Біз бәрін айналамызбен өлшейтін болдық. Біздің барлық сәтіміз тек бәсекелестіктен, «көштен қалмау» мен «кеш қалмаудан» тұратын күйге түстік. Қайда асығамыз, неге сонша жанталасамыз, сонда қайда барамыз деген бір ой кейде жылт еткенімен, оны да кезекті бір ағыс – озбасаң да, «өзгелердің өкшесін басу», тым құрыса соларша өмір сүру ұмыттырады. Осы бір алақұйын керуенге ілесіп, зымырандай зырлаған уақытпен жарысып, қос өкпемізді қолымызға алып, «бақытты болудың» көптеген теориясына ынтығып күн кешу дағдыға айналды.
Осындай сәтте ойыңды жинақтар өлең оқығың келеді. Ақын Аман Кәлетаевтың уақыт пен өмір жайлы толғаныстан туған жырлары топтастырылған «Арманымды аялашы, жалған-ай...» деген кітабын парақтап отырғанда төмендегі жыр жолдарына жолықтық.
Ұлы көшке, білмеймін, қосылам ба?
Әлде адасып жүрем бе осы маңда?
Әлде менің тынысым бітерсің деп,
Зауал, шіркін, тұра ма тосып алда?
«Ұлы мекен» атты өлең бірден осылай басталыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, бәріміздің ойымыз «ұлы көшке» қосылу ғой. Ақынның ұлы көш деп отырғаны – уақыттың, өмірдің үздіксіз тасқыны екенін ескерсек, сол көшке қосылу үшін жан алысып, жан беріскен беймаза күйбең тірлігіміз бірден жанды картинаға айналып шыға келеді. Ал екінші мағынасынан қарар болса, қазақ үшін «ұлы көш» ұғымының астары әлдеқайда кең. Ұлы көш – дәуірге қадам басу, топтан қалмау, алдыңғы лектен адаспау. Көшпелі өмірдің ырғағын көзімен көрген жан үшін әр мезеттің ішкі ритмі – өзіндік көші болады.
Ал өлеңдегі «меннің» сөзі – тұтас замана лебін шайқап, ойыңдағы сұрақтарды қайта оятады. «Ұлы көшке қосылу» әркімге-ақ мақсат көрінгенімен, оны іске асыру барша пенденің маңдайына жазыла бермесі анық. Бірақ бұл жердегі түйткіл – адамның ұлы көш деп нені қабылдауына байланысты. Осы өлеңді қарапайым өмір туралы, оның өтпелі екені жайындағы жыр деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені ақын бірден өмір туралы толғанысқа ерік бергенімен, соңғы түйінінде тақырыпты мүлдем басқа арнаға бұрады.
Сары жұрт боп қалыпты-ау кеше ғана
Қаз қаңқылдап, мал өріп жатқан дала.
Бұл екі жолдан оқырман лирикалық «меннің» жеке адамның емес, оның туған жері – атамекенінің, уақыт ағынында босап қалған кеңістіктің суретін салғанын көреді. Қазақ даласының бір қиырында өзінің өскен елі, жері, балалық бақытты шағы өткен ортасы көңіл түпкірінен еш көтерілмейді.
Мұны екі түрлі мағынада тәпсірлеуге болады: біріншісі, ақынның өзінің кіндік қаны тамған мекені жайында толғанысы болса, екіншісі, сары жұрт – адамның бала кезінде көрген ортасының мезгіл мен мезет көшінде бұрынғы сұлу, бақуатты қалпынан өзгеретіндігі. Яғни, адам өмірі мен уақыт бір-біріне пара-пар өлшемде тең деуімізге болады. Сіздің бала кездегі, жастық шақтағы, егде тартқандағы табиғатқа сеніміңіз, табиғатты түйсінуіңіз бен түсінуіңіз әрқилы болады. Қаңқылдаған қаз, жайнаған өзен-көл, өріс толы мал – бәрі де өткен күннің таңғажайып елесін көз алдыңызға әкелгенімен, бүгінгі күннің танымымен қарасаңыз, әлдебір жүдеулік байқалады. Адам баласының мұндай «өгей сезімі» – оның туған жер, өскен ортаға сезімінің өзгерісінен емес, уақыт дауылының сан тарау екпінінде танымы мен көзқарасының есейетінінде. Адам – туған жерінің топырағынан жаралғанымен, сол өлкенің арман-аңсарымен ғана ғұмыр кешпейді. Оның көрері де, көрмегі де «жаттыққа» бейімделуге құштар. Сол бейімделу оны көп адастырады, көп өткелектен өткізеді. Сондықтан да ақын өзінің туған жерінің жүдеу қалпын көріп құлазиды. Себебі пенде баласы әрқашан алғашқы тәй-тәй басқан шағын, табаны жерге алғаш тиген сәтін еске алуға құмар. Сондықтан ақынның бұл жырынан туған жерінің ыстық құшағын сәбидей пәк аңсармен сүюге құштар екені менмұндалап тұр. Мұны өлеңнің соңғы шумағынан байқаймыз.
