Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасын табуда. Ол ең алдымен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоғамдық орындардағы санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облысы Махамбет ауданы Махамбет ауылында акция аясында «AMANAT» партиясының белсенділері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері мен жастар қауымы ауқымды санитарлық-тазалық жұмысын жүргізді. Іс-шара барысында орталық көшелер мен алаңдар тазаланып, қар күреліп, қоғамдық орындар ретке келтірілді. Махамбет аудандық мәслихатының депутаты Ерлан Қуанышевтің айтуынша, «Таза бейсенбі» – бұл жай ғана тазалық жұмысы емес, азаматтық белсенділіктің нақты көрінісі.
«Мұндай бірлескен әрекеттер тұрғындар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырып, елді мекендердің келбетін жақсартуға ықпал етеді», – деді Ерлан Қуанышев.
Елордада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында №115 орта мектепте «Өскіннен фито-сыныпқа дейін» атты экологиялық білім беру жобасы таныстырылды. Жоба жетекшісі Жанна Пактың айтуынша, өсімдіктерді күтіп-баптау балалардың жауапкершілігін арттырып, табиғатқа ұқыпты қарау дағдыларын ерте жастан қалыптастырады. Ал «AMANAT» партиясы Нұра аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Жакупова бұл жоба «Таза Қазақстан» бастамасын жүйелі жүзеге асырудың жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы ұйымдастырған кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Іс-шараға партия филиалдарының қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және коммуналдық қызмет саласының мамандары – барлығы 40-қа жуық адам қатысты. Акция барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары қар мен мұздан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Балқаш қаласында партия белсенділері мен жастар қауымы жалғыз тұратын қарияға көмек көрсетіп, үй аумағын қардан тазалады.
«Бұндай бастамалар волонтерлік қозғалыстың дамуына ықпал етіп, ұрпақ сабақтастығы мен әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайтады», – деді «AMANAT» партиясы Балқаш қалалық филиалының кеңесшісі Гүлнұр Садықбек.
Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қожақорған ауылында экологиялық акция Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллея мен Кеңес Одағының Батыры Таштемір Рүстемовтің ескерткіш тақтасы аумағында өтті. Іс-шараға партия өкілдері, мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары және мектеп ұжымы, жалпы саны 60-қа жуық адам қатысты. Жұмыс барысында қоғамдық орын қардан тазартылып, жолдарға құм мен тұз себілді.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында «Самарға – 100 жыл» көшесі бойындағы ұзындығы 1,2 шақырым болатын тротуарлар қардан тазартылды. Тазалық жұмысына арнайы техника тартылып, шамамен 10 тонна қар шығарылды.
Алматы облысы Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылында өткен экологиялық акция ауыл стадионы мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш аумағында ұйымдастырылды. Іс-шараға партияның өкілдері, мәслихат депутаттары, «Жастар рухы» белсенділері, Аналар кеңесінің мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты. Қатысушылар аумақты қар мен ұсақ қоқыстан тазалап, жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді. Нәтижесінде шамамен 2 тонна қоқыс шығарылды.
Ал Ұлытау облысының Қаражал қаласында белсенділер қарт тұрғындардың үй аумағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, отын мен көмір тасып көмек көрсетті. Бастауыш партия ұйымының мүшесі Жансая Садуақованың айтуынша үлкендерге қолғабыс ету тек азаматтық борыш емес, сонымен қатар өзара көмек көрсетуге негіз болатын маңызды адами құндылық.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында өткізілетін «Таза бейсенбі» акциясы азаматтарды біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады және тазалық пен тәртіп күнделікті өмірдің бір бөлшегі болуы керектігін көрсетеді.