Конституция жобасы төңірегінде жалған ақпарат таратқан адамға айыппұл салынды

Бүгін, 11:59 / Нұрлан Әлинұр
Фото: polisia.kz

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының мәтінінде шетел азаматтарына жер сатуға тыйым алынып тасталды деген жалған ақпарат тараған.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және фактілерді бұрмалау болып табылатынын хабарлады.

Жер және табиғи ресурстарға қатысты нормаларға ешқандай өзгеріс енгізілмеген, олар Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының талаптарына толық сәйкес келеді.

Жалған ақпарат тарату фактілеріне құқықтық баға берілді. Алматы қаласының аудандық әкімшілік сотының қаулысымен азамат А. көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Алматы қаласы Полиция департаменті қоғамдық кеңістікте жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салып, азаматтар мен медиа қауымдастық өкілдерін тек ресми және тексерілген ақпарат көздерін пайдалануға шақырады.