Жетістікке жету марафонға айналғанда...

Бүгін, 15:45 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Біз – тарихтағы ең жылдам, ең өнімді, бірақ қазір қатты шаршаған буынбыз. Таңғы сағат бестен басталған «табыс марафоны», Илон Маск секілді аптасына 100 сағат жұмыс істеуге ұмтылу және әлеуметтік желідегі мінсіз өмір бізді тығырыққа тіреді. Жетістік бүгінде бақыттың өлшемі емес, «жарияланбаған» соғыстың қаруына айналды. Біз кімнен озуға тырысып жүрміз және бұл жарыстың мәресінде бізді не күтіп тұр? Биік шың ба, әлде эмоциялық сарқылу ма?

Жетістік эволюциясы

Адамзат тарихының әрбір кезеңі табыс­ты адам бейнесіне өз талап­та­рын қойды. Біз бү­гін бастан кешіп отыр­ған жетістікке жету «ма­рафоны» кенеттен пайда болған құбылыс емес, ол – ғасырлар бойы қалыптасқан әлеу­­мет­тік-экономикалық эволю­ция­ның жемісі. Алай­да бұл эволюцияның соң­ғы нүктесі адамдарды бақытқа емес, шексіз маза­сыз­дыққа алып кел­ген­­д­ей.
Ерте заманда табыс дегеніміз – тірі қалу еді. Егер сен аңнан ол­­­жалы орал­саң, отбасыңды суықтан қор­ғай алсаң және ұр­пақ өрбітсең, сен нағыз жетістікке жеткен адам­сың. Бұл кезеңде жеке басқа тән ам­би­ция деген ұғым мүлде болмаған. Жетістік ұжым­дық сипатқа ие еді. Тайпаның немесе ру­­дың амандығы жеке тұлғаның же­тіс­тігі ре­тінде қабылданды. Рухани дең­гейде жетіс­тік ата-баба аруағының ри­зашылығы мен та­би­ғатпен үйле­сім­де болу еді.
Діни догмалар билеген орта ға­сыр­ларда же­тістік адамның бұл дү­ние­­дегі жиған-тер­ге­німен емес, оның ру­хани тазалығымен өл­шенді. Алайда ка­питализмнің бастауында тұр­ған протестанттық этика (Макс Вебердің тұ­­жырымдамасы бойынша) бұл тү­сі­нікті өз­гертті. «Еңбекқор адам – құ­дай­ға ұнамды адам» деген қағида пай­да болды. 
Индустриялық революция кезінде же­тіс­тік алғаш рет материалдық және сандық көр­­сеткіштерге тәуелді болды. Еңбек өнім­ді­лігі, зауыттардың саны, өндірілген тауар­дың көлемі табыстың өлшеміне айналды. Бұл кезеңде адам «тетік» ретінде қарастырыла бастады. Кім көп жұмыс істейді, кім өнім­ді­лік­ті арттырады, сол адам қоғамның ең сый­­лы мүшесі. «Егер сен аянбай еңбек ет­сең, кез келген биіктікті бағындыра ала­сың» де­ген америкалық арман кон­цеп­циясы осы ке­зеңде туды.
XX ғасырдың соңы мен XXI ғасыр­дың ба­сы жетістік ұғымын түбегейлі дефор­ма­ция­ға ұшыратты. Ақпараттық техноло­гия­лар­дың дамуы жетістікті ішкі мазмұннан айы­рып, сыртқы бей­неге айналдырды. Бұ­рын сіздің та­быс­ты екеніңізді тек жақын ор­­­таңыз біл­се, қазір оны бүкіл әлемге паш ету – мін­детті шарт. Бүгінгідей визуалды капитализм ке­зеңін­де  жетістік дегеніміз бұл сіздің шын мәнінде кім екеніңіз емес, экранда қалай көріне­ті­ніңіз. Әлеуметтік желілердегі лүпілдер, қара­лым­дар мен жазылушылар саны адамның әлеуметтік статусын айқындайтын валютаға ай­налды. 
Эволюцияның қазіргі сатысындағы бас­ты мәселе – жетістіктің шексіздігінде. Егер бұрын белгілі бір деңгейге жеткенде адам тоқ­тап, жемісін жей алса, қазіргі алгоритмдер мен жаһандық бәсеке тоқтауға мүмкіндік бер­мейді. Сіз бүгін шыңда болсаңыз, ертең жа­ңа тренд немесе жаңа технология сізді бір-ақ сәтте тарих қойнауына жіберуі мүм­кін. Осылайша, жетістік бақыт әкелетін ны­сан емес, адамды үнемі үрейде ұстайтын шек­сіз жарыс жолына айналды. 

