Алтынбек Нұхұлы: Саяси реформалар ел бірлігін нығайтады

Бүгін, 14:15 / Ербұлан Қайрат

Еліміз саяси реформалардың жаңа кезеңіне қадам басты. Үлкен өзгеріс алдында тұрғанымыз анық. Әлемдік саяси ахуал күрделенген шақта, түбегейлі саяси реформаларды қолға алудың маңызы мен мәні қандай?  Біз осы бағыттағы бастамаларды талдап, сараптау үшін Сенат депутаты, ғалым Алтынбек Нұхұлымен кездестік.

– Қазіргі геосаяси ахуал күрделі. Ха­лықаралық деңгейде қақтығыстар мен экономикалық тұрақсыздықтар бай­қалады. Осындай жағдайда елі­міз­дегі кезекті жаңа реформалар қандай мақ­сатты көздеп отыр? 

– Шын мәнінде, реформалар тек заң­дар­ды өзгерту ғана емес. Бұл – мемлекеттің тұ­рақтылығын, ішкі бірлігін нығайтып, ел аза­маттарының сенімін арттыруға бағыт­талған кешенді процесс. 
Біз ішкі саяси құрылымдардың тиім­ді­л­і­гі мен икемділігі елдің қауіпсіздігін қам­та­масыз ететінін көріп отырмыз. Сон­дық­тан реформалардың негізгі бағыты – билік пен қоғам арасындағы диалогты күшейту, ше­шім қабылдау жүйесін ашық әрі тиімді ету. Сондай-ақ жастар мен қоғамның бел­сен­ді топтарын саяси процестерге тарту.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қы­зылордадағы Ұлттық құрылтайда саяси, эко­номикалық және әлеуметтік салаларды қам­титын ауқымды реформаларды ұсын­ды. Саяси реформалар жекелеген өзге­ріс­тер­мен шектелмей, мемлекеттік басқару мо­делін тұтас қайта құруды көздейді. 
2022 жылғы Конституциялық ре­фор­малар осы үдерістің берік іргетасын қа­лады десек, ал парламенттік реформалар – билік архитектурасын түбегейлі жаңғыртатын шешуші кезеңі.
Президенттің саяси реформаларды ке­зең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүзеге асы­руы – терең ойластырылған саяси тех­но­логияның көрінісі. Өткен жылғы Жол­дауында алғаш рет бір палаталы Парламент идея­сын көтерді. Кейін Turkistan газетіне бер­ген сұхбатында заң шығарушы органды ре­формалаудың маңызына тоқталды. Ал Ұлт­тық құрылтай мінберінде болашақтағы Пар­ламенттің қандай болатынын то­лық­қанды көрсетті. 
Бұл – «Әділетті Қазақстан» қағидатына не­гізделген жаңа саяси модель.
Парламенттік реформаның басты мәні – өкілді органның өкілеттігін кеңейту және заң шығару процесін барынша ашық, жауапты әрі нәтижелі ету. 
Реформаның тағы бір маңызды қыры – азаматтардың саяси өмірге белсенді қа­тысуы­на жол ашуы. Қоғамдық тыңдау­лар­дың, депутаттық сауалдардың, азаматтық ұсы­­ныстардың рөлі артып, халық пен де­пу­тат арасындағы тікелей байланыс кү­шейе­­ді. Бұл тек саяси мәдениетті қалып­тас­ты­рып қана қоймай, қоғамдық бірлік пен өзара сенімді тереңдетеді.
Аймақтық өлшемде де парламенттік реформалардың салмағы зор. Жергілікті өкілді органдардың ықпалы артып, өңірлік мәселелерді орталық деңгейде жүйелі түрде көтеруге мүмкіндік туады. Бұл аймақтардың теңгерімді дамуына серпін беріп, ел ішіндегі сая­си тұрақтылықты және қоғамдық сенім­ді арттырады.

