Чилиде курьер жалақысын 330 есе артық алып, жұмыстан шығып кеткен, сот ақшаны қайтармауға рұқсат берді, деп хабарлайды turkystan.kz mirror.co.uk-ге сілтеме жасап.
Чилиде бір қызметкерге компаниясы қателікпен жалақысын 330 есе артық аударып жіберген. Ер адам күтпеген бұл соманы қайтармай, жұмыстан кетіп қалғанымен, сот оны заң бұзды деп танымады.
Оқиға 2022 жылғы мамырда болған. Жеткізу бөлімінде жұмыс істеген қызметкер әдетте 500 мың песо (шамамен 522 еуро) алуға тиіс еді. Алайда оның шотына бір күнде 165 млн песодан астам, яғни шамамен 180 мың доллар аударылған. Алғашында ол компанияға қателік туралы хабарлап, ақшаны қайтаруға уәде берген. Бірақ үш күн бойы байланысқа шықпай, жұмысқа да келмеген.
72 сағат өткен соң ол адвокаты арқылы ресми түрде жұмыстан шығу туралы өтініш жолдаған. Осылайша қызметкер де, қомақты сома да «жоғалып» кеткен.
Компания мұны ұрлық деп бағалап, қылмыстық іс қозғаған. Алайда сот процесі үш жылға созылып, қызметкердің қорғаушылары басқа уәж келтірді: ақша аударымы толықтай компанияның қателігі, ал қызметкер төлем жүйесіне араласпаған, ешқандай алаяқтық не қасақана әрекет болмаған.
2025 жылғы қыркүйекте Сантьяго соты қызметкердің пайдасына шешім шығарды. Судьялар бұл жағдайды «ұрлық» емес, «рұқсатсыз иемдену» деп таныды. Ал Чили заңнамасында мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Сот шешімінде қызметкердің ақшаны әдейі иемденгенін дәлелдейтін нақты ниет жоқ, ал қателікке тек компанияның өзі жауапты екені айтылған.
Егер іс ұрлық ретінде қаралса, ол 540 күнге дейін бас бостандығынан айырылып, ақшаны толық қайтаруы мүмкін еді. Алайда соттың шешімімен қызметкер күтпеген «жалақыны» өзінде қалдырды.