Threads желісінде алдымен қазақша, сосын оның аудармасын француз тілінде жариялап жүрген француз қызына тамсанбаған адам кемде-кем. Парижде тұратын Элиз Пакето 5 жыл бұрын YouTube-та кездейсоқ көріп қалған видеолар легі арқылы қазақ мәдениетіне қызыға бастаған. Содан соң Париждегі қазақ киносының апталығына жиі барып, қызығушылығы одан бетер арта түскен. Қазір ол Париждегі қазақ мәдени орталығында қазақша үйреніп жүр. Алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгеріп, француздарға қазақша сабақ бергісі келетін Элизге хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Threads желісіне алғаш жүктеген, Парижде қазақ тілін әр сенбі сайын үйренетініңіз жайлы видеоңыз бес жүзден астам лайк жинаған екен.
– Парижде тұратын қазақ достарым Франциядағы өмір туралы блог жүргізеді. Ол бірде маған Қазақстанда Threads желісі танымал екенін айтты. Оған дейін TikTok-қа жиі салатын едім. Сөйтіп, былтыр қазан айында бір уақытта Instagram мен Threads-та парақша ашып, қазақша қалай үйреніп жүргенімді баяндай бастадым.
– Бастапқыда сізді Димаш Құдайбергеннің Франциядағы жанкүйері болар деп ойласам, қателесіппін. Қазақ тілін үйренуге құштар болуыңызға Димаштың еш қатысы жоқ екен. Расында солай ма?
– Иә. 2019 жылы YouTube-ты «ақтарып» отырғанда Қазақстанда тұратын америкалық қыздың видеосын кездейсоқ көріп қалдым. Ол онда өз өмірін ғана емес, елдегі ерекшеліктер туралы да баяндап жүрді. Онда жиі естілетін бейтаныс тіл мен музыкаға қызыға бастадым. Мен Қазақстанның қайда орналасқанын білемін, алайда тілі, діні, дәстүрі қандай екенінен бейхабар едім. Маған бәрі, бәрі қызық көрінді. Кейін Қазақстан, Орталық Азия, Жібек жолы туралы кітаптар оқи бастадым. Сол аралықта қазақ тілін үйренуім керек екенін түсіндім, алайда дүниежүзі бойынша пандемия басталып кетті. Тек әріптерді ғана жаттап алдым. Өз бетімше үйренгім келген еді, алайда қазақ тілін үйден шықпай-ақ үйретуге мүмкіндік беретін ресурс табу мүмкін емес. Қазақ тіліне қызыққалы бері ұғынғаным, егер сен орысша білсең, қазақша үйрететін көп ресурс таба аласың. Ал ағылшын немесе французтілділерге қазақшаны онлайн үйренуге болатын материалдар жоқтың қасы. Мен Парижге оқуға түскен соң ғана қазақ тілін қайта үйренуді қолға алдым. Бірде мұнда қазақ киносының фестиваліне бардым. Сол жерде Парижде қазақ мәдени орталығы бар екенін білдім. Сөйтіп, сол орталықпен тығыз байланыс орнатып, көп іс-шараға атсалыса бастадық.
Шынымды айтсам, басында Димаштың жанкүйерлері оның есімін айтып жүргенін естігенімде, оны адам аты емес, әлемнің бір бұрышындағы локация атауы болар деп ойладым (күліп). Мен оны кеш таныдым. Әндерін тыңдаймын. Париждегі оның көп жанкүйерінің дені – үлкен кісілер. Олар әлемнің басқа елдеріндегі комьюинитимен тығыз байланысы бар үлкен қауымдастық екен. Мен Қазақстанды кездейсоқ блог арқылы таныдым. Біз мұнда өтетін қазақ киносының фестивальдеріне жыл сайын барамыз. Маған онда көрсетілген дүниелер ұнап қалды. Мен секілді кино арқылы қазақ мәдениетіне қызыққандар жетіп артылады. Қазақ киносы арқылы қазақ тіліне қызығушылығым ауды. Қазақ тілі – расында әдемі тіл. Оны тезірек жетік меңгергім келеді. Десе де, бұл ресурс аздығынан мүмкін болмай тұр. Сол үшін Threads желісін қуатты құрал ретінде көп қолданамын. Онда қазақша көп пост оқимын. Сөйтіп, көп жаңа сөздерді түртіп алып, кейін қайталаймын. Кейін қазақ достарыммен сөйлесемін, онлайн араласатындармен қазақша жазысамын.
– Өзіңіз Францияның қай аймағынансыз?