Ел не дейді?

Көшпелілер дәуірінде жетістік жо­март­тықпен және ас-той берумен өлше­нетін. Алайда заман өзгере келе, бұл игі дәс­түр «көзге көріну» психологиясына ұлас­ты.
Қазақ халқының түсінігіндегі жетістік эволюциясын қарастырғанда, өзіндік ерек­шелігі бар феноменге тап боламыз. Бұл же­тіс­тіктің жеке бастық емес, әлеуметтік-де­монстрациялық сипаты. Біздің қоғамда адам­ның табыстылығы оның ішкі қана­ға­ты­мен емес, айналасындағылардың (ағайын-туыс, көрші-көлем, әріптес) берген бағасы­мен өлшенеді.  
Бүгінде той жай ғана қуанышты бөлісу емес, жетістіктің есебін беретін алаңға ай­нал­ды. Соңғы үлгідегі автокөлік, зәулім үй, ду­манды той қазір  табыстың басты көр­сет­кіші. Адам өзіне қажетті нәрсеге емес, «ел­ден қалмау» немесе «өзгеден асу» үшін ресурс жұм­сайды.
Біздегі жетістікке ұмтылудың ең көлең­келі тұсы – жасанды статус. Статистикалық мә­ліметтерге сүйенсек, Қазақстандағы тұ­тыну­шылық несиелердің басым бөлігі той өт­кізуге немесе қымбат гаджеттер мен авто­көлік алуға жұмсалады екен. Бұл – эко­но­ми­калық тұрғыдан тиімсіз, бірақ әлеуметтік тұр­ғыдан «табысты» көрінудің амалы.
Адам өз табысынан әлдеқайда жоғары дең­гейде көрінгісі келеді. Мұндай кезде ин­теллектуалдық капитал немесе денсаулық же­тістік болмай қалады, жетістік мате­риал­дық заттардың жиынтығы ретінде қабыл­да­на­ды. Бұл жарыс адамды эмоциялық «ты­ғы­рық­қа» тірейді. Несиені жабу үшін көбірек жұ­мыс істеу, ал көбірек жұмыс істеген сайын өзің­нің «табысты» екеніңді дәлелдеу керек, ал ол үшін тағы да көп шығындалу керек. Бұл – бір шексіз тұйық шеңбер.
Бірақ бұл виртуалды жарыстың артында шы­найы бақыт бар ма? Сарапшылар мұндай де­монстрациялық өмір салты адамның өзін-өзі бағалауын төмендететінін айтады. Өйт­кені адам өз жетістігін ішкі сезіммен емес, сыртқы «лайкпен» өлшеген сайын, өзгеге тәуелді бола түседі.

Марафондар майданы

Қазіргі адамның құндылығы оның қа­сиетімен емес, өнімділігімен өлшенеді. Бұл үрдіс, әсіресе, кейінгі жылдары трендке ай­нал­ған жаппай марафондардан анық көрі­не­ді. Мәселен, таңғы сағат бесте тұру – жай ғана ерте ояну емес, бұл өзіңнің өзгелерден ар­тық екеніңді дәлелдейтін факт. «Таңғы бес­тегі клуб» идеясы қоғамды екіге бөліп жі­­­­­бергендей. Бірі – ерте тұрып, әлемді ба­ғын­дыру­ға дайын «жеңімпаздар», екіншісі – ұй­қысын қия алмай, өзін кінәлі сезінетін «жеңілгендер». Негізі, ерте тұру адамның фи­зикалық белсенділігінің көрсеткіші болу­ға тиіс қой. Алайда бұл «майданда» ерте тұру дегеніміздің өзі бастапқы мақсатынан айы­рылып, әлеуметтік статус құралына айналды. Жап­пай спортпен айналысу, марафондарға қатысу, триатлон  бағындыру қазіргі топ-ме­неджерлер мен кәсіпкерлердің жаңа «визит кар­тасы». Егер сен марафон жүгірмесең, де­мек сенің ерік-жігерің төмен, яғни сен биз­несте де әлсізсің деген жасырын логика қа­лыптасты. Адамның марафон жүгіруі оның «ұзақ­мерзімді стратегияға төзімділігін» дәлел­дейтін символдық дәлел ретінде қа­был­­данады. Спорт – сауықтыру шарасынан «өзің­ді қинау арқылы жетістікті паш етудің» құралына айналды. 
Марафон немесе триатлон да қымбат хоб­би. Құрал-жабдықтар, коуч, арнайы та­мақ­тану мәзірі және жарыстарға бару көп қар­жыны талап етеді. Осылайша, спорт қо­ғам­ды саулыққа біріктірудің орнына, жаңа «та­ңдаулылар» класын қалыптастыруда. Тіп­ті, бұл – белгілі бір әлеуметтік ортаға кіру­дің «билеті». 
Жалпы, спортты табыспен тығыз бай­ла­ныстыру адамның психикасына қысым тү­сіре­ді. Егер адам жарақат алып немесе уақыт тап­пай спорттан қол үзсе, ол өзін тек физи­ка­лық емес, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан да «жеңілген» сезінеді. «Менің ерік-жігерім жет­педі» деген ой адамның өзін-өзі баға­лауын төмендетеді. Спорт демалыс емес, та­ғы бір «екінші жұмысқа» айналып кетті. Біз тіпті жүгіру жолағында да бәсекелес болу­ды тоқтата алмай қалдық. Нағыз саулық ре­кордтарда емес, өз денеңнің мүмкін­дік­терін бағалай білуде екенін ұмытқандаймыз...