– БҰҰ-ға мүше тәуелсіз елдер саны 193 болса, соның 188-інде заң шыға­ру­шы орган бар екен. Пре­зидент Парла­мент­ті «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Біздің түсінігіміз бойын­ша меке­ме­лер­дің құрылтайшысы бо­ла­ды. Ал де­пу­таттарды қалай атаймыз? 

– Қазіргі әлемдік саяси тәжірибеде заң шы­ғарушы органдарды атауда «Парламент» тер­мині кеңінен қолданылады. Бұл ұғым­ның түп-төркіні француз тіліндегі parler – сөйлесу, пікір білдіру деген мағынадан бас­тау алады. Ал parlement сөзі кеңес, жи­­налыс, пікір алмасу алаңы деген ұғымды біл­діреді. 
Парламент – халықтың атынан сөй­лей­тін, қоғамдық пікірді білдіру арқылы заң қабылдайтын және билік тармақтары ара­сындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете­тін негізгі саяси институт. Дегенмен заң шы­ғарушы билік атауы барлық елде бірдей емес. Мысалы, Оңтүстік Кореяда – Ұлттық ассамблея, Германияда – Бундестаг, Жа­по­ния­да – Диет, Моңғолияда – Мем­лекеттік Ұлы жиналыс, Өзбекстанда – Олий Мәжіліс деп аталады. Атауы әртүрлі болғанымен, олардың барлығының атқаратын қызметі ортақ – заң шығарушы орган. 
Енді «Құрылтай» ұғымына келсек, ұл­т­тық саяси дәстүрімізде ерекше тарихи жә­не институционалдық маңызға ие. Құ­рыл­тай – елдік маңызы бар мәселелерді ше­шуге арналған жалпы халықтық кеңес. Тари­хи тұрғыдан көне түркі дәуірінен бас­тап Қазақ хандығына дейін хан сайлап, со­ғыс пен бітім мәселесін шешкен, заң-жо­сықтарды бекіткен ең жоғары билік инс­титуты болды. Оның негізінде бір адамның еркі емес, ақыл-кеңес пен ортақ мәміле жат­ты.
Бүгінде Ұлттық құрылтай жаңаша маз­мұнмен жалғасып, жаңа форма алды. Кейін­гі бес жылда елдік маңызы бар мәсе­ле­лер талқыланатын маңызды алаңға ай­нал­ды. Алдағы уақытта заң шығару органы-ның Құрылтай аталуы ұлттық дәстүр мен зама­науи саяси жүйенің тоғысуын білді-реді. Мұндай қадам қоғам сенімін арт-тырып, мем­лекеттік басқарудың ашықты-ғын кү­шейтуге мүмкіндік береді.
Негізі, заң шығарушы органның атауы емес, оның қоғамға қызмет ету қабілеті, ашықтығы мен тиімділігі шешуші мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай инсти­ту­тын жаңаша форматта дамыту – тарихи са­бақтастықты сақтай отырып, саяси жүйе­ні жаңғыртудың маңызды бағыты. Өз ба­сым, бұл атауды қолдаймын.

– Шыны керек, біз Парламент ре­формасына дайындалып, осы бағыт­та­ғы жаңалықты күтіп жүргенде, Пре­­­зи­дент түбегейлі саяси реформа жүре­ті­нін мәлімдеді. Бұл өзгерістер елдің сая­си жүйесін біртіндеп орталық­тан­дыруға бағытталған қадам ретінде көрінеді. Сіз қалай қабылдадыңыз?

– Менің ойымша, жаңа құрылымдар бір­неше аспектімен маңызды. 
Айталық, Халық кеңесі – бұрынғы кон­суль­тативтік органдардың біріккен нысаны ре­тінде, саясаттың стратегиялық бағы­т­тарын кеңінен талқылауға және қоғамдық өкіл­ділікті арттыруға ықпал етеді. Сон­дық­тан атқарушы билікті орталықтандыруға қа­рағанда, жаңа заман талабына сай бас­қарудың тетігі деп білемін.
Жуырда ғана Президент Жарлығымен құра­мы бекітілген Конституциялық рефор­ма жөніндегі комиссияның бірнеше отыры­сы өтіп, Вице-президенттің өкілеттіктерін анық­тау және оның статусын Консти­ту­ция­ға енгізу мәселесі талқыланды. «Халық кеңе­сі» институтын заңдастыру – ол қоғам­дық бастамалар мен заң шығаруға ұсы­ныстар енгізу құқығына ие кеңес ретінде қарастырылуда.

