Қосшы қаласында сабақ кезінде 10 жастағы қыз көз жұмды

Бүгін, 11:51 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақмола облысы Қосшы қаласында қайғылы жағдай болды. Қоғамдық мәдени-спорттық кешенде өткен жаттығу кезінде 10 жастағы қыз бала көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, балаға жаттығу барысында кенеттен жағдайы нашарлап кеткен. Қыз бала бронхиалды астма диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылғанымен, олар келгенге дейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Осыған байланысты қажетті жабдықтармен қамтылған реанимобиль жіберу үшін қайта шақырту жасалған.

Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі Қосшы қаласының полиция бөлімінде тіркелді. Ақмола облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

«Алдын ала деректерге сәйкес, сабақ кезінде кәмелетке толмаған баланың денсаулығы күрт нашарлаған. Тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар, Nayza Kokse Instagram-парақшасына облыстық денсаулық сақтау басқармасы 29 қаңтар күні Қосшы қаласында сағат 16:18-де №152 жедел медициналық көмек қызметіне «бас ауруы, жүрек айну» шағымымен шақырту түскенін мәлімдеді. Куәгерлердің айтуынша, жарақат болмаған, дене қызуы көтерілмеген, құрысу белгілері де байқалмаған. Өмірге тікелей қауіп төндіретін белгілер анықталмағандықтан, шақырту 4-санат бойынша қабылданған.