Семейде колония аумағына есірткі лақтырмақ болған азамат сотталып кетті

Бүгін, 14:19 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Семейде колония аумағына есірткі лақтырмақ болған азамат 6 жылға сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, 28 жастағы Семей қаласының тұрғыны ұялы телефон арқылы бейтаныс адаммен келіссөздер жүргізген. Бейтаныс адам есірткіні колония аумағына лақтырып беруді сұрап, ақшалай сыйақы беретінін айтқан. Аталған азамат ақша үшін ұсынысына келісім берген.

Алайда, лақтыру әрекеті кезінде оны тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу мақсатында сыртқы периметрді патрульдеуді жүзеге асырған мекеме қызметкерлері оқиға орнында ұстады. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қазір сотталған азамат сот тағайындаған жазасын өтеп жатыр.

— Мен жеңіл ақша берем деген уәдеге алданып, үлкен қателік жібердім. Енді мен өз өмірімді құртқанымды түсінемін. Мен жастарға айтарым, бұл сипаттағы қылмыстармен айналыспаңыздар. Сіз бәрібір ұсталасыз, нәтижесінде сіз бір кездері тыйым салынған заттарды лақтырмақшы болған жерге түсесіз, — деп бөлісті сотталған.

— Кез келген тыйым салынған затты лақтыру әрекеті мекеменің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Қызметкерлердің кәсібилігі мен қырағылығының арқасында мұндай қылмыстар уақтылы анықталып, тоқтатылады. Периметрді қорғау бойынша жұмыс тәулік бойы жүргізіледі, есірткі құралдары мен басқа да тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.