– Құрылтайдан нақты білге­ні­міз­дей, Сенат пен Мәжіліс қосылмайды. Жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай құрылып, оған жаңа саяси тұлғалар ке­леді деген әңгіме қызу талқылануда. Сіз Сенат депутаты ретінде осы жаңа­лықты қалай қабылдадыңыз? 

– Қызылордада өткен құрылтайдан кейін айтылып жатқан пікірлерді де мұ­қият қадағалап отырмын. Дегенмен атал­ған бастаманың нақты іске асу тетіктері алдағы уақытта айқындала түсері сөзсіз.
Мемлекет басшысы Құрылтайдың маңы­зын арттыру, оның қоғамдық-саяси сал­мағын күшейту жөнінде нақты бағыт-бағ­дар берді. Сонымен қатар  бұл инсти­тут­тың қандай форматта дамитыны уақыт пен жүйелі, байыпты талқылауды қажет етеді.
Сенат депутаты ретінде мұндай баста­ма­ларға эмоциямен емес, ең алдымен инс­титуционалдық сабақтастық тұрғысынан қарай­мын. Себебі кез келген саяси реформа қол­даныстағы жүйенің жинақталған тәжі­ри­бесіне сүйенуге тиіс. Сенат пен Мәжіліс – конституциялық негізі бар, өз орны қа­лыптасқан, саяси жүйеде айқын рөл атқа­рып отырған институттар. Сондықтан олар­ды бір сәтте жоққа шығару емес, кері­сінше, тиімді тұстарын сақтай отырып, жаңа форматқа бейімдеу маңызды деп са­наймын.

– Депутаттық сауалдардың орын­далу барысына, көтерілген мәсе­ле­лер­дің шешілуіне көңіліңіз тола ма? Қа­зіргі қоғамда мықты депутаттар өзекті мә­селелерді көтеруі керек деген түсінік қалыптасқан. 

