TikTok желісінде өзін «емші» ретінде таныстырған алаяқ сотталды

Бүгін, 12:45 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астанада TikTok арқылы өзін «емші» ретінде таныстырған алаяққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот шешіміне сәйкес, айыпты тұлға 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.

Астана қаласының тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде экстрасенсорлық қабілеті барын айтып, адамдарды «емдеймін» деп сендірген аккаунт ашқан.

Әлеуметтік желі арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығында мәселелер барын білген ол, өзін ерекше қасиетке ие адам ретінде көрсетіп, ақылы түрде «ем жүргізуге» болатынына иландырып отырған.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, күдікті үш жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен алып, оны букмекерлік кеңселерде ұтыс тігуге жұмсаған.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушының кінәсін растайтын барлық дәлелдерді ұсынды. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды ішінара өтеген.

Нәтижесінде сот оны 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енді.