Еңіреу тағдырыма өкінбеймін,
Мен бүгін қорғаны жоқ жетімдеймін.
Ұлы мекен, тұрса екен туың биік,
Одан басқа өмірден не тілеймін?!
Аман Кәлетаев саналы ғұмырын өзінің туған жерінде өткізген ақын. «Тебіреніс», «Іңкәр дүние», «Туған жерім – тұмарым» және «Арманымды аялашы, жалған-ай..» кітаптары жарық көрген. Осы кітаптарды оқысаңыз, екі өлеңінің бірі туған жер туралы толғаныстарға құрылған, туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілікке, кейде шерге толы хамсаларға кезігесіз. Өйткені, туған жер – қазақ үшін түп қазық. Адам өмірге келерде туған жерінің топырағы «бұрқ етеді» деген ескі таным бар. Өмірден өтер жеріңнің де топырағы белгі береді деп те қарайды. Қайда туып, қайда өлетінің әуел баста «пешенеңе» жазылған. Мұны біздің дүниетанымда «жазмыш» деп атайды. Ақынның өлеңдерінде жазмыштың алар орны ерекше дер едік. Ол өз тағдырын туған жерінің тағдыры, соның мұңы мен қайғысы деп түсінеді. «Сенің тағдырың – менің өмір жолым» деген ойға әр өлеңінде жетелеп отырады. Аман Кәлетаев жырларының негізгі философиясы – туған жерге адалдық, оның дамуы мен көркеюіне қызмет ету. Ақын бұл ойларын жадағай байламдармен, дидактикалық тұжырымдармен бейнелемейді. Керісінше, оның сұлулығына, тарихына, киелі ұстындарына, асқақтығына тамсана отырып, бүгінгі келбеті мен болашақ тағдырына алаң көңіл болады.
Өмір – ұзақ та қысқа керуен жол. Шығыс философтары адам осы жолды туған жеріне оралу үшін басып өтеді деп тұжырымдайды. Бейсаналы түрде. Рас, адам біткен туған жерінен қиянға самғап кетпеуі мүмкін, тіпті өзінің кіндік қаны тамған өлкесінде өмір сүріп жатуы да кәдік, бірақ ол өзінің балалық шақтағы, санасы сау, мына жалғанның қызыл-жасыл дүниесімен, дүрмегімен алданбаған уыз қиялындағы елесті іздейтін көрінеді. Ал шығандап алысқа кеткендер де өз топырағын ұмытса да, жан дүниесіндегі уілді ұмыта алмай өмір сүруі бек мүмкін. «Ұлы мекен, тұрса екен туың биік» деп толғанып, «Одан басқа өмірден не тілеймін?!» деуі де осы пайымның бір түйіні болса керек.
Ақын туған жерінің барлық бояуын, тау мен тасын, өзен мен көлін жырлағанда, жүрегі жылып, көңілі босайтыны қайран қалдырады. Тура талай жылдан кейін атамекеніне оралғандай әсермен тебіренеді. Шөліркеген жанның алдынан шарамен су ұсынғандай шынайы сезімді ақтарады. Төмендегі жырға зер сала оқысаңыз, біздің бұл айтқанымыздың әсірелеусіз екенін қапысыз аңдайсыз.
Замана заңын бұза алман,
Табиғат өзі – төреші.
Жаз өтіп, күтті күз алдан,
Көлбеңдеп бұлттың елесі.
Қысым да жетер қатулы,
Қылаулап көктен қар ұшқын.
Тірлікке ғашық ақынды,
Сағына күтер таныс шың.
Кіндігім сонда байлаулы,
Туған жер, сенсіз күн қараң.
Толғантқан асыл ойларды,
Өлең ғып өрді бұл балаң.
Ғашықпын гүлге, көктемге,
Туған жер, тәңірім боп келдің.
