Астанада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін, 14:40 / Дана Ізтілеуова

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде адалдық идеологиясын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілетудің жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдерімен қатар Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша барлық мүдделі тараптармен ашық әрі сындарлы диалог жүргізу, пікір алмасу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ортақ тәсілдерді айқындау болды.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай баяндама барысында Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айқындаған сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған саясат аясында іске асырылып жатқан превентивтік шаралардың басымдығын атап өтті. Ол сондай-ақ «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат» қағидаттарын Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың институционалдық негізі ретінде жүйелі түрде нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Осы тұрғыда «Қоғамдық пікір» институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстың азаматтардың құқықтық санасының артуына ықпал етіп, қоғамдық бағалауларда оң өзгерістерге әкелетінін көрсетіп отыр.

Атап айтқанда, халық арасындағы жемқорлықты қабылдау деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 32,9%-дан 31,9%-ға дейін төмендесе, қылмыстық қудалауға тартылған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2023-2024 жылдардағы 0,4%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша
0,3%-ға дейін қысқарды.

Бұл мәселеде ақпараттық-ағарту жұмысы мен азаматтық қоғамның парасаттылықты, моральдық-әдеп бағдарларды, сондай-ақ рухани құндылықтарды ілгерілетуге қатысу дәрежесі маңызды рөл атқарады.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қатысушылар жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыру мектеп ортасынан бастап, отбасылық және қоғамдық кеңістікті дәйекті түрде қамтитын жүйелі және ұзақ мерзімді сипатта болуы тиіс деген тұжырым жасады. Тек бүкіл қоғамның белсенді қатысуымен ғана тұрақты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мүмкін болады.

Тэгтер:

сыбайлас жемқорлық