– Расында, биліктің есеп беруін қамта­ма­сыз ететін, заңдардың тиімділігін артты­ра­тын әрі қоғам мүддесін қорғауға бағыт­тал­ған құралдың бірі – депутаттық сауал­дар. Сенат мінберінен 70-ке жуық, әртүрлі тақырыпты қамтыған, оның 20 шақтысы тіке­лей өзім жариялаған депутаттық сауал­дарды жолдадым.
Тұлғатану мәселесін тек тарихи таным мен мәдени рух аясында ғана емес, мем­ле­кеттілікті нығайтып, қоғамдық бірлікті кү­­­шейтетін, ұлттық құндылықты ілге­рі­ле­те­тін маңызды ресурс ретінде қарастыру қа­жет деп есептеймін. Осы орайда Ахмет Бай­тұрсынұлының 150 жылдығын, Қаныш Сәт­баевтың 125 жылдығын, Ебіней Бөкетов, Шахмардан Есенов, Кемел Ақышевтың 100 жыл­дығын, Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жыл­дығын жоғары деңгейде атап өту мәселесін кө­тердім. Бұл бастамалар сәтті жүзеге асты деуге толық негіз бар. Мәселен, Қаныш Сәт­баевтың мерейтойына байланысты ауқым­ды іс-шаралар жоспары әзірленіп, 52 пункт­­­тен тұратын арнайы бағдарлама мемле­кет­тік деңгейде қабылданды. Соның 48-і толық орындалды. Бағдарлама аясында ғылыми-танымдық және публицистикалық кітаптар шығаруға ерекше басымдық беріл­ді.
Депутаттық сауалдарымның ауқымына Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту, Қа­зақстанның қолжазбалар мен сирек кі­таптар қорын қорғау, Орта білім беру са­па­сын арттыру, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын кеңінен жүргізу, ішкі туризмді да­мыту мәселелері де енді. Сондай-ақ Екі­бастұздағы жылу электр стансасы мен құ­быр­ларда апат орын алынуына байланысты жөн­деу жұмыстарының аса маңызды екені және жылу энергетикасына арналған заң қа­былдануы керек екені туралы тиісті дең­гейде дабыл қақтым.
Былтыр көмірді тек отын көзі ретінде ға­на емес, стратегиялық химиялық шикізат ре­тінде пайдаланып, оны экономика мен ин­дустрияны дамытуға кеңінен қолдану жө­нінде Үкіметке депутаттық сауал жол­да­дым. Биыл Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рылтайда көмірдің еліміз үшін стра­те­гия­­лық қор екенін атап өтіп, көмір арқылы қуат өндіру ісіне Ұлттық жоба мәртебесін беру қажеттігін айтып көңілімізді мар­қайт­ты.
Сонымен қатар депутат ретінде қоға­м­мен тұрақты байланыс орнатуға, зиялы қауым мен ғылыми ортаның пікірін еске­ру­ге ерекше мән беріп келемін. Себебі заң шы­ғару процесі – тек саяси шешім қабыл­дау ғана емес, ол қоғамдық сұраныс пен ғылыми ойдың тоғысатын маңызды алаңы. 
Ал алдағы реформаларға келсек, Құ­рыл­тай халық сенімін арттыратын, ашық әрі тиімді заң шығару жүйесін қалып­тас­тыру­ға қызмет етуге тиіс. Егер Құрылтай осы мін­дет­ті атқара алатын жаңа саяси инс­титут ре­тінде дамитын болса, оны ұлт­тық саяси дәстүр мен заманауи басқару та­лаптарының үйлескен үлгісі деп білуге бо­лады.

– Жаңа бір сөзіңізде көмір арқылы қуат өндіру мәселесін біраз уақыт бұ­рын көтергеніңізді атап өттіңіз. Осы бас­таманың мәні мен сол кезеңдегі ұс­танымыңызға кеңірек тоқталып өт­сеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы 2023 жылғы Жолдауында метал­дарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясын дамытуға басымдық беру қажет­тігін атап өтті. Ал Қызылордадағы құрыл­тай­да Курчатовтағы электр стансасы мен Екі­бастұздағы 2-ГРЭС-тің қосымша энер­гоб­локтарын уақытылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажеттілігін айтты. Кө­мір генерациясын дамытуға Ұлттық жо­ба мәртебесін берілуді тапсырды. Ертіс-Баян өңірі бұл Ұлттық жобада үлкен рөл атқарады деп ойлаймын.
Жалпы, Қазақстан энергетикалық ре­сурстарға бай мемлекет. Мұнаймен қатар, елі­міздің көмір қоры әлемде 9-орында. Ғы­лыми болжам бойынша, Қазақстанда 33 млрд тонна көмір қоры бар екені зерт­телген. Қордың негізгі бөлігі Павлодар мен Қарағанды облыстарында орналасқан.
2024 жылы елімізде 108,5 млн тонна кө­мір өндірілді. Оның 29,5 млн тоннасы эксп­ортталды, 8,6 млн тоннасы ком­му­нал­дық мекемелерге, 65,7 млн тоннасы ЖЭО мен МАЭС-терде, 6,0 млн тоннасы кәсіп­орын­дарда дәстүрлі технологиямен пай­да­ла­нылды. Сонымен қатар Қазақстан 2050 жыл­ға қарай көміртегі бейтараптығына көшу жөніндегі халықаралық декларацияға қол қойған.
Қазір бірқатар дамыған елдер көмірді отын ғана емес, химиялық шикізат ретінде пайдаланып, одан 80-нен астам жоғары қо­сылған құны бар өнім өндіруге көшуде. Мәселен, Қытай көмірді газдандыру және сұйылту технологияларын енгізіп, көмір химиясын экономиканың маңызды са­ласына айналдырды. Елде жылына 2,7 млрд тонна көмір өндіріліп, оның 200 млн тон­насы табиғи газ, тыңайтқыш, полимерлер, гра­фен, аккумуляторлар, жартылай өткіз­гіш­тер, құрылыс материалдары және басқа да жоғары технологиялық өнімдерге қайта өңделеді. Нәтижесінде, көмір химиясы Қы­тай экономикасының жалпы ішкі өні­мін шамамен 25 пайызға арттырып отыр.
Ғалымдардың бағалауынша, көмір хи­мия­сын дамыту Қазақстан экономикасына қо­­сымша 25-30 млрд АҚШ доллары көле­мін­де өнім әкелуі мүмкін. Бұл бағыт еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Алайда бүгінгі таң­да көмір химиясын жүйелі түрде да­мы­туға бағытталған кешенді мемлекеттік сая­сат толық қалыптасты деп айту қиын. Ал­ды­мызда тұрған басты міндеттердің бірі – кө­мірді тек қазып алып, тұтынумен шек­тел­мей, оны терең өңдеуге негізделген көмір химиясын дамыту.
Осы мақсатта көмір химиясын кешенді дамытуға арналған арнайы заң жобасын әзір­леу, мемлекеттік индустриялық саясат ая­сында салалық жол картасын бекіту, кө­мір химиясы бойынша жоғары білім беру бағдарламаларын енгізу және білікті кадр­лар даярлау қажеттілігі туындап отыр.