– Мен Францияның оңтүстігінде орналасқан Прованс аймағында тудым. Мен өскен жақта университет жоқ болғандықтан, жоғары білімімді Парижде жетілдіргім келді. Мұнда сапа менеджері мамандығын игердім. Жалпы, маған түрлі мәдениет пен тіл үйренген ұнайды. Неміс тілін білемін, одан бөлек, кәріс, қытай тілдерін үйреніп жүрмін. Орысша сәл білемін. Себебі қазақша түсіну үшін орыс тіліндегі сөздерді жаттауға тура келді. Одан бөлек, спортты жаным сүйеді. Таэквондодан қара белбеу иегерімін.
Мектепте Қазақстанның КСРО құрамына кірген елдер тобында болғанын, кейін ол мемлекеттердің тәуелсіздік алғанын оқыдық. Бар болғаны осы. Десе де, көпшілік ол елдердің бөлек тілі мен ділі, дәстүрі барынан бейхабар болды. Сұрастырғанымда, расында, олар қазақ тілі, қазақ мәдениеті өз алдына бөлек әлем екенін білмеген. Менде де сондай түсінік болған. Алайда Париж бәрін өзгертті. Парижде қазақ мәдениетін насихаттайтын көп ивентке барамын. Наурызды айрықша атап өтеміз. Ара-тұра бәріміз жиналып, сурет саламыз. Былтыр ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде тұңғыш рет қазақ пен қырғыз ақындарының арасындағы айтысты тамашаладым. Сонымен қатар бас пәтерде өткен ««Менің атым – Қожа» («Je m’appelle Koja») кітабының тұсаукесеріне бардым. Концерттерге, ұлттық би кешіне де жиі барамын. Айтпақшы, Қазақстандағы жұртшылық Парижде қазақ мәдениетіне қатысты көп ивент өткізілетінін білмейді екен. Мысалы, Парижде орнатылған Абай мүсіні туралы жазба салып едім, көпшілік мұны білмейтін болып шықты. Ақынның 180 жылдығына орай өткен іс-шарада французша бір-екі туындысын оқығаным бар.
– Жеке парақшаңыздан былтыр Ақтауға барғаныңызды байқап қалдым. Қазақстанға бірінші рет барған сіз неліктен алдымен Ақтауға баруды ұйғардыңыз?
– Иә, былтыр қараша айында Ақтауға жол түсті. Ол уақытта Астанаға бармағаным жақсы болған екен (күліп). Себебі ол мезгілде бас қалаларыңызда күн қатты суық деп естіген едім. Ақтауға достарым шақырды. Өзім де Бозжыраға қатты барғым келген-тін. Көпшілік қараша айы Ақтауды аралауға керемет мезгіл деп айтты. Келесі жолы Алматы, Астанаға барсам деймін. Каспий теңізі жағалауын аралап, әдемілігіне тамсанып қайттым. Атқа міндім. Бозжыраға табаным тиді. Маған Қазақстанды бірден заманауи қаласы емес, ауыл-аймағы арқылы тану қызық болды. Мысалы, Парижге барсаң заманауи ғимараттар мен мультимәдениеттен көз алмайсың. Ал егер шынайы Францияны көргіңіз келсе, ауыл-аймақтарына барғаныңыз абзал. Шағын қалаларға барсаңыз, Париждегі көргеніңізден едәуір айырмашылық пен жергілікті дәстүрдің белгілерін көп көресіз. Ақтау да сол секілді. Қазақ халқының көп дәстүріне қанығып қайттым. Ондағы тұрғын үйлер мен ғимараттар өзінше әдемі. Тағамдары да дәмді.
– Threads-те «Француз болсам да, қазақтың дәстүрлі ұлттық киімін ерекше бағалаймын және үлкен құрметпен қараймын. Бұл киімдер – Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен болмысын дәріптейтін асыл мұра» деген жазбаңызға 60-тан астам қолданушы пікір қалдырған. Ақтауға барғаныңызда ұлттық киімнің түр-түрін көрген боларсыз?
– Иә, мен тіпті ол жақтан қыз-келіншектер киетін ұлттық киім мен зергерлік бұйымдар сатып алдым. Парижде өтетін қазақ ивенттеріне киіп барамын. Былтыр Наурызда мәдени орталықтағы ұлттық киімді киген едім. Сол киім үлгісі мен әшекейлер ұнап қалды. Маған әдемі жарасатын секілді. Енді мұндай іс-шараларға киетін өз киімімнің бары қандай жақсы еді.
– Әлеуметтік желіде өзіңіз қазақша үйреніп қана қоймай, француз тілін үйренгісі келетін отандастарымызға да көмектесіп жүрсіз. Парақшаңыз арқылы француз тілін үйренгісі келетіндер көп шығар?
