Артында төрт баласы қалды: Ақмола облысында жүкті әйел мен оның күйеуі көз жұмды

Бүгін, 07:20 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақмола облысында бесінші баласына аяғы ауыр әйел мен оның күйеуі жол апатынан қайтыс болды. 

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақсу-Бестөбе-Изобильное тас жолында LADA Largus және Toyota Land Cruiser Prado көліктері соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды.

— Жол апаты салдарынан LADA Largus көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Жол-көлік оқиғасында төрт баланың әкесі мен анасы көз жұмды. Әйел бесінші баласына аяғы ауыр болған.

Тәртіп сақшылары жол апатының алдын алу үшін жүргізушілердің, әсіресе көлік көп жүретін жерлерде жылдамдықты асырмауды, көліктерінің техникалық жағдайын қадағалау маңызды екенін еске салды.