Ғалымдар 2024 YR4 астероидының Аймен ықтимал соқтығысу сценарийін модельдеді. Есептеулерге сәйкес, диаметрі шамамен 60 метр болатын астероид 2032 жылғы 22 желтоқсанда Ай бетіне құлауы мүмкін. Оқиғаның ықтималдығы – шамамен 4%, деп хабарлайды turkystan.kz arxiv.org-ке сілтеме жасап.
Зерттеушілердің айтуынша, соққы қуаты орташа термоядролық жарылыспен теңесіп, Айда бір шақырымға жуық кратер пайда болады. Сонымен қатар, магнитудасы 5 баллға жететін ай сілкінісі тіркелуі мүмкін.
Соқтығыс салдарынан Айдан ұшқан сынықтар Жер атмосферасына жетіп, 2032 жылдың соңында аса күшті метеор ағынын тудыруы ықтимал. Мамандар бір сағатта ондаған миллион жарық құбылысын, оның ішінде жүздеген жарқын болидті байқауға болады деп болжайды. Негізгі метеор белдеуі Оңтүстік Америка, Солтүстік Африка және Араб түбегі үстінен өтуі мүмкін.
Алайда бұл құбылыс орбитадағы спутниктерге қауіп төндіріп, байланыс пен навигация жүйелерінің жұмысына әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты ғарыш агенттіктері астероидтың траекториясын өзгерту мүмкіндігін талқылап жатыр. Қазіргі таңда түпкілікті шешім қабылданған жоқ.