– Негізі, бастапқыда желіге ағылшынша, қазақша аралас видео жүктегім келген. Сосын қазақтарға, әсіресе, француз тілін үйреніп жүргендерге де кішігірім көмегім болсын деген ой келді. Ақырында, бұл форматтың екі жаққа да тиімді екеніне көзім жетті. Мен ол постыма реакция таныту арқылы қазақша үйренемін, ал қазақтар менің ана тілімнің ережесін ұғынып, жаңа сөздерді жаттай алады.
– Қазақшаңызға риза болған көпшілік сізде еш акцент байқалмайтынын көп жазыпты. Расында да, акцентсіз, тамаша сөйлейсіз.
– Мен дыбысталу жағына көп мән беремін, тиісінше көп жұмыс істеймін. Дегенмен бізге, француздарға сіздердегі қ, ғ секілді төл дыбыстарын айту оңайырақ. Себебі ол дыбыстар бізде де бар. Қазақтарға да французша сөйлеу оңайырақ. Менің көп қазақ танысым біздің тілде акцентсіз, керемет сөйлейді.
– Threads-тегі парақшаңыздан «Өтінемін, маған «р» әрпін айтудың барлық құпиясын айтыңыздаршы» деген тағы бір жазбаңызды көріп қалдым.
– Иә (күліп). Жаттығу жасап, дұрыс дыбыстауға барымды салып жүрмін. Бірнеше адам ол әріпті дұрыс дыбыстаудың қыр-сырын қазақша жазыпты. Бізде р әрпі болғанымен біз оны ғ деп айтамыз. Мысалы, mersi (қазақша – алғыс) деген сөз меғси деп естіледі.
– Қазір қазақ тілін Париждегі мәдени орталықта үйреніп жүрсіз бе? Сабақ аптасына қанша рет өтеді?
– Иә, аптасына бір рет сабаққа барамын. Десе де, сабақпен шектеліп қалмай, өз бетіммен көп үйренуге тырысамын. Duolingo қосымшасына қазақ тілінің кіріктірілмегені өкінішті-ақ. Жоғарыда айтып өткенімдей, әлем тілдерін үйрету үшін жасақталған көп мобильді қосымшаға қазақ тілі енгізілмеген. Оларда тіпті, қолданыс аясы тар тілдер де бар, бірақ қазақша жоқ. Көп танысым «Мына қосымша пайдалы» деп бірнешеуін қолдануға кеңес берді. Алайда онда қазақ тілі орысша үйретіледі. Қазақшаны қалай үйрену керектігі туралы орысша материалдар жетерлік. Түрікше де бар. Алайда өзге тілдерде жоқтың қасы. Мен қазақ тілін орысша үйренгім келмейді. YouTube-та қазақ тілінің ережелерін ағылшынша түсіндіретін бір ғана канал бар. Ол көбіне базалық сөйлемдерді жақсы түсіндіреді. Мен тіл үйренуге барып жүрген орталықта Абай институты құрастырған бір ғана кітап бар. Дегенмен, оның ішінде көп қате бар екен. Мұғаліміміз мұны жиі байқап, бізді түзеп отырады. Қазақ тілін ағылшынша үйрететін кітаптар мен қосымшалар көп болса игі еді. Есесіне, қазақ мәдениетіне қызығатын ағылшынтілді ұлттар тез үйреніп алады.
– Алдағы мақсат қандай? Қазақ тілін толық меңгеріп алған соң, не істемек ойыңыз бар?
– Күндердің бір күнінде қазақша еркін сөйлеймін деген сенімім бар. Шынымен қазақтар секілді «зуылдап» сөйлескім келеді. Содан соң қазақтарға француз тілін үйреткім келеді. Алдағы уақытта қазақша-французша үйрететін ресурс жасақтап шығарсам тіптен жақсы болар еді. Менің көмегіммен көп француз қазақша, бірнеше қазақ біздің тілді үйреніп алса, керемет емес пе?! Франция мен Қазақстан арасында мәдени көпір болғым келетінін үнемі айтамын.
Бір қызығы, былтыр Ақтауға барғанымда жергілікті тұрғындар менің бет-әлпетіме қарап орысша сөйлей жөнелгеніне таңғалдым. Мен олармен ағылшынша, қазақша сөйлесуге тырыссам да, олар менің орыс емес екенімді білсе де, маған орысша жауап қатады. Ақтауда бас қалалармен салыстырғанда қазақтілді орта, дәстүрге берік екенін жиі еститінмін. Десе де, менімен орысша әңгіме өрбітуге тырысқандарына аң-таң болдым. Киноны толығымен қазақша көргім келеді. Қазақша әнді де аудармасыз тыңдасам деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