– Біз алдағы үш жылда цифрлық мем­лекетке айналуымыз керек. Бұл мақ­сатымыз орындала ма?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін адамзат­тың өнеркәсіптік дамуына қысқаша көз жү­гірткен жөн. Жалпы, өнеркәсіптік эво­лю­­цияны шартты түрде төрт негізгі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басын қамтиды. Ол бумен жұ­мыс істейтін машиналардың пайда болуы­мен байланысты. Осы кезеңде тоқы­ма өнеркәсібі, көмір мен темір өндірісі қар­қынды дамып, адамзат қол еңбегінен ма­шиналық өндіріске өте бастады.
Екінші кезең XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына сәйкес келеді. Электр энергиясының өндіріске енгізілуі мен іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің пай­да болуы болат өндірісін, химия өнер­кәсібін, теміржол жүйесін және машина жасауды жаңа деңгейге шығарды.
Үшінші кезең XX ғасырдың екінші жар­тысында басталды. Бұл уақыт авто­мат­тан­дыру мен цифрландыру үдерістерінің кү­шеюімен ерекшеленді. Компьютерлер, элек­троника, ақпараттық технологиялар мен роботтандыру өндірістік процестердің ажырамас бөлігіне айналды.
Ал бүгінде біз төртінші өнеркәсіптік ре­во­люция дәуіріне қадам бастық. Индуст­рия 4.0 аясында жасанды интеллект, үлкен деректер (Big Data), заттар интернеті (IoT), 3D-баспа, киберфизикалық жүйелер, «ақыл­ды» зауыттар сияқты технологиялар кеңі­нен енгізілуде. Бұл үдерістердің негізгі қозғаушы күші – жоғары жылдамдықты ин­тернет, суперкомпьютерлер мен жасан­ды интеллект.
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын смартфондарда барлық сервистік қызмет түрлері шоғырланады деп кім ойлады? Бү­гінде ұялы телефонсыз өмірді елестету мүм­кін емес. Дәл сол сияқты цифрландыру үде­рісіне ілеспей, заманауи әрі бәсекеге қа­білетті қоғам құру мүмкін емес.
Ел Президенті биылғы жылды Цифр­лан­дыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Жасанды интеллект тура­лы заңның қабылдануы және оның қол­даныста іске асу механизмдері, жасанды инт­еллект экожүйесін қалыптастыруға қа­жетті негізгі элементтер, серпінді тех­но­ло­гиялар саласындағы заманауи цифр­лық ше­шімдер, сонымен бірге жа­санды ин­теллекттің халықаралық деңгейде жүзеге асуы – еліміздің осы бағыттағы мүмкін­діктері мол әрі перспективасы зор екенін көрсетеді. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режимде іске қосылуы жоспарланған жүргізушісіз так­си мен дрон арқылы жеткізу жобалары со­ның айғағы. Осы бағыттағы жүйелі жұ­мыс елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктер аймақтардың дамуына да жол ашатынына сенімім мол.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мемлекеттік аппаратта цифрландыруды тиім­ді ұйымдастыру, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу, құзырлы ор­гандарда цифрлық шешімдерді пай­да­лану мәдениетін қалыптастыру, электрондық үкімет жүйесінің сапасын арттыру, цифр­лық трансформацияның нақты эконо­ми­ка­лық көрсеткіштерге әсерін талдау, дерек­тер­ді өңдеу орталықтарын тиімді орна­лас­тыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді авто­маттандыру мен олардың тиімділігін арт­тыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Бұл тапсырмалар қысқа мерзімде орын­далуы тиіс стратегиялық басымдық ретінде бел­г­іленді. 
Жалпы алғанда, алдағы үш жылда цифр­лық мемлекетке көшу – тек мүмкін мақ­сат қана емес, уақыт талабы. Ең бас­ты­сы, бұл бағытта саяси ерік бар, ал оны нақ­ты нәтижеге айналдыру – мемлекеттік ап­параттың, ғылыми қауымдастықтың жә­не қоғамның бірлескен жауапкершілігі.

