзгерістердің жиналуы екенін атап өтеді. Биологиялық тұрғыдан «жас» ми когнитивтік қабілеттердің жақсы сақталуымен және нейродегенеративті ауруларға, соның ішінде деменцияға төзімділіктің жоғары болуына байланысты болуы мүмкін. Алайда бұл тәуекелдер зерттеу аясында тікелей бағаланбаған.
Айта кетерлігі, ғалымдар физикалық белсенділіктің ми жасына нақты қандай механизмдер арқылы әсер ететінін әзірге анықтай алмады. Алдын ала болжам бойынша, басты рөлді жүрек-қантамыр жүйесінің төзімділігі немесе қан қысымының төмендеуі атқаруы мүмкін еді, бірақ статистикалық талдау мұны растамады. Авторлардың пікірінше, әсер қабынудың азаюы, мидағы қан тамырларының өзгеруі немесе молекулалық деңгейдегі нәзік үдерістермен байланысты болуы ықтимал.