Көз жұмып ертең кетсем де,
Жусаның болып көктермін.
Бар-жоғы төрт шумақтан тұратын бұл өлең жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі десек болады. Мұнда да туған жерге өзінің кіндігінің байлаулы екенін ашық айтып, «жусаның болып көктермін» деп тебіренеді. Ақынның бұл өлеңі өзінің туған жерді жырлау миссиясындағы айрықша туындының бірі.
Егер бұл өлең тек табиғатты жырлау, туған жерге ерен махаббат десек, онда қателескен болар едік. Өлеңнің бастапқы шумақтары өзінің иірімімен, жырлау, көркемдік тәсілдерді бөлек құру мәнерімен ерекше. Әйткенмен, егер «көз жұмып ертең кетсем де, жусаның болып көктермін» деген соңғы екі жол болмаса, бұл жырды «айрықша» деп атамаған болар едік. Бізге соңғы түйін ерекше ой салды. Діни пәлсапаларда адамның екінші өмірі боларын жиі айтып жатады. Бұл таным бізге де жат емес. Пенде бейсаналы түрде туған жерге оралуды армандап ғұмыр кешері шын болса, онда жусан боп көктеуден артық арман болмауға тиіс. Жусан – қазақ үшін ең қастерлі өсімдіктің бірі. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп жатамыз. Ақын жусан арқылы, онда да оның көктеуі туралы айта отырып, өлеңнің өн-бойына киелілік дарытып отыр. Алдыңғы екі шумақ – мезгілдің өзгерісі, жаз, күз, қыс деген маусым айналымы арқылы өмірдің өтпелілігін ойға салса, үшінші шумақта «туған жер» деп толғанады. Кіндік қаны тамған жерін пір тұтады. Ал соңғы шумақта ақын гүлге, көктемге – сұлулыққа ғашық жан ретінде көрініп, туған жерін «тәңірге» теңейді. Содан кейін іле-шала «жусан болып көктеуді» армандайды. Бұл өлеңнің құрылымындағы құпия жад деуімізге болады. Мұны ақын әдейі саралап қолдануы мүмкін емес. Өлең – синкретті өнер. Ол ұзақ толғаныстардан, өмір жайлы көзқарастардан, ой-пайымдардан тумайды, солардың ақын жанына әсер еткен ең бір сәулелі сәттерінен бүр ашады. Сондықтан да бұл өлеңде «осыны айтайын» деген байлам жоқ, мұндағы ой мен сөздің бәрі табиғи туғандығында. Бұл біздің поэзиядағы көп кездесе бермейтін ерекшелік. Егер осы ойды айту үшін айтылса, онда ол поэзиялық қуатынан айырылып, дидактикалық тұжырымға бейімделіп кетеді. Жоғарыдағы өлеңнің қуаты да осында: табиғат өзгерісінен басталып, туған жерге табан тіреп, өмір мен өлім арасындағы шекараға келіп түйінделуінде.
Мұндай жырлар әдетте оқырманға қарапайым ойлар тізбегі болып көрінуі мүмкін, ал түп тереңіндегі мөлдір ойды аршып алсаңыз, оның құпиясына үңілсеңіз, алдыңыздан мүлде басқа кеңістік – Адам мен Туған жер деген ұғым аясындағы бірегей бүтіндік ашылады.
Ауыл құрып кете ме де сескенем,
Терең тамыр ешқашан да өшпеген.
Қай бұрышта, қай қиырда жүрсем де,
Ауылыма сағынышпен беттегем, – дейді өзінің «Жусан иісі» өлеңінде. Автордың жусан сөзін өлеңде жиі қолда-натынын байқаймыз. Бұл да сол таны-мындағы ұлттық бояудың поэзия болып көктеуінен деп тұжырар едік. Жусанды жырлаған ақын қазақта өте көп. Бірақ оны бейсаналы стихиясына айнал-дырған некен-саяқ. Аман Кәлетаев үшін жусан туған жердің негізгі символы секілді. Ал туған жер – ақын үшін ата-мекен, отан ұғымдарының баламасы. Шындығына келсек, өзі өмір бойы ауылында, қаржы саласында табан аудармай еңбек еткен адамның ауылдың жай-күйін терең түсінбеуі мүмкін емес. Ақын үшін ауыл тәуап етер киелі жер, қарашаңырақ секілді. Оны ауыл туралы әр өлеңінде әр қырынан безбендейді.
