Солтүстік Қазақстанда 19 жастағы жігіт жол апатынан қаза тапты

Бүгін, 20:42 / Өтей Торғайұлы

Жол-көлік оқиғасы 28 қаңтар күні кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша — Чкалово автожолында болды. Мироновка ауылының маңында Toyota Camry көлігі аударылып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көлікті 19 жастағы жігіт басқарған. Салонда тағы екі жолаушы болған. Автокөлік Донецкое ауылынан Тайынша бағытына қарай жүрген. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жол жиегіндегі кюветке ұшып түсіп, аударылған.

«ЖКО салдарынан жүргізуші ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Жолаушылар жеңіл жарақаттармен ғана құтылды. Дәрігерлер оларға қажетті көмек көрсетіп, үйлеріне жіберді», — деді СҚО ПД баспасөз қызметі.

Аталған жол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Бүгін қаза тапқан жігіт жер қойнына тапсырылды.
 

Тэгтер:

көлік Солтүстік Қазақстан