Бурабайдa ер адам әріптесін абайсызда атып алды

Бүгін, 00:31 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Бурабайда жергілікті кәсіпорындардың бірінде ер адам әріптесін абайсызда атып алып, салдарынан зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға жұмыс орнында болған. Қызметкерлердің бірі қаңғыбас иттерді үркіту мақсатында оқ атпақ болып, қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың кесірінен әріптесінің аяғына оқ тигізіп алған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың оқ жарақатымен Бурабай аудандық ауруханасына жатқызылғанын растады. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы тұрақты, өміріне төнген қауіп жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ал Ақмола облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру және жануарларға қатыгездік көрсету белгілерімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп, қолданылған қару сараптамаға жіберілген.