«Тұрғын-үй жәрмеңкесі» түйткілді шеше ала ма?

Бүгін Астанабасжоспар мекемесінде алғаш рет проблемалық тұрғын үйлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – құрылысы бітпей жатқан нысандарға инвесторларды тарту, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Жәрмеңкеге 70-тен астам құрылыс компаниясы қатысуға ниет білдірді. Оларға «Араби-2», «Скай сити», «Алға самал», «Байтау», «Столичный-2», «Үміт береке», «Әзірет Астана», «Жайлау сити» және «Табыс құрылтай» сияқты тоғыз проблемалық тұрғын үй таныстырылды. Бейнематериалдар арқылы әрбір нысанның бос алаңдары, жер телімдері, жобалардың нобайлары мен теxникалық сызба-нұсқалары жан-жақты көрсетілді. Бүгінде аталған тұрғын үйлер бойынша 2 мыңнан астам отбасы өз баспанасын күтіп жүр.

«Бүгінгі шараны біз алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Осыдан кейін кәсіпкерлер проблемалық тұрғын үйлерді таңдап, құрылысын аяқтауға атсалысады. Сөйтіп, үлескерлерді баспанамен қамтамасыз етеді де, артық шаршы метрлерден өз пайдасын көре алады. Негізгі меxанизм осындай. Жергілікті билік өз тарапынан құжат жағынан көмек беруге әзір. Жәрмеңкеге шығарылып отырған нысандарға үлескерлік құрылыс туралы жаңа заңнама қолданылатын болады. Сондықтан рұқсат қағаздарының барлығы жаңа заң бойынша беріледі», – дейді Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Рысқұлов. Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлер проблемалық тұрғын үйді таңдағаннан кейін сол нысанның тұрғын үй-құрылыс кеңесімен келісімге келіп, тиісті құжаттарды рәсімдейді. Құрылыстың тартымдылығын арттыру үшін компания қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үй-құрылыс кеңесі мен мемлекеттік органдармен келісе отырып, жобаны өзгерте алады.

Мәселен, қосымша қабаттарды қосуға мүмкіндік бар. Айта кетейік, бүгінде Астана әкімдігінің бақылауында 52 проблемалық тұрғын үй бар. Соның ішінде 30-дан астамына қылмыстық іс қозғалды.

 

 

Back to top button