Шығыс Қазақстанда пара алған екі басшы қамауға алынды (ВИДЕО)

Бүгін, 10:39 / Інжу Әлихан
ҰҚК

ШҚО-да екі лауазымды тұлғаға қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алды және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды.

"Оның жол құрылыс компаниялары және автобус парктерінің өкілдерінен 134 млн теңге сомасына заңсыз сыйақы алғаны анықталды. Тінту барысында тұрғын үйінен 121,9 млн теңге және 97,7 мың доллар тәркіленген", - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ осы өңірдің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментінің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

"Ол мұғалімдердің мемлекеттік аттестаттаудан өтуіне жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алған. Сот санкциясымен көрсетілген адамдар қамауға алынды", - делінген хабарламада. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.