Жеңіс Қасымбек: Конституцияға «Заң мен Тәртіп» пен «Таза Қазақстан» идеяларын енгізу тұрақты даму моделін қалыптастырмақ

Бүгін, 17:56 / Інжу Әлихан

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек көп елдерде дамудың негізгі факторы заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, аталған елдерде азаматтар заң алдындағы жеке жауапкершілігін терең түсінеді.

«Конституцияға ұсынылып жатқан жаңа өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізу – тұрақты даму моделін қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде әлем жұрты Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауға айрықша басымдық берілетін ел ретінде таниды. Ата Заңымызда «Заң мен Тәртіп» нормативті Әділетті Қазақстан идеясын нығайтудың негізгі шешімі ретінде айқындалады. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін бірлік пен ынтымақты, этносаралық пен конфессияаралық келісімді одан әрі сақтаудың берік іргетасына айналады.

Көп елде дамудың басты факторы заңның үстемдігі және тәртіпті сақтаумен байланысты. Ал азаматтары өзінің заң алдында қатаң жауапкершілігін түсінеді.

Халықаралық индекстерге сүйенсек, мұндай елдер әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарында. Ал адамдары мемлекеттік институттарға толықтай сенеді.

2023 жылы Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» идеясы бүгінде азаматтардың өмір салтына айналуда.

Азаматтардың қоршаған орта және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі маңызды. Мен бұл қағидатты негізгі постулаттардың бірі ретінде толық қолдаймын.

Таза Қазақстан – бұл тек қоршаған ортаға қамқорлық ғана емес, ой мен сөздің тазалығы, іс-әрекеттегі жауапкершілік, заңға және қоғамдық құндылықтарға деген құрмет. Сондай-ақ күнделікті өмірде мәдениетті сақтау ды білдіреді.

Осыны бойына жиған азамат прогрессивті, саналы және жауапкершілікті қоғам қалыптастыра алады», - деді әкім.