«Достық туынан» «Нұрлы жолға» дейін: Ташкенттегі республикалық қазақ газетінің жарық көргеніне 35 жыл толды

Бүгін, 14:45 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Қазақтардың шетелдегі үлкен диаспорасы Өзбекстанда тірлік кешіп жатыр. Өзбек еліндегі қазақтар орта мектепте және кейбір жоғары оқу орындарында ана тілінде білім алу мүмкіндігі болғанымен, олардың тыныс-тіршілігінен хабар беріп отыратын республикалық деңгейдегі газет-журналы жоқ еді. Ел ішіндегі сауатты адамдардың талап етуімен бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан басшыларына жетіп, олардың келісімімен Қазақстанда – өзбек тілінде «Дустлик байроғи», Өзбекстанда – қазақ тілінде «Достық туы» газеттері шығатын болды. Солайша, осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылдың 10 қаңтарында Ташкент қаласында Өзбекстан қазақтары ұзақ күткен республикалық газет «Достық туы» газетінің тұңғыш саны жарық көрді. Бұл жайында алғашқы редакторы Ақан Ташметов былай деп еске алады:

"1990 жылдың  6 желтоқсаны күні Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі ІІ және ІІІ сессиялары­ның қаулылары негізінде Өзбек КСР Жоғар­ғы Кеңесінің Төрағасы М.Ибрагимов пен Өз­бек КСР Министрлер Кабинеті Төраға­сы­ның бірінші орынбасары И.Журабековтың қол­дары қойылған «Об обеспечении выпуска газет  «Халқ сузи»,  «Народное слово», «Хақи­қа­ти Узбекистон», «Достык туы», «Ленин бай­рагъы» деген №175-ХІІ  санды қаулысы жа­рияланып, 1990 жылдың 31 желтоқсанына дейін бұл редакцияларды қажетті қаржымен, га­зеттерді шығаруға байланысты тех­ни­ка­лық жабдықтармен, қағазбен және көлік­тер­мен қамтамасыз ету ісі тиісті министрліктер мен кеңселерге жүктелді. Кеңестік кеңістікте сол уақытта айрықша белең алған қайта құру саясатынан жігерленген біз де, яғни Өз­бекстандағы бірқатар қазақтілді журна­лис­тер мен қоғамдық белсенділер бұл мүм­кін­дікті ұтымды пайдаланып қалуға тыры­сып бақтық". 
Сөйтіп, Өзбекстанда республикалық қа­зақ газеті жарық көрді. Дегенмен газеттің ал­ғашқы 10 нөмірі Шымкент қаласындағы бас­паханада басылды. Сосын газет бас­шы­лы­ғы басылым Ташкенттің өзінде шық­пайын­ша оны шығаруды уақытша тоқтата тұрамыз деген шешім қабылдады. Дегенмен көп ұзамай газет редакциясына Ташкенттің қақ ортасындағы Ленинград көшесінен (қазіргі Матбуотчилар көшесі) үш қабатты ғимараттың екінші қабатынан орын беріп, газет шығаруға қажетті қаржы бөлініп, жұмысты жалғастыруға жағдай жасалды. 
Газет аптасына үш рет шығып тұрды. Жүсіп Әлқожаев, Мұратбай Ұлықманов, Әбдә­лім Тілеубеков, Үсен Асқаров, Мекембай Омаров, Нұрбибі Омарова, Құтмағамбет Қонысбай, Меңдібай Әбілұлы, Айтуар Сабыров, Мұрат Бекей секілді көптеген журналистің және жер-жерден материалдар жолдап тұратын білікті авторлардың қажырлы еңбегінің арқасында «Достық туы» газеті мәні мен мазмұны жағынан өте сапалы басылымға айналды. Газетте ақын-жазушылардың шығармалары жиі басылып, өзбек еліндегі қазақ әдебиеті жақсы наси­хат­талды, өнер адамдары мен ғалымдар жай­лы мақалалар жиі жарық көрді және сол кездегі саясат пен экономика туралы жан-жақты сараптамалық материалдар беріліп тұрды.
Жасыратыны жоқ, «Достық туына» елдің ықы­ласы ерекше болды. Газет баспасөз ката­логына енбей тұрып-ақ таралымы 10 мың­нан асты. Жарық көруінің екінші жылында тиражы 25 мың данаға жетті. Бұл өте жоғары көр­сеткіш еді, өйткені сол тұста Ташкентте шы­ғып тұрған орыс, тәжік, қырым татар тілдеріндегі республикалық газеттер тиражы жө­нінен «Достық туына» маңайлай ал­майтын. Газетке 1993 жылға халық көп жа­зылып, газет редакциясы да жаңа жылда көптеген жоба жасаған-ды, соның бірі басы­лымның әдеби қосымшасын шығару бо­латын. Бірақ 1993 жылдың ақпанында екі жыл­дан аса оқырмандарын қуантқан «Дос­тық туының» шығуы тоқтап, оның орнына аптасына бір рет шығатын «Нұрлы жол» га­зеті жарық көре бастады. 
«Нұрлы жолдың» алғашқы редакторы фи­лология ғылымдарының докторы, про­фес­сор Қалдыбек Сейданов болды. Одан кейін аз уақыт Рысбай Анарбеков, сосын Ақан Ташметов газет тізгінін қолға алды. 2012 жылдан қазірге дейін Ғұламзәкір Юсупов басқарып келеді. 
О баста «Достық туы» деген атпен ашы­лып, кейін «Нұрлы жол» болып жалғасып, елдегі қазақтілді оқырмандардың рухани сұранысын қанағаттандырып отырған га­зеттің құрылтайшылары – Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Олий Мажлисі, Заң шығару па­латасының Кеңесі, Өзбекстан Рес­пуб­ли­касының Олий Мажлисі Сенатының Кеңесі және Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті.
Бүгінде «Нұрлы жол» газеті өз оқырман­да­ры­на өзбек елінде болып жатқан жаңа­лық­тарды жан-жақты саралап жеткізетін жә­не ондағы қазақтардың өнері мен әде­биетін, салт-дәстүрін насихаттауда заман та­лабына жауап беретін іргелі басылым ретінде танымал.
 

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
 

Тэгтер:

Өзбекстан Достық туы Нұрлы жол