Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ профессоры Ермек Әбдірасылов Жаңа Конституцияның жобасына енгізілген Бір Палаталы Құрылтайға көшу мен Халық Кеңесін құрудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Жаңа Конституцияның жобасы – 2022 жылдан басталған ауқымды реформалардың логикалық жалғасы әрі оларды конституциялық тұрғыдан бекітетін шешуші кезең. Мемлекет пен қоғамды жаңғырту тек жекелеген өзгерістермен шектелмей, билік жүйесінің құрылымын, халықтың өкілдігін және құқықтық тетіктерді түбегейлі қайта қарауды талап етеді.
Бір Палаталы Құрылтайға көшу мен Халық Кеңесін құру – заман талабынан туындаған, сонымен қатар Ұлы Дала дәстүрлерімен сабақтасқан маңызды институционалдық қадам. Ал адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заңның кері күшіне тыйым салу, адвокатураның конституциялық мәртебесін нығайту құқықтық әрі демократиялық мемлекетті қалыптастырудың берік негізі болып саналады.
Тұтастай алғанда, жаңа Конституцияның жобасы Заң мен тәртіп қағидаттарына сүйенген Әділетті Қазақстанды құру жолындағы эволюциялық әрі жүйелі дамудың айқын көрсеткіші деп білемін", – дейді профессор.