Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай Парламент Сенатының жанындағы «Талдау мектебінің» тыңдаушыларымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына сәйкес гибридті модель негізінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, мемлекеттік қызметті цифрландыру, HR-процестерді жетілдіру, жасанды интеллект тақырыптарын қамтыды.
Іс-шара барысында Агенттіктің мемлекеттік басқаруға заманауи технологияларды енгізу бағытындағы негізгі бастамалары таныстырылды. Әсіресе «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі негізінде әзірленген мемлекеттік қызметке іріктеудің толық автоматтандырылған жаңа моделіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қатысушыларға кадрлық әлеуетті басқаруға арналған интерактивті аналитикалық материалдар көрсетіліп, стратегиялық басқарушылық шешімдер қабылдауда деректерді талдаудың маңызы атап өтілді. Мемлекеттік басқару саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған «AI зертханасының» таныстырылымы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, Smart HR интеллектуалды кадр іріктеу платформасының мүмкіндіктері ұсынылды.
Бұдан бөлек, Дархан Жазықбай «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат» қағидаттарының орнығуы Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы негізгі ұстаным екенін айтып, қатысуышыларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Кездесу соңында «Талдау мектебі» тыңдаушылары мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллектіні практикалық тұрғыда қолдану бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.