Жетістік сатушылар

Осы жаппай ұмтылыстың ең үлкен бөл­шегі – коучинг индустриясы. Бүгінде әрбір екін­ші блогер немесе «өзін-өзі дамыту ма­маны» табысқа жетудің дайын «рецептін» сау­далайды. «Өз әлеуетіңді аш», «Миллио­нер­дің ойлау жүйесін қалыптастыр», «Қаржылық ер­кіндікке 3 күнде жет» деген уәделер адам­дарды шексіз сабақ алу мен тренингтерге қа­­­­тысуға тәуелді етіп қойды.
Иә, ХХІ ғасыр адамды таңдаудың ас­тында қалдырды. Ақпарат та, мүмкіндік те көп. Мұндай жағдайда адам миы «таңдау па­радоксына» тап болып, шешім қабыл­дау­дан шаршайды. Коучтар мен бизнес-тре­нер­лер осы жерде «дайын өмірлік сцена­рий­ді» ұсы­нады. Расында, қазір айналаңызға қара­саңыз, адамдар өз бетімен өмір сүруден қор­қып, әрбір қадамын коучтардың нұс­қау­лығымен жасауға дағдыланғанын байқайсыз. Өз ішкі дауысымызды тыңдаудың орнына, сырттан келетін «мотивациялық допингке» тәуел­ді болдық. Коучтар сабағына бару нақ­ты іс әрекеттің орнын басатын психо­ло­гия­лық жұбанышқа айналып бара жатыр. Адам­дар өз өміріне сараптама жасап, ұзақ жол­мен жүрудің орнына, біреудің дайын «сәт­тілік алгоритмін» сатып алғанды оңай көре­ді. Коучинг бұл белгісіздіктен қорыққан адамға берілетін психологиялық таяныш іс­петті. 
Мотивация – бизнес саласындағы ең қым­бат тауар. Оның керек екенін жоққа шы­ғармаймыз. Алайда ол тез таусылады, сон­дықтан оны қайта-қайта сатып алу керек. Коучтардың адам өмірін өзгертуге тал­пы­ны­сы көбіне тұтынушыны мүмкіндігінше ұзақ уақыт жүйенің ішінде ұстап тұру принципіне негізделген. Бір курс біткенде, келесі «терең­де­тіл­ген» деңгей басталады. Бұл – шексіз тұ­тыну циклі.
Неге коуч болғысы келетіндер көп? Се­бе­бі бұл қазіргі заманның ең жылдам әлеу­мет­тік лифті. Нақты кәсібі, терең білімі не­ме­се тәжірибесі жоқ адамға «өмір сүруді үй­рету» – ең табысты бизнес моделіне ай­нал­ды. 
Коучтардың көбеюі – қоғамның ішкі дер­тінің индикаторы. Біз өзімізді жоғалтып ал­ған сайын, бізге «жол көрсететін» жол­бас­шылар көбейе береді. Алайда нағыз өз­геріс сырттан келген айғай-ұранмен емес, ішкі ты­ныштық пен терең рефлексиядан бас­та­ла­тынын ұмытпаған жөн. 

