Ақтауда 67 жастағы тұрғын 5 шақырым қашықтықты жарты сағатта жүгіріп өтті

Бүгін, 10:33 / Інжу Әлихан
Қоғамдық коммуникация орталығы

Ақтау қаласында өткен Winter Run қысқы жүгірісіне 67 жастағы ақтаулық тұрғын Оралбек Асылбекұлы қатысып, бес шақырым қашықтықты жарты сағатта жүгіріп өтті, деп хабарлайды turkystan.kz

Аталған жарыста Оралбек Асылбекұлы бес шақырымды жастармен бірдей уақытта - 30 минутта бағындырды. Айта кетейік, жарыс ережесіне сәйкес, жастарға осы қашықтықты еңсеру үшін 30 минут, ал егде жастағы қатысушыларға бір сағат уақыт берілген.

- Мені бұл марафонға 90 күндік спорттық бағдарламаға бірге қатысқан жас спортшы жігіттер шақырды. Мен бұған дейін марафонға қатысып көрмеген едім, бірақ қатысып көру ойымда болатын. Сайыста бес шақырым қашықтықта жүгіріп шығып, жарты сағатта мәре сызығын кесіп өттім. Негізінен берілген уақыт жастарға жарты сағат, егде жастағы кісілерге бір сағат болатын. Мен жастардың арты, қатарымның алды болып келдім. Аталған марафонға белсенді дайындалдым. Марафон басталатын уақытқа дейін үйімнің төртінші қабатынан жетінші қабатына дейін жүгіріп көтеріліп, түсіп жүрдім. Осылай дайындығым күніне жалғаса берді. Нәтижесінде, бес шақырымды жастармен бірдей уақытта аяқтадым. Бұл - өзім үшін үлкен жетістік. Менің өмірлік ұстанымым – адам жасына қарамай өзін дамытып, денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Өзімді дамытудан шаршамаймын, себебі алға жылжу, бір үлкен нәрсені бастау жасқа байланысты емес. Қай жаста болсаң да, адам өзіне жауапкершілік алып, үлгі бола алады. Сондықтан негізгі бағыт та, басты мақсат та – мотивация беру, іс арқылы көрсету. Бұл – ең маңыздысы, - деді Оралбек Асылбекұлы Қоғамдық коммуникация орталығына берген сұхбатында.