Автор өлеңдерінде Алтай, Тарбағатай тауларын, киелі де қастерлі Шығысты мақтанышпен жырлайды. Ол үшін Шығыс – тек күн шығатын жер емес, Шығыс – барша жаратылыстың түпқайнары. Шығысты сүю, оның әр бітік тасы мен тауына, жусаны мен изеніне таңырқау – өмірдің мәнін терең түсінудің жолы. Қазақтың тағы бір әйдік ақыны Омарғазы Айтанұлы «Менің Шығысым» деген дастан жазғаны есімізде. Ал Мағжан Жұмабаев болса, «Күннен туғандығын» ерекше стихия санаған. Аман Кәлетаевтың да Шығысқа арнаған бірнеше жыры бар. Ақын Шығыстың сұлу табиғатын ғана емес, оның заманалар көшінен үзілмеген сан тарау аңызын өзінің жыр шумақтарымен қайта тірілтуге құлшынғаны аңдалады. Ол шығыстың сұлулығын – Тәңірдің бізге берген сыйы деп ұғады.
Автор өлеңдерінен Абай, Қасым, Мұқағали, Жұмекен ақындарға ерекше ден қоятынын байқаймыз. Әсіресе, Мұқағалидың тұтас поэзиясын жата-жастана оқып, жатқа білгендей көрінеді. Бұл – әдеби дәстүрдің жалғасуы. Ұлттық әдебиет – тек өзіңдік сара жол жасаумен көркеймейді, керісінше, өзіңе дейінгі бай әдеби дәстүрді үнемі жаңғыртып, оның артықшылығын өз мәнеріңе, көркемдік танымыңа бейімдеу арқылы дамиды. Оның кейбір өлеңдеріндегі ұйқас құру, ойды тұжырымдау дағдыларынан алдыңғы толқындағы ірі ақындарға дәстүрлі құрмет аңдалып тұрады.
Ұйықтап кетсем қайтадан оятпаңдар,
Өлеңімді бітпеген аяқтаңдар.
Қарсы алады ертеңнің ертегісі,
Қарсы алады, сенемін, мені ақ таңдар!
Ақын бір өлеңінде осылай ағынан жарылыпты. Мұндай шумақтар оқырманын таппай тұрмайды. Оқырманын еліктіретін, ойландыратын тапқыр тіркестер мен ойлар көп ұшырасады.
Өмір деген қасіреттен тұрады,
Өмір деген – жақсылықтың бұлағы.
Таусылмайды, таусылмайды өлгенше,
Ақылдының бұл өмірге сұрағы, – дейді тағы бір жырында. Өзі философиялық-танымдық еңбектерді көп ақтарған ақынның мұндай ой-толғамдары жиі кезігеді. Өмірінің жиырма жылдан артық уақытын ауру азабымен өткізсе де, тағдырға мойып, нәлет жаудырып, өкінішке бой алдырғанын жырларынан байқамайсыз. Үнемі қайсарлыққа, өмірдің қасіреті мен қайғысын қуаныш-шаттығы арқылы да бағалауға шақырып отырады. Ол өте оптимист. Түңілуден гөрі, өмірден, айналадан, әр сәттік мезеттен мән іздеуге бейім. Өлеңдерін оқысаңыз, отансүйгіштік пен қажыр мен қайраттың лебі еседі.
Қанатым бар қыранмын, томағамды ал,
Көкке самғап кетейін, о, адамдар!
Ғаламдағы ғажапқа тәнті болса,
Адамды ақымаққа санамаңдар.
Мұндай қайсарлық ақынның өмір, заман, қоғам хақындағы жырларында өте көп. Рухты жырлардың легін көп кезіктіресіз.
Ақын Аман Кәлетаев биыл тірі болса, 80 жастың бедеріне шығар еді. Бар ғұмырын туған жеріне қызмет етумен өткізген һәм сол туған жерін тоқтаусыз жырлаған жанның үмітке толы өлеңдерін оқып отырып, ішкі ыждағаты мен туабітті болмысына қылау түсірмей өткенін байқадық.
Бір-ақ ауыз сөзім қалсын артымда,
Сүрдім деймін сонда ғұмыр саналы..., – дейді өзі де. Саналы да сұлу ғұмыр сүрген, Шығыс философтары айтқандай, туған жеріне өмірінің мазмұн-мәні арқылы шын мәнінде орала алған адамда арман бар ма?! Бәріміз «туған жерге оралу» жолында жүрміз. Бірақ қай қиырда адасып қаларымызды кім білсін?!
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