Капитал құрбандары

Жаппай жетістікке ұмтылу бұл тек пси­хологиялық емес, ең алдымен эко­номикалық құбылыс. Біз өмір сүріп жат­қан нарықтық жүйе адамды тұлға ретінде емес, адами капитал немесе өндіріс факторы ре­тінде қарастырады. Осыдан келіп, тиім­ділік ұғымы адам өмірінің басты мақсатына айналды. 
Капиталистік жүйеде тоқтап қалу – шы­ғын­ға батумен тең. Сондықтан нарық бізге «үне­мі өсу» идеясын таңады. Аталмыш идея корпорациялардан жеке адамдарға ауысты. Егер сен бүгін кешегіден көп жұмыс істе­ме­сең, жаңа дағды үйренбесең немесе табы­сың­ды арттырмасаң, сен бәсекеге қабілетті емес­сің. Бұл жүйеде адамның бос уақыты эко­номика үшін «пайдасыз уақыт». Сон­дық­тан қазіргі индустрия біздің демалысымызды да өнімді қылуға тырысады. «Демалыста кі­тап оқы», «пайдалы подкаст тыңда», «спорт­пен шұғылдан». Осылайша, адам тіпті ұйық­тап жатқанда да өзін «жетістікке жұмыс іс­теп жатырмын ба?» деп кінәлауға мәжбүр бо­лады. 
Батыста Hustle culture (әрдайым қозға­лыс­­та болу, жанталасу мәдениеті) деп атала­тын түсінік қалыптасты. Оның ұраны қара­пайым: «Басқалар ұйықтап жатқанда, сен жұ­­мыс істе. Басқалар демалып жатқанда, сен ал­ға ұмтыл». Бұл – адамның физикалық мүм­­­­кін­діктерін елемей, оны үздіксіз «өнім бере­тін» машинаға айналдыру әрекеті. Бұл мә­дениет әлеуметтік желілерде өте тар­тым­ды етіп көрсетіледі. Түнгі сағат екіде кеңседе оты­рып кофе ішу, таңғы бестегі жүгіру, «де­малыс – әлсіздер үшін» деген қанатты сөздер жас­тардың санасына «жетістік тек қана өзің­ді аямай қинау арқылы келеді» деген ойды сіңіреді. Яғни, егер сен шаршасаң, бұл жүйенің кінәсі емес, сенің «жеткілікті дең­гейде жанталаспағаныңның» кінәсі.
Батыста мұндай жанталас әлі де болса сән­ді көрінгенімен, шығыста, атап айтқанда Жапонияда бұл құбылыс өзінің ең сорақы шегіне жетті. Karoshi – сөзбе-сөз аударғанда «артық жұмыстан болатын өлім». Терминді жапондар 1970-жылдары экономикалық өрлеу кезінде ондаған қызметкердің инсульт пен инфаркттан тікелей жұмыс орнында көз жұмуына байланысты енгізді.
Аптасына 60-70 сағаттан астам жұмыс істеу ағзаның қорғаныс жүйесін толық бұза­ды. Алайда жапон мәдениетінде бастықтан бұрын жұмыстан кету – сатқындықпен тең. Бұл ұжымдық жанталас жеке адамның өмірін құнсыз етеді. Karoshi тек физикалық өлім емес, бұл сонымен қатар «жұмыс ор­нын­дағы суицид». Адамда жұмыстан басқа еш­қандай бақыт қалмағанда, тығырықтан шы­ғудың жалғыз жолы ретінде өлімді таң­дайды. 
Hustle Culture – адамды бақытқа емес, фи­зикалық немесе рухани шаршауға, дертке жетелейтін жол. Жетістікке жету үшін өмір сүру мен өмір сүру үшін жұмыс істеудің ара­сындағы шекараны жоғалтып алу ХХІ ғасыр­дың ең үлкен қателігі. Нағыз ерлік – жан­та­ласу емес, дер кезінде тоқтап, «менің өмі­рім жұмысымнан маңызды» деп айта алуда. 
Экономикалық зерттеулер жұмыс уақы­тын шексіз арттыру өнімділікті өсірмейтінін, керісінше төмендететінін көрсетіп отыр. Бірақ жүйе адамды «сапамен» емес, «көлем­мен» өлшеуді жалғастыруда. Сонда біз осы үл­кен экономикалық тетіктің кішкентай бұран­даларымыз, ал жетістікке ұмтылу – сол те­тік­тің майланған дөңгелегі іспеттес. Жап­пай жетістікке ұмтылу –  жеке адамның таң­дауы ғана емес, жаһандық экономикалық жүйенің бізге жазып берген сценарийі. Біз енді осы сценарийден шыға аламыз ба?

