Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысты норманы Конституциядан алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 4-бабының 6-тармағы елдің экономикалық дамуына қатысты мәселелерге арналған. Осы мақсатта республика аймағының жекелеген бөліктерінде немесе олардың шебінде арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі көзделіп отыр. Мұндай режим қаржы саласында немесе даму қарқыны озық қаласында қолдануы мүмкін. Яғни, бірінші жағдайда 2018 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы болса, екінші жағдайда Алатау қаласы жөнінде айтылып отыр. Осыған байланысты қаржы орталығына қатысты норманы елдің негізгі заңынан қазіргі редакицясынан алып тастау ұсынылады. Бұл тәсіл мемлекеттің унитарлығы, оның аумақтық тұтастығы туралы қағидаттарды сақтай отырып, экономкалық мәселелерді де шешуге инвестициялық ахуалды жақсартуға мүкміндік береді. Бұл шешім орнықты әрі болжамды конституциялық құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған. Аталған мәселені констициялық заң деңгейінде нақтылауға болады», - дейді министр.
Сонымен қатар ол заң көмегін көрсету түрлерін «тегін» сөзімен шектемеу керек екенін баса айтты.
«Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасының 13-бабында заңда көзделген жағдайларда заң көмегі белгіленген. Заң көмегін көрсету түрлерін «тегін» деген сөзбен шектемей, оны заң аясында қарастыру ұсынылады. Бұл бір жағынан, кепілді заң көмегі мемлекет есебінен жүргізілетінін, ал екінші жағынан, адвокатура және өзге де заң қоғамдастығы өкілдері оны өз қаражаты есебінен дербес көрсете алатынымен байланысты. Бұл дегеніміз халыққа, әсіресе әлеуметтік осал санаттары үшін заң көмегін көрсетудің әртүрлі нысандарын дамыту. Осы орайда, қорғау құқығы еліміздің азаматтары үшін негізгі іргелі құқықтардың бірі ретінде өзгеріссіз қалатынын атап өткім келеді, - дейді Ерлан Сәрсембаев.