– Құрылтайда айтылған тағы бір маңыз­ды міндет – Қазақстанды ірі транзиттік хаб ретінде дамыту. Бұл қа­лай іске асады? 

– Транзиттік хаб – жүк немесе жо­лау­шы­ны бір ғана көлік түрімен емес, бірнеше көлік түрін өзара тиімді бай­ланыстыра отырып, бірыңғай ло­гис­тикалық жүйе арқылы тасымалдау ор­талығы. Мұнда жүк жолдың бір бө­лігін­де теміржолмен, келесі кезеңінде автокөлікпен, қажет болған жағ­дайда теңіз немесе әуе көлігімен жеткізіледі. Ең бастысы – барлық процесс бір опе­ратор арқылы, бір келісімшарт шең­берінде жүзеге асады. 
Бұл не үшін қажет? Біріншіден, логис­ти­калық шығындарды азайтады. Екіншіден, жет­кізу мерзімін қысқартады. Үшіншіден, ха­лықаралық транзиттің сенімділігін арт­тырады. Қазіргі жаһандық экономикада дәл осы факторлар елдердің бәсекеге қабі­лет­тілігін айқындайды. 
Қазақстан үшін халықаралық транзит­тік хабқа айналуы аса маңызды. Біз теңізге ті­ке­лей шығатын жолы жоқ мемлекет бол­ға­нымызбен, құрлықтағы басты халық­аралық көлік дәліздерінің тоғысында ор­наласқанбыз. Қытай мен Еуропаны, Ресей мен Орталық Азияны, Каспий арқылы Кав­каз бен Түркияны байланыстыратын ба­ғыттардың барлығы дерлік біздің аумақ арқылы өтеді. Осы әлеуетті толық пайда­лану – стратегиялық міндет. Мысалы, Қы­тай­дан шыққан жүк Қазақстан аумағы ар­қылы теміржолмен Каспий порттарына жет­кізіліп, одан әрі теңіз арқылы Әзер­бай­жан­ға өтеді, кейін Еуропа нарығына ба­ғыт­талады. Бұл – Қазақстанның транзит­тік хаб ретіндегі нақты әрі тиімді рөлін көр­се­тетін үлгі. Елдің транзиттік табысын арт­­тыру, логистикалық тәуелсіздігін күшейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және Қа­зақ­станды Еуразия кеңістігіндегі жетекші кө­лік-логистикалық орталық­тар­дың біріне айналдыру жолындағы маңыз­ды қадам.

– Әңгімеңізге рахмет.
            

Сұхбаттасқан – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

 

Тэгтер:

саяси реформа