Жаһандық трендтер

Әлемдік деңгейде «жетістік марафоны­нан» шаршаған елдер бүгінде балама өмір сүру тәсілдерін іздеуде. Бұл бағытта Скан­динавия елдерінің тәжірибесі ерекше на­зар аудартады. Олар әлемдегі ең бақытты ха­лықтар рейтингінде үнемі көш бастап тұра­ды, бірақ бұл олардың ең бай немесе ең ең­бекқор болғанынан емес, олардың «жет­кіліктілік» философиясынан туындаған.
Данияның Hygge концепциясы қара­пайым нәрселерден бақыт табудан тұрады. Мә­селен, қымбат көлік емес, үйдегі жақын­дар­мен ішкен жылы шай жетістік. Ал Шве­ция­ның Lagom философиясы «артық емес, кем емес, дәл керек деңгейде» дегенді білді­ре­ді. Егер біздің қоғамда «бәрінен озу» басты мақ­сат болса, оларда балансты сақтау – на­ғыз жетістік. Олар үшін жұмыс уақытынан кейін кеңседе қалу мақтаныш емес, өз уа­қы­тын басқара алмаудың белгісі ретінде қа­был­данады. Швециялықтар жұмыс уақыты біт­кенде кеңседен бірінші болып кетуге ты­ры­сады, өйткені олардың басты жетістігі – от­ба­сымен өткізген уақыты. 
Жылдамдықты табыстың өлшемі са­на­ған дәуірге қарсы slow living тренді келді. Баяу өмір жалқаулық емес, бұл – әрбір сәттің маңызын сезіну. Мысалы, тамақтану кезінде fast food орнына slow food (тамақты рахат­та­нып, баяу дайындап ішу). Ақпаратта fast con­tent орнына терең сараптамалар мен кі­тап оқу. Мансапта шексіз өсу орнына кәсі­би шеберліктің сапасына мән беру. 

Айдың арғы беті қандай?

