Мәжілісте мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Бүгін, 17:04 / Інжу Әлихан
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Айгүл Құспанның төрағалығымен мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырыста депутат Айгүл Құспан әскерге шақыру рәсімдерінің тиімділігі мен ашықтығы азаматтардың мемлекетке және армияға деген сеніміне тікелей әсер ететінін атап өтті.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров әскери қызметтің тартымдылығын арттыру үшін депутаттық корпустың қолдауы арқылы бірқатар кешенді шара іске асырылғанына назар аударды. Атап айтқанда:
- несие міндеттемелерін шегеру;
- жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бойынша ҰБТ тапсырмай түсу;
- әскери қызмет мерзімін білім гранттарын өтеуге теңестіру;
- сұраныс бар мамандықтар бойынша кәсіптік даярлықтан өту.

Отырысқа қатысушылар жастар мен ата-аналар арасында алдын ала түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін, сондай-ақ шақыруға келмегендерге қатысты жауапкершілік жүктейтін құқықтық тетіктерді енгізу керектігін атап өтті. Ол үшін цифрлық хабарлау құралдарын пайдалану, уақытша шектеу шараларын қолдану, кейін осы бағытта заңнамаға өзгерістер енгізу ұсынылды.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар әскерге шақыруды ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға және осы саладағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсынымдарды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.

Толығырақ mazhilis.parlam.kz сайтында.

Мәжіліс жаңалықтарынан хабардар болыңыз! Біздің әлеуметтік желілерімізге жазылыңыз.