ХХ ғасырдың дерті жұқпалы аурулар бол­са, ХХІ ғасырдың басты індеті – эмо­ция­лық сарқылу. Бұл терминді алғаш рет 1974 жылы Герберт Фрейденбергер енгізгенімен, дәл бүгінгідей жаппай сипатқа ие болған емес.  Г.Фрейденбергер мен Г.Норт сарқылу­дың 12 кезеңін анықтаған. Оның алғашқы са­тысы – өзін дәлелдеуге деген шектен тыс құш­тарлық. Адам жетістікке жету үшін де­малысын құрбан етеді, кейін өз қажет­ті­лік­те­рін (ұйқы, тамақ) елемей бастайды. Ортаң­ғы кезеңдерде адамның ішкі бостығы пайда болып, ол бостықты мазасыз жұмыспен не­ме­се зиянды әдеттермен толтыруға ты­ры­сады. Соңғы кезең –  толыққанды депрессия және физикалық коллапс. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аталмыш феноменді жұмыс орнындағы созылмалы стрестің дұрыс басқарылмауынан туындайтын «кәсіби синдром» ретінде ресми таныды.
Сарқылу дегеніміз жай ғана жұмыстан шар­шау емес, адамның ішкі қуатының, мо­тивациясының және өмірге деген құш­тар­лығының толықтай «күйіп кетуі». Жаппай же­тіс­тікке ұмтылудың, «міне, енді жетемін» де­ген үмітпен өзіңді аямай қамшылаудың соңы осындай психологиялық тығырыққа тірейді. 
Сарқылу бір күнде пайда болмайды. Ал­ға­шында адам үлкен амбициямен, құл­шы­ныс­пен жұмысқа кіріседі. Ол коучтар айт­қан­дай жайлылық аймағынан шығады, таң­ғы бесте тұрады, демалыссыз еңбек етеді. Алай­да адам ағзасының ресурсы шексіз емес. Бір күні ми «тоқта!» деп дабыл қағады. 
Эмоциялық сарқылу созылмалы шар­шау­ға алып келеді. Адам ұйқысы қан­са да, демалыстан келсе де, өзін сергек се­зіне алмайды. Бұрын қуаныш сыйлаған іс­тер енді ешқандай сезім тудырмайды. Адам ай­наласына, тіпті жақындарына да салқын қа­рай бастайды. Көп жұмыс істесе де, «мен еш­­теңе бітірмей жатырмын», «менің жетіс­ті­гім жеткіліксіз» деген ой мазалайды. Осы­дан келіп адам жұмысқа тәуелді болады. Бү­гінде бұл мақтауға тұрарлық қасиет ре­тін­де бағаланады. «Ол күні-түні жұмыс істейді», «Оның демалысы жоқ» деген сөздер табысты адам­ның сипаттамасы іспеттес. Бірақ пси­хологтер бұны алкоголизм немесе құмар ойын­дарына тәуелділікпен бірдей деңгейдегі дерт деп санайды.
Deloitte компаниясының зерттеуіне сүйен­сек, қазіргі қызметкерлердің 77 пайы­зы жұмысында кем дегенде бір рет эмо­ция­лық сарқылуды бастан кешкен. Оның ішінде мил­лениалдар мен Z буыны ең көп зардап ше­гуде. 
Бұл дерттің қоғамға зияны адам капи­та­лы­ның сапасына әсер етуінде. Сарқылған ма­ман тек физикалық тұрғыда кеңседе отыр­ған, бірақ когнитивті қабілеті (шешім қа­былдау, креативтілік) нөлге түскен тұлға. Біз айтып отырған жетістік осылайша өзін-өзі жоюға алып келеді. 
ХХ ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Бертран Рассел 1932 жылы жазған «Жал­қау­лық­ты мақтау» эссесінде қазіргі жетістік ку­льтінің тамырына балта шабады. Автор­дың бұл еңбегі жаппай жетістікке ұмтылу ма­ра­фонына қарсы жазылған ең қуатты ин­тел­лектуалды манифест. Ол адамзаттың ба­қытсыздығы – оның тыныш қана бөлмеде еш­теңе істемей отыра алмауында және бос уа­қытты қылмыс ретінде көруінде екенін ай­тады. Оның пайымдауынша, адамзат «ең­бек ету – ізгілік» деген жалған сенімнің тұт­қынына айналған. Расселдің айтуынша, «Адамзат тарихындағы барлық ұлы өнер туын­дылары, ғылыми жаңалықтар мен фи­лософиялық ойлар сол бос уақыттың «нә­тижесі». Егер адам таңнан кешке дейін тек күнкөріс немесе жетістік үшін жанталасса, оның миында жаңа идеяларға орын қал­май­ды. «Біз тым көп жұмыс істейміз және тым аз ойлаймыз», – дейді ойшыл. Нағыз өрке-ниет адамдардың өз қалауынша, ешқандай пайда көздемей айналысатын істері (хобби, оқу, ой толғау) көбейгенде ғана дамиды. Фило­соф­тың пайымынша, адамның өз-өзімен оңаша қа­лып, ештеңе істемей отыра алуы – бұл ішкі еркіндіктің ең жоғарғы формасы. Бірақ қазіргі адам бұдан қорқады. Себебі тыныш­тық­та ол өз ішіндегі қорқыныштарымен, сұ­рақтарымен бетпе-бет келеді. Сондықтан сол бостықты жұмыспен, марафондармен не­месе ақпаратпен толтыруға тырысады. Көп адамның жұмысқа қашатыны осы ішкі жа­л­ғыздықтан, мазасыздықтан немесе өзін тұлға ретінде мойындатуға деген аштықтан туындайды. Жұмысқа тәуелді адам үшін мәре сы­зығы жоқ. Ол бір белесті бағындырғанда, қуа­нудың орнына бірден келесі қиын мақ­сат­ты іздейді. Мұны гормоналды деңгейдегі до­фаминдік тәуелділік деуге де болады. Әлеу­меттік желідегі лүпілдер мен мақтаулар бұл тәуелділікті одан сайын ушықтыра түседі. 
Үнемі бәсекелестік пен үлгермей қала­мын деген үрейде жүру ағзада стресс гор­мо­ны кортизолдың шамадан тыс бөлінуіне әке­леді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегіне сүйенсек, жүрек-қан та­мырлары аурулары мен ерте инфаркттың 40 пайызы тікелей стрес пен ар­тық жұмыс істеуге байланысты екен. Біз же­тістікке жеткенде «ләззат аламын» деп ой­лаймыз, бірақ сол шыңға жеткенде ден­саулығымыз сыр беріп, жиған-тергенімізді дәрі-дәрмекке жұмсайтын жағдайға жетеміз. Міне, заманауи жетістіктің парадоксы.
Илон Маск әлемдегі жетістік культінің бас­ты иконасы әрі осы «марафонның» ең жар­қын құрбаны. Алайда көптеген коуч Илон Маскты «армандарды орындайтын тұл­ға» ретінде үлгі етеді. Бірақ оның өмірінің кадр сыртындағы көрінісі — «жетістікке же­тудің» қаншалықты ауыр екенін көр­се­тетін ескерту іспеттес. Илонның жетістігінің артында тек қана данышпандық емес, адам төзгісіз еңбек режимі мен психологиялық құр­бандық тұр.
Масктың өзі аптасына 100-120 сағат жұ­­мыс істейтінін мақтан етеді. Бұл – тәу­лі­гі­не орта есеппен 17 сағат деген сөз. Ол Tesla өндірісі дағдарысқа ұшырағанда за­уыт­тың еденінде ұйықтаған. Осы аскетизм оны табысқа жеткізгенімен, психикасына ауыр соққы болып тиді. Маск бірнеше сұхбатында «бұл ешкімге тілемейтін өмір» екенін, оның жа­ны қатты қиналатынын ашық айтқан. Ап­тасына 120 сағат жұмыс ерлік пе, әлде ес­сіздік пе? Өзіңіз саралап көріңіз.  
Масктың жетістігінің артында сәтсіз некелер мен балаларымен арадағы күрделі қарым-қатынас тұр. Бұл – жұмысқа тәуел­діліктің классикалық үлгісі. Оның бү­кіл өмірі үлкен бір миссияға қызмет ету (Марс­ты бағындыру, экология), бірақ сол жол­да ол қарапайым адами бақытты, ты­ныш­тық пен жақындарымен сапалы уақыт өткізуді құрбан етті.
Оның әлеуметтік желілердегі оғаш мі­нез-құлқы, эмоциялық тұрақсыздығы –  ұзақ уа­қыт бойы стресс пен созылмалы шар­шау­дың нәтижесі. Бұл бізге мынадай ой тас­тай­ды. Егер әлемдегі ең бай адам өзін бақытсыз сезі­ніп, үнемі мазасыз күйде жүрсе, онда біз ұмтылып жүрген жетістіктің мәні неде?
Илон Маск сияқты тұлғалар «егер сен ап­тасына 100 сағат жұмыс істемесең, әлемді өз­герте алмайсың» деген иллюзия тудырады. Бұл қарапайым адамдардың бойында кінә се­зімін оятады. Алайда Масктың био­ло­гия­лық және психологиялық ерекшелігі ереже емес, аномалия. Оны қайталауға тырысу өз өмі­ріңе балта шабумен тең. 

Нағыз жетістік – баланс

Жетістік адамның ресурстарын сарқу емес, оны басқара білу. Нағыз же­тіс­тікке жеткен адам көп ақша табатын адам емес, өз психикасының саулығын сақтай оты­рып, ұзақ қашықтыққа «жүгіре» алатын адам. Біз «өнімділік» туралы кітаптарды оқы­ғанша, өз денеміздің дабылын тыңдауды үй­ре­нуіміз керек. Бұл дегеніміз денеңіз шар­ша­са, демалу. Мұңаюға, жылауға өзіңе рұқсат беру. Өзіңізді үнемі позитивті әрі белсенді болуға мәжбүрлеу – өз табиғатыңызға жа­салған қиянат.
Сарапшылардың пікірінше, нағыз же­тіс­тік – баланс. Дамыған елдерде қазір ма­те­риалдық байлықтан көрі, «сапалы уақытқа» кө­бірек мән беріле бастады. Жетістік – тек банк­тегі есепшот емес, ол тән мен жанның сау­лығы, сүйікті ісіңмен айналысу мүмкін­дігі, отбасыңа және өзіңе бөле алатын уақы­тың.
Жетістік – өзгеден озу емес, өзіңмен тату болу. Ол таңертең қорқынышпен емес, қы­зы­ғушылықпен ояну. Ол кешкісін атқарған ісіңе емес, өміріңнің сапасына риза болып ұйықтау.
 

Тэгтер:

марафон жарыс өмір салты